• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2011

Қыс қыр астында

707 рет
көрсетілді

Ал оған әзірліктің жайы қалай? Иә, таң атпаймын десе де, күн қоймайды демекші, жаз да өтіп барады. Ал одан арғыда қо­ңыр күзге де бір-ақ айдай уақыт қалыпты. Қыс қыр астында деп жатқанымыз да сондықтан. Ендеше қолдан сусып шығып бара жатқан алтындай уақытты тиімді пайдаланып жатырмыз ба? Айғайлай-айғайлай қасқыр­дан да ұят болды демекші, Се­мейдің қысқа дайындығы тура­лы сөз қозғауға кейде өзің де ұя­ласың. Өйткені, бұл әбден жауыр болған тақырып. Бірақ солай екен деп үнсіз қалудың және реті жоқ. Оның үстіне істің байы­бы­на бармай, тырнақ астынан кір іздейтіндер қай кезде болсын та­былады. Ортақ іске қолқабыс ти­гізудің орнына керісінше бөгет жасап бағатындар да солар. Сондай керауыздық салдарынан Семей биылғы қысқа тағы да дай­ын емес деген біржақты пікірдің интернетке дейін шығып кеткенін естіп-біліп отырмыз. Шын­ды­ғында мәселенің мәнісі қалай, енді соған тоқталсақ дейміз. Осы орайда, қаланың жаңа басшысы Айбек Кәрімовтің жа­ңа қызметке тағайындалған беттен бірінші кезекте жылу мәсе­ле­сіне бел шешіп, кірісіп кеткенін айтпасқа болмайды. Бұл өз­ек­ті мәселе қазірде де әкімнің на­зарынан тыс, көңілінен таса қа­лып отырған жоқ. Соның айға­ғындай, ол осыған дейін осы мә­селе жөнінде қаланың сегіз жерінде жиын өткізген-ді. Сол жи­ындарда заңды және жекелеген тұлғалардың жылуға берешегі, тұр­ғын үйлердің қысқа дайын­ды­ғы жан-жақты сөз болды. Мұ­ның сыртында бұл мәселелер жергілікті басылымдар мен теледидардан тұрақты түрде қозға­лып келеді. Соның бәрі қосыла келгенде іс нәтижесі жаман емес. Ай­та­лық, жылуға қарыз өткен жыл­дың осы мерзімімен салыстыр­ған­да екі есеге кеміген. Солай дей тұрғанмен, әлі де өтелмей жатқан қарыз мөлшері 600 миллион теңгенің үстінде. Қайсыбір кәсіпорындардың бұл тұрғыдағы қарызы миллион теңгеден асып отырғаны, әрине қынжыларлық жәйт. Сол себептен де жергілікті билік амалсыздан қатаң шара­лар­ға баруда. Яғни, мұндай кә­сіп­орындар жылу жүйесінен ағы­тылып тасталды. Сондай-ақ, жеке тұлғаларға да қатаң шаралар қарастырылуда. Мәселен, ал­дағы жылу маусымында су, жа­рық, жылу үшін ортақ квитанция енгізілуі мүмкін. Сонда сіз жылуға қарыз болсаңыз жарықтан қа­ғы­ласыз. Бұл, әрине қатал шара. Бі­рақ, «аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, сондай қатаң талап та керек пе дейміз. Ал енді тұрғын үйлердің қыс­қа дайындығына келсек, бұл мә­се­леде де қозғалыс жоқ емес, бар. Солай дей тұрғанмен, тұр­ғын үй кооперативтері басшыла­ры­ның басым бөлігі әлі де күн тәртібіндегі өзекті мәселеге са­мар­қаулық танытуда. Қаладағы барлық тұрғын үйлердің әзірге тең жарымынан астамының алда­ғы қысқа дайын болмай отыр­ғаны соған айқын дәлел. Жә, енді қысқа дайындық ба­рысындағы негізгі түйінді мәсе­леге келейік. Мұндағы дабыл қа­ғарлықтай жәйт туралы осыдан алты-жеті жыл бұрын сөз қозғала бастаған болатын. Шындығында сонау отызыншы жылдардан бері ауыстырылмай әбден тозығы жет­кен жылу құбырлары мен саны көп те сапасы жоқ қаптаған қа­зан­дықтар мұнда апатты жағдай­дың кез келген уақытта орын алатындығына күмән қалдыр­ма­ған. Абырой болғанда, осы бір өзек­ті мәселеге 2005 жылы облы­мызға келген сапарында Елбасы­мыз көңіл бөліп, республика Үкі­метіне нақтылы тапсырма бер­ген-ді. Содан беріде Семейге өт­кен жылдың соңына дейін тек жылу мәселесін шешу үшін рес­публикалық бюджеттен 16 миллиард теңгеге жуық қаржы бө­лінді. Осы екі аралықта тиімсіз деп табылған 14 қазандық жабы­лып, жаңадан екі қазандық қа­тарға қосылды, жалпы ұзындығы 45 шақырым болатын жылу құ­бырлары алмастырылды. Ал биылғы жылы қаланың сол жағалауын жылумен қамта­масыз ететін бірінші энерге­ти­ка­лық жылу орталығындағы кешен­ді құрылысқа республика, об­лыс және қала бюджетінен 8 миллиардтан астам қаржы бөлініп отыр. Оның басым бөлігі орта­лық­тан келіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, әлгі кешенді құрылыс алаңына қажетті материалдар да жеткілікті. Мұнда 600-ге жуық адам үш маусымда бел шешпей еңбек етуде. Олар мұнда жаңадан салынып жатқан сағаттық қуаты 200 гкал. екі су жылытқыш қазандығының, су қой­масының, көмір түсіріп, оны ұнтақтайтын, сол көмір қалды­ғын сақтайтын қойма құры­лыс­та­рымен және басқа да маңызды жұмыстармен шұғылдануда. Бұ­рын орталық суды қалалық «Водаканал» мекемесінен алып келген болса, енді су тікелей Ертіс өзенінен тартылуда. Соған орай суға қажеттілікті қамтамасыз ету үш есеге артқан. Сондай-ақ, қа­зіргі заманның жаңа қондыр­ғы­ларын орнату нәтижесінде түтін­нен келетін зиян мөлшерін 99,60 пайызға кемітуге қол жеткізілмек. Осы аталған жылу орталы­ғы­на қарасты жетінші қазандық бастапқыда тек күрделі жөн­деу­ден өткізіледі деп есептелсе, әб­ден тозығы жеткендіктен енді оны қайта салу қажеттілігі туын­дап отырған көрінеді. Бұл іс те жыл аяғына дейін өз шешімін тап­пақ. Қалған жұмыстардың бә­рі өз мерзімінде аяқтала­тындық­тан бұдан қала тұрғындары зардап шекпейді деседі мұндағылар. Жоғарыда айтқандай, Семейдегі жылу мәселесі жергілікті би­ліктің назарынан тыс қалып от­ыр­ған жоқ. Айталық, жуырда мұнда облыстық энергетика және комм­у­­­­налдық шаруашылық басқарма­сы­ның бастығы Айтқазы Шерубаев, Семей қаласы әкімінің ор­ынба­са­ры Дмитрий Гариков және «Теп­ло­коммунэнерго» мемлекеттік ком­­­муналдық кәсіпорнының техника­лық директоры Қуат Мыр­зас­па­ев­тың қатысуымен бұ­қаралық ақпа­рат құралдары өкіл­дерімен баспа­сөз мәслихаты өт­кізілді. Онда да талай мәселелер ортаға салынды. Қаланың орта­лық бөлігіндегі қа­зан­дықтар ал­дағы жылу маусы­мы­на қазірден дайын екендігі ай­тылмай қалма­ды. Жалпы, Семейдегі жылу мә­селесі 2013 жылға дей­ін түпкі­лік­ті өз шешімін та­ба­ды деді об­лыстық басқарма бас­ты­ғы. Сон­дықтан домбырам не дей­ді, мен не деймін деген бос сөз­ден аулақ болайық, ағайын. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.