• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2011

Асқар МАМИН, «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Дамудың дәйекті динамикасы

583 рет
көрсетілді

Экономика мен қоғамды дамыту үшін негізінен материалдық және интеллектуалдық құндылықтарға бағытталған стратегиялық мақ­сат­тарды айқындап алу керек. Осыған сай бағыт-бағдар Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасын Стратегиялық дамытудың 2020 жылдарға дейінгі Бағдарламасында нақты көрінісін тапқан. Мемлекет басшысының стратегиясын жүзеге асырудың механизмдері мен ресурстары Үкіметтің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында (ҮИИДМБ) белгіленді. ҮИИДМБ-ның жаңғырту жобаларындағы  идеологиясын табысты жүзеге асыру – көбіне орта және шағын бизнестің өрістеуіне ықпал ететін, өзіне бастамашылық пен «мұзжарғыш» рөлін ала алатын, лайық­ты басқару билігін қамтамасыз ететін, корпоративтік мәдениеті мен адами қоры жеткілікті  корпоративтік сектор мен оның жетекшілеріне байланысты. Жасыратыны жоқ, ашық теңізге шығу мүмкіндігі болмай отырған, осыншалықты ауқымды аумақты иеленген еліміз үшін темір жол көлігін дамыту мен оның жағдайы өте маңызды болып саналады. Жүк айналымы, ішкі және халықаралық бағдарларда жүк тасымалдаудағы сенімділігі мен құрылымы жөнінен оған тең келетін бәсекелес жоқ. Егер де халықаралық өлшем негізінде алатын болсақ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы әлемнің ірі темір жол компанияларының ондығына кіреді.     Қазақстанның темір жол желісі Еуропа, Қытай, және Оңтүстік Азия­ның ірі нарықтарын жалғайтын Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс халықаралық көлік дәліздерінің бойына орналас­қан­дықтан  транзиттік әлеуеті өте зор. Соңғы жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ жұмысындағы  өндірістік-қаржы­лық көрсеткіштерінің тұрақты даму деңгейі мен негізгі жоба­ларды жүзеге асыруы компанияның болашаққа  сеніммен қарауына мүмкіндік әпереді.   Компания 2010 жылды барлық өндірістік және қаржылық көрсеткіштері бойынша 2009 жылмен салыстырғанда едәуір табыспен аяқтады. Жүк айналымы 213 млрд. т-шақырымға жеткізілді. Яғни 268 млн. тонна жүк тасымалданды. Ол 2009 жылмен салыстырғанда 8% жоғары, жоспарға қарағанда 2,4 және 1% -ға жоғары көрсеткіш. Жолаушылар айналымы 13,9 млрд. жолаушы-шм, яғни 2009 жылмен салыстырғанда 8,4% жоғары (ал жоспардағыдан 13,2% жоғары). Компания кірісі 598 млрд. теңгені құрады. Ол 2009 жылмен салыстырғанда 20% жоғары. Компания табысы 65 млрд. теңгеге жетті. Ол 2009 жылмен салыстырғанда үш есеге жоғары, жоспардан 43% артық. Біз 2011 жылы жүк айналымын 214 млрд. т-шм, жолаушылар айналымын 14 млрд. жолаушы-шм орындап, сол арқылы таза пайданы 85 млрд. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Инвестициялық бағдарлама 2010 жылы қорға қаржы құюдың жалпы көлемі 205.8  млрд. теңгеге жеткізілді. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары. Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру аясында 2010 жылы 135 локомотив ( 2009 жылмен салыстырғанда 22% жоғары), 2 423 жүк вагондары (2009 жылмен салыстырғанда 24% жоғары) 205 жолаушылар вагоны мен электропойыздары (2009 жылмен салыс­тырғанда үш есеге жоғары) алынып және күрделі жөндеуден өткізілсе, 600 шақырым жол  (2009 жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары) күрделі жөндеуден өткізілді. Ақпараттандыру мен телекоммуникация жобаларын дамытуға 19 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 9,3 млрд. теңге, жол техникалары мен құрал-жабдықтарын алуға 3,6 млрд. теңге жұмсалды. 2011 жылы 461 млрд. теңгенің инвестициялық жоспарын орындау міндеті тұр. Оның ішінде 195 локомотивті, 11942 жүк және 141 жолаушылар вагондарын  күрделі жөндеуден өткізу және сатып алу, 635 шақырым жолдың үстіңгі қабатын күрделі жөндеуден өткізу көзделуде.   Қаржылық тұрақтылық Компания жұмыс нәтижесін көтерудің  теңгермелі қаржылық саясатын жүзеге асырып келеді.  Компанияның  қаржылық тұрақтылығы көрсеткіші туралы несиелік рейтингін «S&P» агенттігі көтерсе, оны «Fitch ratings» агенттігінің тәуелсіз сараптауы дәйектеді. Өткен жылы компания 700 млн. АҚШ доллары көлеміндегі он жыл мерзімге арналған  6,375% жылдық сыйақылық   мөлшердегі еурооблигациясын табысты орналастырды. Осы арқылы біздің компаниямыздың облигациясына инвесторлардың сұранысы 8,2 млрд. АҚШ долларын құрап, ұсыныс 12 есеге артты. Қазақстандық облигация эмитентіне мұндай сұраныс тұңғыш рет байқалып отыр. Халықаралық қаржылық институттардың сарапатауынша, 2010 жылғы Қазақстан Республикасы корпоративтік секторындағы үздік шығарылым болып отыр. Еуропалық Қайта Құру және Даму банкімен стратегиялық қатынас аясында АҚШ-тың 355 млн. доллары көлемінде заемы алынды. Ол қаржының 250 млн. доллары жүк вагоны паркін жаңғыртуға, 105 млн. доллары оптикалық талшықты байланыс жүйесі құрылысына жұмсалады. «Мемлекеттік барлық холдингтерінің басты міндеті - оларға кіретін ұлттық компаниялар мен басқа да ұйымдардың қызметін тәр­тіпке келтірудің есептілігі мен ашықтығын халықаралық корпоративтік басқару тәжірибесін енгізу арқылы қамтамасыз етуі қажет».

