Таяуда Алматыдағы ұлттық құраманың «Талғар» базасында еліміз футболының бір топ ардагерлері Қазақстан футбол федерациясының сертификатына ие болды. Бұл құжат бойынша енді қазақ футболының бастауында болып, оның дамуына үлес қосқан ардагерлер өмір бойы ҚФФ-дан стипендия алатын болады.
Олар мына саңлақтар: Тимур Санжарұлы Сегізбаев – КСРО спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы; Евгений Иванович Кузнецов – КСРО спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы; Геннадий Григорьевич Костюченко, – КСРО спорт шебері; Роберт Овакимович Антарян – КСРО спорт шебері; Виктор Алексеевич Абгольц – КСРО спорт шебері; Сейітжан Берікбайұлы Байшақов – КСРО спорт шебері; Борис Федорович Ищенко – КСРО спорт шебері; Владимир Сергеевич Болотов – Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы; Анатолий Гаврилович Колибердин – Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы; Болат Бекенұлы Ғалиев – Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы; Александр Николаевич Жуйков – КСРО спорт шебері; Юрий Федорович Беласиков – КСРО спорт шебері; Өмірбек Рақымжанұлы Бекбосынов – КСРО спорт шебері; Владимир Николаевич Чеботарев – КСРО спорт шебері;
Кездесуде ҚФФ вице-президенті Сейілда Байшақов сөз алып, футбол федерациясы жоғарыдағы ардагерлердің сіңірген еңбектерін ескеріп, соңғы жылдары оларды әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында жұмыс істеп жатқандарын атап өтті. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек еліміз футболының бастауында болған азаматтармен танысқанын зор мәртебе санайтынын айтса, ардагерлер өз кезегінде ҚФФ-ға ризашылықтарын білдіріп, қазақ футболына баталарын берді.
Ардагерлерге стипендия тағайындау ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбековтың идеясы екенін, енді осы азаматтар ай сайын футбол федерациясынан 30 000 теңге көлемінде стипендия алатындарын атап өткен жөн. Оны жасы 63-тен асқан, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы», «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері», «Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейдегі спорт шебері», «Қазақстан Республикасының спорт шебері» деген атақтары бар ардагерлер ала алады. Сонымен бірге олардың КСРО кезінде алған спорттық атақтары да ескерілетін болады.
Қазақстан футболының ардагерлері осы жылдың ақпан айынан бері жеке қаржылық қолдауға ие болып отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН.