Жақын арада Білім және ғылым министрлігінің кубогы жолында студенттік футбол лигасының күзгі маусымы басталады.
Биылғы жарыста командалар өткен жылдағыдай Орталық, Солтүстік, Шығыс, Батыс, Оңтүстік-1, Оңтүстік-2 болып алты өңірлік топқа бөлінеді. Осы өңірлердің әрқайсысынан финалға тек екі команда ғана шығады. Ал жеңімпаз команда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында анықталады. Бұл турнирге барлық әуесқой студенттік командалар қатыса алады. Өткен жылы турнирдің жеңімпазы болып Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің командасы атанған еді.
«Әуесқой футбол лигасы» қоғамдық ұйымының президенті Ерлан Жарылқасыновтың айтуынша, студенттік футбол лигасының мақсаты – жастарды ортақ мақсатқа біріктіріп, олардың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін дене тәрбиесі және спортпен айналысуларына, жас кезінде саламатты өмір салтын ұстанып, футболдың насихатталуына мүмкіндік жасау. Сонымен бірге, жоғары оқу орындары арасынан футбол командаларын іріктеу.