                    Н.Назарбаев.

Корпоративтік басқару Ұлттық компанияны басқару жүйесінің сапасын көтеру жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. 2010 жылы «KPMG» өткізген диагностикалық сараптау нәтижесі бойынша компанияға 59 % корпоративтік басқару рейтингі берілді. Бұл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры еншілес компаниялары арасындағы үздік көрсеткіш болып табылады. Үстіміздегі жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да тұтынушылардың, акционерлердің, мемлекет пен қоғамның  мүддесіндегі нормалар мен ұстанымына орай, компанияның қарым-қатынасы мен басқару тәртібін белгілейтін  базалық құндылықтарға негізделген Корпоративтік идеология мен бизнес философиясы түзіліп, бекітілді. Компания халықаралық ISO-9001 (сапа менеджменті), ISO-14001 (экологиялық  менеджмент) және OHSAS 18001 (еңбекті қорғау және өмір қауіпсіздігі )стандарттары негізінде Менеджменттің Ықпалдасқан Жүйесі бағдарламасын жүзеге асыра бастады. 2010 жылы Менеджменттің Ықпалдасқан Жүйесі бағдарламасының бірінші кезеңі магистральдық желі, тасымалдау үдерісіне және корпоративтік орталық деңгейіне енгізілді. ҚТЖ тұңғыш рет қызмет көрсетуді басқарудың негізгі үдерісі мен компанияның бірыңғай үдеріс моделі үлгілері жүйеленіп, құжатталды. 2014 жылға дейін компанияның барлық аймақтардағы кәсіпорындары Менед­жменттің Ықпалдасқан Жүйесі бағдарламасымен қамтылатын болады. «Темір жол саласы қауіпсіздіктің халықаралық талабына сай болуы тиіс»

         Н.Назарбаев.

Қозғалыс қауіпсіздігін жақсарту Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету компанияның маңызды міндеті болып табылады. Технологиялық тәртіпті жақсарту басқару жүйесін жетілдіру, инфрақұрылым мен жылжымалы құрамды жаңғыртуға инвестиция тарту, қауіпсіздік шараларына арналған мақсатты инвестиция тарту арқылы 2007-2010 жылдары ақаулықтардың жалпы саны 3,7 есеге, ал ерекше ақаулықтардың саны 2,1 есеге азайды. 2011 жылдың алғашқы жартысындағы қозғалыс қауіпсіздігіне жұмсалған қаржы 49 млрд. теңгені құрады. Осы аралықта қозғалыс қауіпсіздігін бұзу оқиғалары 20%, ақаулықтар   23%, ерекше ақаулықтар елу пайызға азайды. Бәсекелестікті күшейту Компания  транзиттік және контейнерлік тасымалдаудың нарықтық жүйесінде темір жол көлігіне тұтынушыларды тарту мен сұраныс иелерін қызықтыру үшін барлық күшін жұмсауда. 2010 жылы транзиттік тасымал көлемі 14 млн. тоннаға жетті. Өткен жылы контейнерлік тасымал 20% ( 2009 жылы 261 473 конт.  2010 жылы 315 523 конт.) өссе, өткізілген контейнерлік (2010 жылы 1 126 контейнерлік пойыз, 2009 жылы 687 пойыз) пойыздар саны 64% артты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ контейнерлік тасымалдаудағы жетекші ойыншылармен стратегиялық әріптестік қарым-қатынас орнату үшін «Кедентранссервис» АҚ базасында  ТМД және Балтық жағалауы елдерімен «Трансконтейнер» ААҚ бірлескен кәсіпорнын құрды. Сондай-ақ, транзиттік бағдарлардағы жүктердің қозғалыс мерзімін азайту, ТМД және ЕуроОдақ елдері арасындағы мемлекетаралық шекаралардағы қатынасты жеделдету мақсатында бірыңғай көліктік жүкпарақ ЦИМ/СМГС енгізу жөнінде қыруар жұмыстар атқарылды. Жүк тасымалдаудағы кедергілерді азайту мақсатында «Батыс Даму» және «Достық-Алашаңқай» шекаралық бекеттерін дамыту бағдарламалары жалғасын тапты. Ұзақ мерзімді стратегиялық өсу Мемлекет басшысы бекіткен Қазақстан Республикасын Стратегиялық дамытудың 2020 жылдарға дейінгі  жоспарына сәйкес  және Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың Мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасындағы көлік инфрақұрылымын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған Бағдарламасы қабылданды. Сонымен бірге компания мен саланы дамытудың ұзақ мерзімдік кешенді тұжырымдамасына негізделген «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ты дамытудың 2020 жылдарға дейінгі Стратегиялық бағдарламасы бекітілді. Біз таяу болашақта бизнес жүргізудегі әлемдік тәжірибеге негізделген   Қазақстанның жоғары сапалы көліктік- логистикалық корпорациясын құратын боламыз. Компания стратегиялық даму бағдарламасы аясында 1520 мм жолтабанды темір жол көлігіне қызмет етуде жетекшілікке ие болуға талпынуда. Ол үшін өндірістік үдерістерді басқару, инфрақұрылымды аса жоғары талаптарға сәйкестендіру, еңбеккерлердің жоғары кәсіби шеберлігін дамыту көзделеді. Активті жаңғырту мен әлеуетті дамыту Қазақстан темір жолының қауіпсіздік көрсеткішін, сапаны, экономикалық көрсеткішті, басқару жүйесіндегі ашықтықты қамтамасыз етуі, тұтынушылар мен әріптестермен қатынасты жақсартуы, акционерлермен және үйлестіруші органдармен  жұмысты  табысты жүргізуі – өз кезегінде компанияның халықаралық және ұлттық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруында ішкі және сыртқы ресурстарын жұмылдыруға қызмет етеді. Барлық қабылданған құжаттарға қарағанда, 2020 жылдары саланың өндірістік активі жаңғыртылып, шамамен 30 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыны құрайтын болады. Биылғы жылдың өзінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында маңызды темір жол инфрақұрылымы мен жобалар жүзеге асырылады. Өзен–Болашақ (Түркіменстанмен мемлекеттік шекара) темір жол желісі арқылы Өзен –Қызылқия – Берекет – Этрек–Горган арқылы Парсы шығанағы елдеріне шығамыз. Жетіген – Қорғас Қазақстан мен Қытай темір жол желілерін шекаралық бекеттер арқылы жалғастыратын   екінші жоба болып табылады. Біз жылжымалы құрамды және темір жол көлігінің инфрақұрылымын, техникалық жабдықтарын жаңғыртудың кешенді жобаларын жүзеге асыруды бастадық. Жаңа жобалар аясында жүк вагондарын және тепловоз шығаратын зауыттар іске қосылды. Келесі кезекте жолаушылар вагондарын, электровоздарды және инфра­құрылымға қажетті жабдықтарды шығаратын өндіріс орындарын іске қосу  тұр. 2013 жылы толық қуатында жұмыс істеген кезінде бұл зауыттардан жылына 5500 жүк вагондары мен 250 локомотив шығарылатын болады. «Біз 2016 жылы Қазақстанның сауда, логистикалық, іскерлік хабқа айналуына күш саламыз».

                        Н.Назарбаев.

