Тараз қаласының төріндегі «Һибатулла Тарази» мешіті қасиетті Ораза айы қарсаңында шығыс сәулет өнерінің сән-салтанатымен қайта жөнделіп, Құран кәрім аяттарымен, Алла тағаланың мүбәрәк есімдерімен және дұға-тілектермен араб тілінде айшықталып, жамағатқа жаңадан есік ашты.
– Орталық көшенің бойындағы көрнекті жерде тұрғанына қарамастан, қарадүрсіндеу салынған мешітті қала көркіне сай қайта безендіру туралы тілек көп айтылды. Енді, міне, ол Алла тағалаға құлшылық орнымен бірге, шаһарымызға шығыс пен батыстан саяхаттап келген қонақтарды тәнті ететін әсем сәулет ескерткішіне де айналып отыр, – деген облыс әкімі Қанат Бозымбаев жиналғандарға Ораза қабыл болсын айтты.
Алла разылығы жолындағы иманды іске «СК Құлагер» компаниясы бас болып, облыстағы «Қазфосфат», «SAT компани», «Нұрай», «Южкаморг» және «Арсикостройсервис» компаниялары қаржылай демеушілік жасаған.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы.