Орталық Азиядағы аса ірі «Digital Communications Kazakhstan-2011» көрме-конференциясы үстіміздегі жылдың 14-16 қыркүйегінде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін болады. Бұл туралы ұйымдастырушылар сәрсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Бүгінде ақпараттық-сандық технологиялар қарқынды даму үстінде. Әлемдік деңгейдегі жетістіктерді сөз етпеген күннің өзінде, еліміздегі сандық жүйенің дамуы мен қолданыс аясы күннен-күнге жетіле түсуде.
Ұйымдастырушылар Астанада өтетін көрме ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы дамуының әлемдік трендтеріне жауап бере алады деген пікір білдіреді. Демек, Қазақстанның бүгінгі сандық технологиясы ақпарат жүйесі дамыған кез келген алпауыт елдермен бәсекеге түсе алады деп ой тұжырымдауға болады.
Астанада өткізілетін «Digital Communications Kazakhstan- 2011» көрме-конференциясына Қазақстан, Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен келетін 400 делегат пен 65 баяндамашылар 3 күн бойы ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық телеарна, кең жолақты интернет, ақпараттық технологиялар, электронды үкімет, электронды сауда, интерактивті жарнама және әлеуметтік медиа саласындағы өзекті тақырыптар жайлы кеңінен әңгіме қозғамақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияға қатысушылар арасында АКТ индустриясының көшбасшылары – «ІАВ Europe» компаниясының президенті және бас директоры Алан Оро, «HP» инновациялық орталығының директоры Пол Джеремаес, «TIMWE» компаниясының негізін салушы Рикардо Карвальо, «Huawei technologies» компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша президенті Тан Кибин, Ресейдегі «Google» компаниясының атқарушы директоры Владимир Долгов, «SAP» компаниясының вице-президенті Стив Цикакис, Ресейдегі «НТС» компаниясының аймақтық директоры Андрей Кормильцев, Mail.Ru Group вице-президенті Алексей Катков, «КаР-Тел» Beeline компаниясының бас директоры Алексей Блюмин, «Қазақтелеком» АҚ-тың басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев пен «Қазнеттің» әйгілі жоба өкілдері қатысады.
Байланыс және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен өткізілетін аталмыш шараның соңғы күнінде «Қазнеттің» болашағы, интернетте авторлық құқықты сақтау жайлы пікірсайыстар ұйымдастырылмақ.
Көрме-конференцияның ұйымдастырылу мақсатына арнайы тоқталған Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Құралай Елеусізова бұл іс-шараның елімізде IT технологияны дамыту және ақпараттық технологиялар саласының әлеуетін арттыру жолындағы ең тиімді қадам екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар көрме аясында тұңғыш рет Қазақстанның ІТ-менеджерлері қауымдастығын құру жөнінде отырыс өткізілетінін де атап өтті.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.