Стратегиялық тұрақтану мен жаңғырту Бүгінде компания өз дамуының маңызды кезеңінде тұр. Компанияның іскерлік қарым қатынасындағы беделінің арта түсуіне  нарықтық жүйе, көліктік-логистикалық қызметтегі халықаралық және ішкі бәсекелестік факторлары оң әсер етуде. Осыған байланысты, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ өзінің жетекшілік позициясын сақтап қалу үшін – институционалдық жаңғырту, мемлекеттік үйлестіруді ырықсыздандыру, өнді­рістік-экономикалық жұмыс сапасын көтеру, өндірістік активтерді молайту, басқаруды жетілдіру секілді кешенді шараларды жүзеге асыруда. Мемлекеттің экономиканы аудандастырудағы стратегиясында қарастырылып жатқан  жеткізу жүлгесіндегі қиындықтар Кеден одағы аясында бәсекелестіктің артуы, қазақстандық өнімдердің ғаламдық нарыққа қиындықсыз өтуі үшін экономикаға көліктік-логистикалық қызмет көрсетудің жаңа сапалық деңгейіне көтерілу қажет болады. Бұл жолда біз әлемнің жетекші темір жол компанияларының тәжірибесіне сүйенеміз. XX ғасырдың 80-90-жылдары өркениетті елдердің көпшілігінде темір жол көлігін реформалау басталды. Реформалаудың негізі мемлекеттік компанияларды коммер­цияландыру мен нарықтық бәсекеселестікті мемлекеттік реттеуді алмастыру болды. Жаңа жағдайда көптеген ірі темір жол компаниялары сапалы түрде серпінді даму сатысына өтті. Мәселен,  Германии Deutsche Bahn AG ұлттық темір жол компаниясы он жыл ре­фор­масы кезінде қарызға батқан кәсіпорыннан аса ірі ғаламдық көліктік-логистикалық компанияға айнала білді. Ондағы еңбек өнімділігі 237 %  өсті. 1999 жылы жалпы шығыны 2 млрд. еуро болатын. 2005 жылы пайдасы 4,4 млрд. еуроға жетті. Бүгінде Deutsche Bahn AG темір жол тасымалы жөнінен Еуропадағы нөмірі бірінші орынға шықты. Автокөлік тасымалы жөнінен Еуропада бірінші, әуе арқылы жүк тасымалдаудан әлемде екінші, теңіз арқылы жүк тасымалдаудан әлемде үшінші, тұтынушыларға қызмет көрсететін логистикалық қоймалық қызметі тұрғысынан әлемде бесінші орынға ие.  Компанияның темір жол қызметіндегі үлесі жалпы көлемінің 43 пайызын құрайды. Германияның аумағынан тыс жердегі көліктік қызметі жалпы көлемінің 32 пайызына жеткен. Қазіргі таңда теңіз бағдарындағы, құрлықаралық көлік дәліздері өз дәрежесінде пайдаланылмай жатқандығын байқаған әлемдік көлік компаниялары мен мемлекеттер өздерінің корпоративтік стратегиялық жүйелерін жасақтауда. Мемлекет басшысы Қазақстанды сауда, логистикалық және іскерлік хаб ету жөнінде тапсырма қойып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның көліктік-логистикалық жүйесінде халықаралық нарықтағы жоғары бәсекелестік деңгейіне көтерілуіне ықпал етеді. Осыған байланысты темір жол көлігі инфрақұрылымын  дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық Бағдарламасын толыққанды жүзеге асыру аса өміршең маңызды мәселе болып табылады. Темір жол көлігіндегі институционалдық жаңғыртуды жүзеге асыру, темір жол көлігіндегі тасымалдау үдерісін ырықсызданыру, әлеуметтік маңызды қызмет түрлерін жүз пайыздық мемлекеттік қайтарымсыз қаржыландыру, инфрақұрылымды дамытуды мемлекеттік инвестициялауды атқару арқылы Бағдарлама дегеніне жетеді. Саланың мақсатты моделін есептей келіп, көлік нарығындағы ғаламдық трансұлттық белгілерді сараптау, көлікті және экспедиторлық-дистрибьютерлік бизнестің бірігуіне орай, тасымалдаудың интермодальдық түрінің дамуына таразылап жаңа өріске шығудың жолдарын жүйеледі. Компанияның басты стратегиясының негізі бизнестің жаңа сегментін дамыту мен қызмет көрсетудің ауқымын кеңейту, тұтынушыларға барынша қолайлы ықпалдасқан интермодальдық көліктік-логистикалық сервистік қызмет түрлерін жасақтау болып табылады. Сондықтан да біздің Стратегиямыз мынаны қарастырады: - жеке ұлттық және халықаралық көліктік-логистикалық орталықтарын жасақтау мен көліктік активтердің негізін қалау; - интермодальдық көліктік қызметті ұйымдастыру; - Қазақстан Республикасында нарықтық мәдениет пен тәжірибені пайдалана отырып, көліктік және логистикалық қызмет сапасын әлемдік деңгейге көтеру. «XXI ғасырда инновация өркендеудің синонимі болып қабылданады. Кімде-кім жаңа өзгерісті тез қабылдаса, сол табысты болады».

           Н.Назарбаев.

