Үстіміздегі жылдың 2 тамызынан 9 тамызына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері Кеден одағы міндеттерінің аясында еліміздің өңірлерінде сауда орындарына келетін ет өнімдерінің малдәрігерлік-санитарлық қауіпсіздігін тексеру мәселесі бойынша рейд өткізді. Осы шара барысында «Ақтау-Порт», «Морпорт», «Темір-Баба» ЖШС-ларының және бірқатар кәсіпорындардың өткізу пункттері мемлекеттік малдәрігерлік бақылау органдарының тәртібіне сәйкес тексерістен өтті.
– Ақтау қаласындағы «Компания ХАН» ЖШС-ның қоймаларынан тексеріс кезінде 59 тонна ірі қара мал еті табылды. Құжаттарға сәйкес бұл ет біздің елімізге Австралиядан әкелінген көрінеді, – дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Тексеріс барысында бұл ет өнімдерінің ешқандай малдәрігерлік-санитарлық талаптарға сай еместігі анықталды. Сонымен бірге, «Компания ХАН» ЖШС-ның аумағында одан әрі жүргізілген тексеріс барысында тағы да ет өнімдері толтырылған үш контейнер табылды. Бұл контейнерлерде 113 тонна ет сақталыпты. Құжат бойынша, бұл өнімдерді Австралиядан «Юнайтед Индастриес» ЖШС әкелген делінген. Бірақ, сарапшылардың мәлімдеуінше, іс жүзінде бұл ет өнімдері Австралиядан емес, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен жеткізілген көрінеді. Ал Кеден одағы талаптары бойынша бұл елдерден біздің аумаққа ет өнімдерін әкелуге тыйым салынған.
Міне, осындай жан-жақты жүргізілген тексеріс қорытындысында, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкелінген жері беймәлім 200 тонна етті тәркіледі. Бұл өнімдердің жалпы құны 170 миллион теңге болады. «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес тәркіленген еттің бәрі жойылды.
Жарас СӘДУАҚАСОВ.
Астана.