• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2011

Зәрулікті “ 3 -энергоорталық ” шешеді

484 рет
көрсетілді

Оңтүстікте электр энергиясына зә­рулік бар. “Шамның жарығы түбіне түс­пейді” дегендей, республикада үшінші қала атанған Шымкенттің тап іргесінде отырса да электр жарығының толық қуа­ты жетпейтін, кейде жалп етіп сөніп қа­латын шағын ауылдар бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылда­ры­ның басында электр энергиясы, жылу өндіретін қазандықтар ұстағанның қо­лын­да, тістегеннің аузында кетіп, қалың жұрт айлап қараңғылықтың құшағында қал­ғанын ұмытқан жоқ. Үйде көгілдір отын, жылу болмай, даладан шөпшек теріп, қазан асқан күндер де ұмытылмақ емес. Оңтүстік Қазақстан облысының бюд­жетінің өзі тұтас Қырғызстандай мем­лекеттің жылдық бюджетінен артық. Осының өзі қордаланған мәселелерді рет-ретімен шешуге септігін тигізеді. Адамдар да қызық. Пышақ үстінен бөлі­ніп кеткен жерлерге үй салып алғаннан кейін тезірек электр жарығы, жол тар­тылып, ауыз су және ыстық су кірсе деп ойлайды. Алайда, осы мәселелердің шешілмей жатқаны жоқ. Жуырда Шымкент қала­сының әкімі Арман Жетпісбаев алты айлық жұмыс есебінде электр, табиғи газ­бен және жылумен қамтамасыз ету жолындағы жұмыстарды түйіндеп айтқан. Жылумен қамтамасыз ету бойынша 2011 жылы 2 жобаны жүзеге асыруға 451,0 млн.теңге қаралған. Оның ішінде, ұзын­дығы 3,1 км. магистралды жылу құбыр­ларын күрделі жөндеуге 352 млн.теңге қарастырылып, жұмыстар жүргі­зі­луде. Нәти­жесінде биылғы жылы 60 па­йыз жылу құбырлары күрделі жөндеуден өтеді. Ішкі орамдық жылу құбырларының 12,3 км ауыстыруға 98,8 млн.теңге қара­лып, жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімі бүгін және ертең атқары­латын жұмыстардың жай-жапсарын ба­ян­­дады. Алайда, электр энергиясы тап­шылығын шешпей, өнеркәсіпті дамыту мүмкін емес. Ал энергоорталықтар жаңартуды қа­жет етеді. Табиғи монополияларды реттеу агент­тігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бо­йынша департаменті жанындағы сарап­тық комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Қайып­бек Қамбаров осыған байланысты ойла­рын былайша жұптайды. Жалпы республика бойынша ком­мунал­дық инфрақұрылымның желілері мен техникалық жай-күйі жөндеуді немесе ауыстыруды талап етеді. Осыған бай­ланысты былтыр тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдар­ламасы мақұлданды. Бағдарламаның міндеті коммуналдық жүйелердің жаңғыр­тылуы мен дамуына ықпал ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы энергия тиімділігін жоғарылату, осы салаға жеке капитал тарту және тариф жүйесін жетілдіру болып табылады.    Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы, оның ішінде Шымкент қаласы энергия тапшылығын тартып отыр­ған аймақ. Бұл тапшылық өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге кері әсер ететіні айтпаса да белгілі. Тығы­рықтан шығудың жолы – өңірдегі энергия өндіретін кәсіпорындарды жаңарту. Осы­ған байланысты энергетиктер мен мамандар бірлесе отырып, «3-Энергоорталық» АҚ-ға арнап инвестициялық жоба жасады. Ол Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен ОҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бірлескен бұйрығымен бекітілді. Жалпы бір айта кетері, аталған кәсіп­орынның жылумен бірге 160 МВт электр қуатын өндіруге шамасы жетеді. Қазір жазғы уақытта 80 МВт, қысқы уақытта 150 МВт электр қуатын өндіріп отыр. 2007-2010 жылдар аралығында жеке инвесторлармен кәсіпорынға  7,6 миллиард теңге қар­­жы салынды. 2,9 миллиард теңгеге жылу орталығы мен қаланың оңтүстік ай­ма­ғын қосатын жаңа жылу магис­тралының құрылысы аяқталды. Жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зілді, қондырғылары жаңарды. Олар­дың бұрын­ғыға қарағанда қуаттылығы, тиімділігі артты. Осы жұмыстардың нәти­жесінде электр қуатын өндіру 165 пайызға өсті. Айталық, 2007 жылы ол 536,4 млн. кв/сағ болса, 2009 жылы 884,4 млн. квт/сағ-қа жетті. Бұдан бөлек отынға кететін шығын­ның көлемі де айтарлықтай кеміп, тұтыну­шыларға жылу беру 1,5 есеге, ал электр қуатын беру 23 пайызға артты. Акционерлер көмегінің арқасында 2007-2010 жыл­дар аралығында мазут пен газға тө­ленетін шығынның бәрін кәсіпорын өз есебінен жаба алды. Яғни, кәсіпорын тоқтап қалу­дың алдын алып, тұтынушы алдын­дағы міндетін орындап шықты деген сөз. Жоба бойынша 2012 жылға қарай кә­сіпорынға жаңа турбина мен генератор ор­нату арқылы оның электр энергиясын өндіру қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Дәлірегі, электр қуатын 210 МВт-қа дейін немесе 80 пайызға өсіруге мүмкіндік бар. Бұл өңірдегі жарық тапшылығын біржолата шеше алады. Жалпы, біз мына мәселеге айрықша көңіл бөлуге тиістіміз, кәсіп­орын­дарды сақтап қалу үшін оны дамыту қажет. Дамымаған, жаңа­ланбаған кәсіп­орынды құрдымнан құтқарып қалу мүмкін емес. Біз өткен қыста Семей мен Қара­ғанды облы­сының Приозерск қаласын­дағы жағдайдың қайталанбауын күні бұрын алдын алуға тиістіміз. Олай болса өткен-кеткеннен сабақ алу, жылумен, жарықпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың ин­вес­тициялық жобала­рына жеткілікті дәрежеде мән беру, оның жүзеге асуына ықпал ету атқарушы ор­ганның міндеті деп білемін. Облыстық мәслихаттың депутаты осы­лай дейді. Бір сүйсінерлігі, орталықтың қондырғыларын заман талабына сай жаб­дықтауға мейілінше көңіл бөліп отырған    “3-Энергоорталық” басшылығы өздерінде де қаржы тапшылығы байқалса да игілікті істерден шет қалмайды екен. Мұны қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлихан Сүлейменов ақсақал растаған. – Шымкентте бүгінде 300-ден аса Ұлы Отан соғысының ардагері және 7 мыңға жуық тыл еңбеккері тұрады. Ме­нің білуімше, соғыс ардагерлеріне жы­луды тегін беру республикада тек Шым­кентте ғана бар. Осындай игі дәстүрді қалып­тастырған жоғарыда аталған кәсіп­орынның басшылығына өз тарапымнан да ризашылығымды білдіремін. Энергоорталық қаланы жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз кәсіпорын. Оның қызмет ету аймағына жалпы аумағы 3,7 млн. текше метрді алып жатқан 1843 көп қабатты үй, екі мыңдай мекеме және қоғамдық ұйым­дар кіреді. ТЭЦ сағатына орташа есептен 100 МВт өндіріп келді. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысына керек энер­гияның үштен біріндей ғана. Төрт жыл бұрын Энергоорталыққа келген жеке инвестор модернизациялау мен қайта жаңғырту жасауға қомақты қара­жат бөлген. Жаңа жылу магистралы құры­лысының құны 2,9 млрд. теңгеге түсті. Бұл облыс орталығын жылумен қамтуды жал­ғастырудағы көп жұмыстардың бірегейі ғана. Жылу жүйесін жақсарту мен қор­шаған ортаға залалсыздандыру әреке­ті өз нәти­жесін бере бастаған сыңайлы. Алайда, өндірістік шығындардың көп­­тігі орталықтың қолын байлап отыр. Маман­дардың есептеуі бойынша 4 млрд. теңге шығынға отырған. Оның ішінде жылу жаб­дықтауға қызмет етуге бағыт­талған дебитор­лық қарыз жарты мил­лионның үстіне шығып кеткен. Оның үстіне тұтынушылар электр энергиясы үшін 100 млн. теңге қарыз. Осының бәрін есепке алсақ, алып қаланы жылытып әрі электр энергия­сы­мен қамтамасыз етіп отырған орталық­тың халі мүшкіл сияқты. Қиындықтан шығар жол қайсы? Табиғи монополияларды реттеу агент­тігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бо­йын­ша департаменті жанындағы сарап­тық комис­сияның мүшесі, облыстық мәс­лихат­тың депутаты, кәсіпкер Қайыпбек Қамбаров бір сөзінде: Біз қай уақытта да тарифтің көтерілуінен қорықпауымыз керек. Тұтыну­шы оны түсіне білуі тиіс. Шым­кентте соңғы үш жылда комму­налдық қызметтерге тарифті көтермеген кәсіпорындар да бар. Ал осы үш жылда тауар бағасы, инфляцияның деңгейі біршама көтерілді. Дәл қазіргі уақытта тарифті көтермегендіктен шығынға батып отыр­ған кәсіпорындар да жоқ емес. Сон­дықтан, қолдағы бар дүниені құртып алуға болмайды, – дейді. Кәсіпкер әрі облыстық мәслихаттың депутатының уәжі орынды шығар.               “ 3-­Энер­гоорталық” Оңтүстікте жылу мен электр тапшылығын жоя алатын бірден бір кәсіпорын. Ал ондай кәсіп­орын­ды тұра­латып алу ертеңгі күні үлкен қиын­дық­тар әкелетіндігін ұмытпау керек сияқты. Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.