Инновация –  тиімділікті көтеру кілті Компанияның стратегиялық бағдарламасы аясында жұмыс тиімділігін жақсарту тұрғысында еңбек өнімділігін көтеру, жылжымалы  құрамды жаңғырту, өндірістік активтер құрылымын оңтайландыру, өндірістік үдерісті автоматтандыру мен механи­каландыру деңгейін көтеру, ресурстық энергоүнемдеу технологияларын  қолданысқа енгізу қарастырылады. Осындай шараларды жүзеге асыру арқылы 2010 жылы еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, әр адам басына шаққанда 4 млн. 82 мың теңгені құрады. Әр теміржолшыға шаққанда  2 229 мың т-шақырымнан келеді. Көрсе­тілген өнімнің өзіндік құны 6% құрап, инфляция (7,8%) мөлшерінен төмен болды. Кірісті ұлғайтып, шығынды оңтайландырудың нәтижесінде компания 15 млрд. теңге экономикалық тиімділікке қол жеткізді. Оның ішінде кірісті ұлғайту арқылы 4 млрд. теңге, шығынды оңтайландыру арқылы 11 млрд. теңгені құрады. Компаниядағы еңбек өнімділігін жақсарту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру арқылы компания тобындағы кәсіпорындарда 2020 жылы экономикалық тиімділік 379 млрд. теңгеге жеткізілетін түрі бар. 2015 жылы еңбек өнімділігі 2010 жылмен салыстырғанда екі есеге, 2020 жылы үш есеге дейін артады. Осылайша, өндірістік активтерді  жаңғырту мен жаңалауға  қаржы көзі табылады. Бұл мақсатқа жету үшін тасымалдау үдерісіне, тұтынушыларға сервистік қызмет көрсету, инфрақұрылымдар мен жылжымалы құрамдардың қызметін инновациялық жаңғырту  қажет. Бізде  тасымалдау үдерісін жоспарлаудың «MULTIRAIL» автоматтандырылған жүйесі өндіріске енгізілуде. Бұл әдіс Канада, АҚШ, Германия, Швецияның жетекші темір жол компанияларында  жүк тасымалын «тонналықпен» емес «рейстік» өлшеммен бағалауға мүмкіндік әпереді. Бұл жоба өткен жылы Арыс - Қандыағаш темір жол телімінде қанатқақты жоба ретінде өндіріске енгізілген-ді. Бұл жоба арқылы вагон ағыны телімде топқа жасақ­талады. Белгіленген кесте бойынша тұрақты желімен бұрынғыдан әлдеқайда сапалық мүм­кіндігі жоғары  технологиялық өнім қызмет көрсетеді. Ол арқылы сұрыптау жұмысы қысқартылады, вагондардың кептеліп қалуы болмайды және локомотив паркін пайдалану мерзімі қысқару арқылы экономикалық тиімділікке қол жеткізіледі. Республикадағы темір жол желісін рейстік моделмен 2013 жылдың аяғына дейін толық қамту көзделуде. Жаңалық вагон өнімділігін 15%, локомотив пайдаланудың тиімділігін 20% көтереді. Үстіміздегі жылы келісім және коммерциялық жұмыстарды қағазсыз ресімдеу мен жүк жөнелтушілердің тапсырысын орындаудың автоматтандырылған жүйесін  (АСУ ДКР) өндіріске енгізу мерзімі аяқталады. Соның нәтижесінде жүк жөнелтушілердің тапсырысын өңдеу мерзімі бес күннен бір сағатқа дейін жеткізілсе, есеп айырысу үш күннен бір сағатқа дейін жеткізіліп, кедендік ресімдеу жеңілдетіледі. Инфрақұрылым нысандарының жағдайын диагностикалық қадағалау мен басқарудың инновациялық жүйесін өндіріске енгізу қанат жайды. Ол өз кезегінде: – инфрақұрылымдағы барлық нысандарды ықпалдасқан өлшем параметрлерімен есептеудің бірыңғай кешені қалыптасады; – инфрақұрылым нысандарының ақауын анықтау автоматтандырылады; – инфрақұрылым нысанын жөндеуден өткізудің нақты жағдайы анықталады; – жөндеу сапасы автоматты түрде бақыланады; – инфрақұрылымдағы еңбек өнімділігі артып, диагностикалық бақылау күшейеді; – өндірістік үдерістер оңтайландырылады. Қазіргі таңда энергоресурстарды үнемдеу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесі өндіріске енгізілуде. Ол арқылы бүкіл компанияның стационарлық нысандары мен локомотивтердің  энергоресурс жұмсау барысы тәулік бойы үзліссіз, тұрақты мониторингілік бақылауда болады. Жүйе жұмсалған жанар-жағармай, бактегі қалғаны, локомотивтердің сенімділігін күшейтіп, пайдалану шығынын азайтады. Поездардың нақты уақыттағы жүріс-тұрысын бақылаудың әлемдік стандартына көше бастау мен поезд  қозғалысының қауіпсіздігін күшейту, инфрақұрылым телім­дерінің өткізу мүмкіндігін жоғарылату мақсатында автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесі өндіріске енгізілуде. Негізінен: Поездарды және локомотивтерді автоматты басқару; – ара қашықтығын реттеу; – станциялар мен қума жолдарда бағыттауыш бұрма, белгі беру, басқа да құралдарды автоматтандыру жүзеге асырылады. Станциялардың өткізу және өңдеу мүмкіндіктерін күшейту, вагондардың өңдеу мерзімін қысқарту, поездар мен құжаттарды ресімдеу, персоналдың еңбек өнімділігін күшейту мақсатында «АСУ «Станция жұмысы» автоматтандырылған жүйесі іске қосыла бастады. Осы жүйемен: – станциядағы ауысымдық–тәуліктік жұмыстарды жоспарлау жүзеге асырылады; – интеллектуальдық бейне бақылау жүйесі орнатылады; – станцияның электрондық құжат айналымы болады; – геоақпараттық технология ықпалдасады. Жолаушылар кешеніндегі – Экспресс ақпаратты жүйесінің тозығы жетуіне байланысты ол соңғы үлгідегі инновациялық «Арғымақ» жүйесімен алмастырылады. Қазіргі таңда компания портфелінде әлемдік жетекші темір жол әкімшіліктерінің тәжірибесінен өткізілген және өзіндік «ноу-хау» ретіндегі 14 инновациялық жоба қарастырылуда. Жолаушылар тасымалын дамыту – компанияның ерекше  жауапкершілігіндегі жай Компания жолаушылар тасымалын жетілдірудің мәселесін тұрақты назарда ұстайды. 2010 жылы қызмет көрсетудің басты сапалық көрсеткішінің бірі жолаушылар поездарының белгіленген кестесінің орындалуы  47% жетілдірілді. (2009 жылы поездардың кешігу оқиғасы 5 055 болса, 2010 жылы 2681-ге азайды) Жолаушылар поездарын сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарының сервистік қызмет сапасын көтеру мақсатында жаңа корпоративтік стандарты бекітіліп, өндіріске енгізіле бастады. Осы бағдарлама аясында  «Астана – Мәскеу»,  «Алматы – Мәскеу», «Алматы – Шымкент» және «Ақтөбе – Алматы» бағдарындағы поездар жаңғыртылып,  «Астана – Павлодар», «Астана – Атырау»  бағдарларына жаңа поездар шығарылды.  «Астана – Бурабай курорты» мен «Астана – Көкшетау» бағдарындағы жылжымалы құрамдар өзгертілді. Жыл аяғына дейін тағы да екі жылжымалы құрам жаңғыртылады. 2010 жылы 1320 жолаушылар вагондары жөнделді. Олардың 122-сі күрделі қалпына келтіру, 419-ы күрделі жөндеу, 779-ы деполық жөндеуден өткізілді. Биылғы жылы 22 жаңа вагон сатып алынды. Осылайша жолаушылар вагондары паркінің тозығы жету деңгейі бәсеңдеді. Қызмет көрсету сапасын өсіру мақсатында бес вагон мүгедектерді тасымалдауға ыңғайландырылды. Ірі вокзалдарда өзіне өзі қызмет көрсетудің транзакциалық терминалдары орнатылып, электрондық кезек жүйесі орнатылды. 2010 жылы поезд билеттерін Интернет арқылы сату көлемі үш есеге өсті. Электрондық жүйемен 2010 жылы 26 137 билет сатылса, 2009 жылы 8 598 билет сатылды. «Тұлпар» поезында жолаушылардың Интенет жүйесін пайдалануына мүмкіндік жасалды. Жолаушылар тасымалдаудың сапасы түбегейлі өзгертіледі. Компанияның стратегиялық бағдарламасында жолаушылар тасымалдауды жеделдету, тоғыз жолдың тораптарында –хабтарда логистикалық жаңа моделдер енгізіп, жақын және алыс қашықтықтарға интермодальдық тасымалдау қарастырылған. 2010 жылы жолаушылар поездарының жылдамдығы 296 шақырымда күшейтіліп, барлығы 1623 шақырым жолда поездар жоғары жылдамдықпен жүре алатын болды. Болашақта 7800 шақырымда жоғары жылдамдықты поезд қозғалысы енгізіліп, облыс орталықтарында жүру уақыты екі есеге қысқарады. Осыған байланысты испандық «Тальго» компаниясымен бірлесіп, жылына 150 вагон шығара алатын бірлескен зауыт құрылысы басталды. Жобаны Үкіметтің жолаушылар вагондарын сатып алу жөніндегі ұзақ мерзімдік жеңілдікті заемы арқылы қолдауымен жүзеге асырылуда. Дегенмен, поезд қозғалысын жылдамдату жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру  станциялардың техникалық инфрақұрылымын техникалық жаңғырту оны бақылау, өткізу мүмкіндігін көтеру,  поезд қозғалысын басқару, жүк тасымалдауға арналған екінші жолдарды салу секілді қосымша қыруар істер көзделеді. Осы жобаны жүзеге асыруға қосымша 500 млрд. теңге қарастырылуы тиіс. Бағдарламаның әлеуметтік мән-маңызының жоғарылығы мен Қазақстан экономикасына барынша тиімділігіне орай компания мемлекет тарапынан көмек күтеді. Біз 2010-2011 жылдары бұрын жеке иеліктер мен жергілікті атқару органдарының құзырында болған  230 темір жол вокзалын пайдалануға қабылдап алдық.  Өкінішке орай, олардың бірқатары апатты жағдайда тұр. Қысқа мерзімде Компанияның желілік бөлімшелері арқылы ағымдағы жөндеуден өткізіліп, қысқы маусымға  дайындалды. Қазіргі таңда Компанияның пайдаланып отырған вокзалдары 303-ке жетті. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен сервистік қызмет көрсету деңгейін жақсартудың 2011- 2012 жылдарға арналған жоспарына орай, шағын станцияларда жүз вокзал салынып, 154 вокзалда күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. «Индустриалдық даму  – жаңа онжылдықтағы біздің елімізді  дамытудың тың  мүмкіндігі».

