Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Норвегияның Қазақстандағы елшісі Даг Халворсенді және «Bike for Peace» қоғамдық ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған «Семей – Алматы – Астана» велосаяхатының жетекшісі Торе Наерланд пен осы веложорықтың мүшесі Франк Томлинсонды қабылдады. Бұл бастама Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына арналып отыр.
«Үстіміздегі жылы әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толады. Н.Назарбаев Кеңес өкіметі кезінде Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ол осынау күрделі шешімді қабылдау арқылы өзінің айрықша ерлігін танытты. Сол уақыттан бері Қазақстан және оның Көшбасшысы ғаламдық ядролық қаруды таратпау және қысқарту үдерісінің белсенді жақтаушысы болып келеді. БҰҰ-ның Семей полигонының жабылуының ресми күнін, яғни 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялауы – әлемдік қауымдастықтың еліміздің ұстанымын қолдайтынының бір айғағы. «Семей – Алматы – Астана» велосипед жарысы ядролық қаруға қарсы маңызды бастамалардың біріне айналатынына сенемін», деді Қ. Саудабаев.
Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Норвегияның Қазақстандағы елшісі Даг Халворсеннің Қазақстанның елордасы – Астанаға келген сапарына сәттілік тіледі. «Сіздің сапарыңыз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығы қарсаңына сәйкес келіп отыр. Сіздердің ұйымдастырып отырған веложорықтарыңыздың маңызы айрықша. Тарихы да үлкен. Бүгінде қос мемлекет арасында жақсы ынтымақтастық жолға қойылған. Сауда-экономикалық әріптестік те жүйелі дамып келеді. Ал ең бастысы, Қазақстан мен Норвегия елдері ядролық қаруды таратпау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді», деді Мемлекеттік хатшы.
Норвегияның Қазақстандағы елшісі Дага Халворсен өз кезегінде Қазақстанға арнайы сапармен келгеніне қуанышты екенін, болашақта екі ел арасындағы әріптестік байланыстың жібі үзілмейді деген сенімін жеткізді. «Мен Қазақстанға өзімнің досым Торе Наерландпен бірге келіп отырмын. Онымен ең алғаш рет 1986 жылы, Польшада танысқан едім. Торе Наерланд өзінің бар саналы ғұмырын адам құқығын қорғау, ядролық қаруды таратпау, әлемді ядролық қарусыздандыру мәселелеріне арнап келеді. Оның бұл еңбегін көпшілік жоғары бағалаған. Есімінің тек Норвегия ғана емес, одан тыс елдерге де танылуы – соның дәлелі. «Bike for Peace» қоғамдық ұйымы қолға алған велосаяхат Қазақстанның 24 қаласы шеңберінде өтеді. Бұл ауқымды бастама екі елдің достығын бекемдеуге, сондай-ақ, дүниежүзіне Қазақстан мен Норвегияның ядролық қаруды таратпау жөніндегі көзқарастарының ортақтығын танытуға сеп болады деп ойлаймын», деді Даг Халворсен. Ол сондай-ақ, бұл бастамаға қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдіре келе, веложорыққа қатысатындарға сәттілік тіледі.
Ал веложорықтың жетекшісі Торе Наерланд Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қ.Саудабаевпен жүздесудің сәті түскеніне алғысын жеткізді. «Біз бұл велотурдың маңыздылығын әлем жұртшылығына танытқымыз келеді. Қазақстан ядролық қаруды таратпау бағытында үлкен бастамалар көтеріп жүрген бірден-бір ел. Сондықтан, сіздердің елдеріңіздің осы бағыттағы жұмысын әлем халқы білуі тиіс деп санаймын», деді Торе Наерланд.
Т.Наерландтың айтуынша, Норвегия елінде веложорық ұйымдастыру үрдісі 1979 жылдан бастау алады екен. Ал Қазақстан шеңберінде өтетін велосаяхат 6 тамыз күні басталып, 29 тамызда Астанада өз мәресіне жетпек.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.