• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2011

Алғашқы қорытындылары шығарылды

345 рет
көрсетілді

Кеше еліміздің Орталық сайлау комиссиясының төр­ағасы Қуандық Тұрғанқұлов журналистерге ар­налған брифингте Парламент Сенаты депутаттары сай­лауындағы дауыс беру үдерісінің бастапқы қоры­тындыларын жариялады. «Бүгін Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес, еліміздің барлық облыстарында, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларында Парламент Сенатының 16 депутатының сайлауы болып өтті. Дауыс беру 39 кандидатура бойынша жүргізілді. Барлық өңірлерде сайлау өткізілген деп танылды. Барлық жерде сайлаудың нәтижелері бірінші турда айқындалды», деді Қуандық Тұрғанқұлов. Ол өз сөзінде облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының жедел мәліметтері бойынша, таңдаушылар тізімдеріне енгізілген мәслихаттардың 3283 депутатының дауыс беруге 96,6 пайызы қатысқанына тоқталып өтті. Сондай-ақ, ол алдын ала бекітілген мәліметтерге сәйкес, дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың басым көпшілік дауысын алған азаматтардың аты-жөнін жария етті. Олар: Астана қаласы бойынша Владимир Редкокашин (91,7), Алматы қаласы бойынша Ақан Бижанов (88,2), Ақмола облысы бойынша Жабал Ерғалиев (84,6), Ақтөбе облысы бойынша Елеусін Сағындықов (90,8), Алматы облысы бойынша Лаззат Тұрлашов (94,3), Атырау облысы бойынша Қайрат Ищанов (66,4), Шығыс Қазақстан облысы бойынша Талғатбек Абайділдин (89,7), Жамбыл облысы бойынша Ертарғын Астаев (90,8), Батыс Қазақстан облысы бойынша Рашит Ахметов (86,9), Қарағанды облысы бойынша Серік Ақылбай (94,6) , Қостанай облысы бойынша Жеңіс Нұрғалиев (92,4), Қызылорда облысы бойынша Мұрат Мұхамедов (81,3), Маңғыстау облысы бойынша Бақтыбай Шелпеков (98,2), Павлодар облысы бойынша Асхат Күзеков (91,3), Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Самат Ескендіров (82,5), Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қуаныш Айтаханов (81,9). Брифинг барысында ОСК төрағасы дауыс беру жүйе­сі­нің, сондай-ақ, барлық сайлау рәсімдерінің қалыпты іскерлік жағдайда, сайлау заңнамасына сәйкес өткізіл­ге­нін жеткізді. «Еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беру, дауыс­тар­ды санау қорытындыларын шығару барысын байқауды 52 халықаралық байқаушы, 10 шетелдік БАҚ өкілі, 99 кандидаттың сенім білдірілген адамдары, еліміздің саяси партиялары мен қоғамдық бірлестіктерінің байқаушылары, сондай-ақ, 210 отандық масс-медиа өкілдері жүзеге асырды. Сайлау заңын бұзу фактілеріне қатысты сайлау органдарының атына әзірге келіп түскен шағым-өтініштер жоқ», деді Қуандық Тұрғанқұлов. Бір атап өтерлігі, дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясына 20 тамыздан кешіктірмей жіберуі қажет. Сайлау заңнамасына сәйкес, бұл хаттамалардың мәліметтері негізінде ОСК 25 тамыздан кешіктірмей, сайлаудың түпкілікті қорытындыларын анықтауды және 28 тамыздан кешіктірмей, олар туралы хабарламаны БАҚ-та жариялауы тиіс. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.