                        Н.Назарбаев.

Біздің үдемелі индустрияға қосар үлесіміз 2010 жыл темір жол көлігінің жаңа технологиялық серпінді даму кезеңі болды. Біз Дженерал Электрик, Тальго, Сименс, Альстом секілді  әлемдік өндіріс алпауыттарымен темір жол машинасын жасаудың кешенді жобаларын бастап кеттік. Айта кету керек, әрбір жобада өндіріске қажетті бөлшектер мен құрал-жабдықтарды жеткізуде отандық өнім өндірушілердің үлесін өсіру көзделген. 2010 жылы желтоқсанда «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы атанып, «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша жүлделерді жеңіп алды.  Биылғы жылы 78 магистральды тепловоз шығарылады. Қазіргі таңда біздің тепловоздарымыз Ресей Федерациясында сертификаттаудан өткізілуде. 2011 жылы қазақстандық вагон құрастыру зауыттары «КВК» ЖШС мен «ЗИКСТО» АҚ жүк вагондарын сериялық түрде шығаруға кірісті. Өткен жылы отандық елуден астам кәсіпорын  6,5 млрд. теңгенің 880 түрлі құрал-жабдықтары мен қосалқы бөлшектерін шығарды. Соның нәтижесінде қазақстандық өнім өндірушілердің үлесі 79 пайызға жеткізіліп, 1500 жұмыс орны ашылды. Еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 134 мың долларды құрады. Ал, Қазақстандағы машина құрастыру саласындағы орташа көрсеткіш шамамен 15 мың доллар. Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2015 жылы Қазақстанда жылына 300 млрд. теңгенің өнімін шығаратын темір жол машинасын жасау кәспорындарын жасақтау. Биылғы жылдың өзінде темір жол көлігіне қажетті машина жасау көлемі 100 млрд. теңгеге жеткізіліп, 2008 жылмен салыстырғанда деңгейі он есеге артады. «Қазақстан, Ресей, Белорустың қатысуымен Кедендік Одақ бізге 170 миллион тұрғыны бар ІЖӨ 1,4 триллион доллар болатын рынокқа жол ашады».

            Н.Назарбаев.

Кедендік Одақ талабынан туындаған тапсырмалар Қазақстан, Ресей, Белорустың қатысуымен құрылған Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік тараптардың көлік жүйесіндегі ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереді. Кедендік Одақ аясындағы елдерде кедендік ресімдеулерді алып тастау жүк ағындарының өтуіне қолайлы әсер етумен қатар тасымалдың өсуіне де ықпалын тигізеді. Бұл оң үрдіс 2010 жыл қорытындысы мен 2011 жылдың алғашқы жартысында байқалды. Кедендік Одақтың құрылуы бірыңғай көлік кеңістігінде транзиттік әлеуеттің  арта түсуіне дем берді. Осындай жағдайда Кеден Одағына қатысушы мемлекеттердің темір жол компанияларының әріптестігі-транзиттік тасымалдауды стратегиялық дамытуды бірлесе қолға алуымен маңызды.  Стратегиялық әріптестігінің кілті есебіндегі «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Трансконтейнер» ААҚ бірлескен кәсіпорны негізінде контейнерлік тасымалды және терминалдық қызметті, оның ішінде Қазақстан мен Қытайдың арасындағы шекаралық бекетке қызмет көрсетуі уақыт үдесінен шыққан уағдаластық деп айтуға болады. Кедендік Одақ құру және Бірыңғай экономикалық кеңістік біздің елдеріміздің арасында тарихи түрде қалыптасқан Орал мен Батыс Сібірдің электр станцияларын технологиялық тұрғыда  Екібастұз көмір бассейнімен жалғайтын жылу-энергетикалық кешендерді, кластерлерді қайта қалпына келтіруге жол ашады. Жаңа жағдайда тасымалдау үдерісінде бірыңғай көліктік-логистикалық технологияның барынша оңтайлы тұстарын бірлесе пайдалануға қайта орала аламыз. Қазақстан мен Ресей темір жолдарының өзара іскерлік қарым-қатынасы мен Кедендік Одақ тұрғысындағы құқықтық базасы, қатысушылардың мүдделестігі нарық негізіндегі тапсырмаларды тиімді шешуге қолқабыс етеді. Біздің ойымызша, бұл тапсырмалардың оңтайлы шешілуі бизнес пен қоғам алдындағы Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік секілді халықаралық ұйымдардың абыройының көтерілуіне септігін тигізеді. «Жоғары табыс, мықты денсаулық, жайлы баспана, белсенді еңбекке бағдарлана білу – бұл бәсекелесуге қабілетті адам».

  Н.Назарбаев.

Әлеуметтік және кадр саясаты Өзіміздің жұмысымызда біз компания мен инфрақұрылым, мұнда тек көлік логистикалық қана емес, әлеуметтік, білім беру, ақпарат дамып жатса, онда біздің мемлекетіміз де дамудың үстінде деген ұстанымдамыз. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саясаты әзірленген. Жолаушыларды тасымалдау бойынша әлеуметтік бағыттағы міндетті тікелей орындаудан басқа Компания әр түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру ісінде де белсенді жұмыс істеп келеді. Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, біз «Денсаулық» және «Жәрдем» атты екі медициналық поезды іске қостық. 2010 жылы «жылжымалы емханаға» дәрігерлік көмек сұрап 24 мыңға жуық адам келген. Биылғы 28 ақпандағы Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес, 2011 жылдың қыркүйегінде «Саламатты Қазақстан» атты үшінші медициналық поезд жұмыс істей бастайды. Ол медицина ғылымының соңғы техникаларымен, соның ішінде телемедицина құралдарымен жабдықталған. Өткен жылы Компания жұмысшыларының өз қаржысына табиғи апаттан зардап шеккен Егінсу, Алажиде, Копр, 47 разъезд стансаларында 20 тұрғын үйді салып берсе, 23 үй күрделі жөндеуден өтті. Ал Достық стансасында 216 жаңа пәтерлердің кілттері табыс етілді. Биыл Компания 2015 жылға дейінгі тұрғын үй бағдарламасын қабылдады. Бұған алдын ала есептер бойынша 19 млрд. теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ және Компания қызметкерлеріне «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы 15 жылға бөліп төлеу бойынша сату жоспарланып отыр. Компания корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік тұжырымдарына сай: - су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына 1 млрд. тенгеден астам қаражатқа көмек көрсетті; - Қарағанды облысы әкімдігімен жасасқан меморандумға сәйкес, Ақадыр ауылын абаттандыруға 115 млн. теңге бөлді; - Қарағанды қаласында жаңа мешітті салуға 30 млн. теңге және Павлодар стансасындағы теміржол вокзалы ғимаратын қалпына келтіруге 50 млн. теңге көлемінде демеушілік көрсетті; - әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қолдау мақсатында 97 млн. теңгеден астам қаржы бағыттады. Ағымдағы жылы Компания қарамағындағы еншілес кәсіпорындар бойынша кадр резервін жасақтау мен дайындау жөніндегі жаңа ережелерді бекітті. Компаниялар тобының үш деңгейлі кадр резервін: стратегиялық, корпоративтік және базалық, жасақтайтын құжатқа сәйкес, Компанияның бос лауазымдарына жедел түрде кадрлар табуға мүмкіндік туып отыр. Жас мамандарды дамыту және қолдау мақсатымен аймақтық және республикалық жастар форумдарын өткізіп, 700-ге жуық жас жұмысшы дәріс алды. Биылғы алты айдың ішінде Компаниялар тобы бойынша түрлі мамандықтағы 1 438 жұмысшы кәсіби біліктілігін арттырды. Компанияның Оқыту орталықтарында кәсіби дайындықтан және біліктілігін арттыру дәрістерін 2 344 жұмысшы алса (2010 жылы 2 345 қызметкер), ал жылдың соңына дейін тағы 3 624 қызметкерді оқыту жоспарланған. Мемлекеттік тілді оқыту жүйелі түрде жүзеге асуда. Қазір 447 топта  5 000-ға жуық тәлімгер қазақ тілін үйреніп жүр. Компания алыс шетелге оқуға жіберуді жоспарлап отырған 60 қызметкер үшін ағылшын тілін терең оқыту курстары ұйымдастырылған. Компанияның кәсіпорындарына Қазақ көлік және коммуникация академиясының 261 түлегі жіберілді, жоғары оқу орындары мен колледждердің  1500 студенті компанияның құрылымдық бөлімшелерінде кәсіби тәжірибеден өтті, ал Қазақ көлік және коммуникация академиясы мен колледждердің 50-ден астам оқытушысы өндірістік сынақ ісін өткерді. Қазақстанның оқу орындары студенттері мен Компания жұмысшыларының арасында Ухань университетінде (ҚХР) оқыту үшін 10 үздікті анықтау бойынша байқау өткізілді,  «ТEMPUSIV» еуропалық жобамен бірігіп, Компанияның 30 қызметкері. «Халықаралық теміржол көлігіндегі Интероперабельдік/Қауіпсіздік/Сертификаттау мамандығы бойынша оқуларын тәмамдап магистр дипломдарына ие болды. Қызметкерлерді кәсіби тұрғыдан дамыту жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасын табуда, Астана қаласында заманауи жоғары технологиялық оқыту-даярлау орталығын құру жөнінде шешім қабылданған. Орталықтың материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасын қалыптастыру мен өндірістік сынақтар ісін ұйымдастыру үшін теміржол техникасын жасайтын әлемдік көшбасшыларды тарту жоспарланған. Сонымен қатар, Компанияның өндірістік персоналын даярлау үшін аймақтық оқыту орталықтарын салу және дамытуды да қолға аламыз. Компания жүргізіп отырған кадр саясаты, ұжымдық келісім-шартта бекітілген әлеуметтік міндеттемелер, үнемі жақсартылып жатқан еңбек шарттары мен денсаулықты қорғау шаралары жұмысшылардың қабілеттілік деңгейін арттыруда. Нәтижесінде кадрлардың кетуі бойынша үрдіс үнемі кеміп келеді. 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы кадрлардың кетуі 5% қысқарған. Компаниялар тобы бойынша 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығында 2010 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11,6% төмендеді.