• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

Иракта лаңкестік тыйылар емес

348 рет
көрсетілді

Ирактың Эл-Кут қаласында орын алған қос лаңкестіктен 34 адам қаза тапты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, тағы 64-і жараланған.  Қаланың орталық алаңында жасалған алғашқы жарылысты тексеру үшін және жараланғандарға көмектесу мақсатында күш құрылым қызметкерлері мен жедел жәрдем дәрігерлері алаңға жақындай берген сәтте авто­көлікке орнатылған екінші жарылғыш зат іске қосылған.  Соңғы кезде бұл елде лаңкестік әрекеттердің артуынан америкалық әскерилердің осында қалу мерзімін ұзарту керек деген әңгімелер жиі айтыла бастады. МАФИЯДАН МЕЗІ БОЛҒАН МЕКСИКАЛЫҚТАР Мыңға жуық мексикалық осы ел астанасы Мехикода көшелерді жаяу аралап, есірткі мафиясы тарапынан қаза тапқан туысқандарының суреттерін қолдарына алып жүрді. Акцияға қатысушылар мафия қолы­нан қаза тапқандар саны азаймай отыр­ған­дығын алға тартады. Олардың пайымынша, ел президенті Фелип Кальдерон өз уәдесінің үдесінен шықпауда. Бұған дейін билік адамдардың басын шабуға бұйрық беріп келген картел басшысын тұтқындағандықтарын хабарлаған болатын. ТІКҰШАҚ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ҰРЛАНДЫ МА? Пәкстан «Әл-Каида» жетекшісі болған Осама бен Ладеннің көзін жою кезінде апатқа ұшыраған аме­рикалық тікұшақтың сынықтарын қытай­лықтарға көрсетті деген ақпаратты пәкстандық әскерилер жоққа шығарып отыр. Пәкстандық радарларға көрінбейтін тікұшақ қалдық­тарын қытайлықтар суретке түсіріп қана қоймай, арнайы жабындының бөлшегін де алған көрінеді. Тікұшақ қалдықтарын Пәкстан АҚШ-қа қайтарып бергенімен, екі ел арасындағы қарым-қатынас суып та үлгерді. Қазір Қытай Пәкстанға қару сатушы ең ірі елдер қатарында. Арадағы сауда-саттық жылына 9 миллиард долларды құрайды.  ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТТАР АНЫҚТАЛДЫ Сайлаулар мен референдумдарды өткізу жөнін­дегі Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттар саны 66 адамға жеткендігін мәлім етті. Олардың әрбір алтыншысы партиялардан түс­кен­дер, ал қалғандары өзін өзі ұсынушылар көрінеді. Кандидаттарды ұсыну үдерістері бүгін, 16 тамызда аяқталып, одан кейін тіркеу басталады. Сарапшылар солардың тек бірері ғана жеңіске жетуі ықтимал деп санаса, соның бірі – Социал-демократиялық партия тарапынан ұсынылған қазіргі премьер-министр Алмазбек Атамбаев. Ал қабылданған заң бойынша Роза Отунбаеваның президенттікке түсуіне құқы жоқ. ОБАМА РЕЙТИНГІ ҚҰЛДЫРАП БАРАДЫ АҚШ президенті Б.Обаманың рейтингі тарихи минимумға дейін төмен­деп кетті. Callup компания­сы­ның зерт­теулері президент жұмы­сы­на сенімсіздік білдірген америка­лық­тар қа­тары 43 пайызға жеткендігін көрсеткен. Әзірге тұрғындардың 54 пайызы президентке сенеді. Дегенмен, Обама рейтингісі  Standard & Poor’s та­ра­пының АҚШ рейтингін «ААА»-дан «АА+ке» дейін төмен­детуімен байланысты көрінеді. Оның үстіне демократтар мен рес­пуб­ликашылар арасында мемқарызға байланысты саяси қақ­тығыс та орын алып, тараптар әрең дегенде келісімге қол жеткізілгені мәлім. КАДДАФИ ҚАЙТА ҚАРУЛАНУҒА ШАҚЫРДЫ М.Каддафи ливиялықтарды тағы да «сатқындар мен НАТО-ға қарсы қарулануға» шақырды. Ливияның мемлекеттік телеарнасы көсемнің өзін көрсетпей, тек оның дауысын ғана таратқан. Бұдан кейін Тунисте Каддафи мен көтерілісшілер өкілдері арасында келіссөздер жүргізілген. Әзірге екі жақ та бұл туралы тіс жармай отыр. Сарап­шылар стратегиялық Эз-Завия қаласын көтеріліс­шілер­дің басып алуынан кейін келіссөздер жүргізілуі мүмкін деген-ді. Каддафи көтерілісшілермен келіссөз жүргізбейтіндігін мәлімдеп келсе, ұлы Сейф әл-Ислам Ливияда шариаттық басқару енгіземіз деген болатын. Қысқа қайырып айтқанда: Британияның Джерси аралындағы Сент-Хелиер қаласында белгісіз біреу алты адамды (екі еркек, екі әйел және екі бала) бауыздап кеткен. Полиция 30 жастағы күдіктіні тұтқындаған. 90 мыңдай тұрғыны бар арал ең қауіпсіз саналады екен.  Оңтүстік Калифорниядағы Ritz-Karlton қонақ үйінен құны 250 мың долларлық әйгілі голландтық суретші Рембранд ван Рейннің туындысы ұрланып кеткен. Қазір полиция бейнежазу құралдары­ның жазбаларын тексеруде көрінеді. Ауғанстанда Парван провинциясы губернаторының  резиден­ция­сында болған лаңкестік шабуылдан 16 адам өліп, 29-ы жараланған. Резиденцияға баса-көктеп кіріп келген жанкештілер өздерін жарып жіберген. Қаза тапқандардың басым бөлігі мемлекеттік шенеуніктер екен.  Пәкстандағы Хуб қаласының аумағында автобустың ойпаңға құлап кетуі салдарынан 20 адам көз жұмып, тағы біразы әр түрлі жарақаттар алған. Автобуста 80 адам болған, жарақат алған­дардың көбісі ауыр халде ауруханаға жеткізіліпті. Сондықтан қаза тапқандар қатары артуы мүмкін делінуде.   Белоруссия шекарашылары Еуропарламент депутаты Марек Мигальскиді пойыздан түсіріп, ел ішіне жібермепті. Белоруссияда Мигальски жергілікті құқық қорғаушылармен, белсенді азаматтармен және Поляктар одағы өкілдерімен кездеспек болса керек.

Инвестор әрі ең бай адамдардың бірі Уоррен Баффет АҚШ Конгресіне осы елдегі ең бай дегендерге салықты көбейту керек дегенді айтады. Өзінің тапқан табысының тек 17,4 пайызы салыққа кететіндігін жеткізген ол өзімен бірге жұмыс істейтіндердің орташа алғанда 36 пайыз салық төлейтіндігін жазады.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.