Міне, барыс бейнелі болашағына нық қадам басып келе жатқан Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын қарсы алғалы отыр. Тарих үшін қас-қағым сәттей болып саналатын осынау жылдары Қазақ елі ғасырларға пара-пар әлеуметтік-экономикалық даму кезеңін өткерді. Жас егемен еліміздің берік экономикалық тұғырын жасау мақсатында бірқатар тарихи мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды және асырылып та жатыр. Осы орайда ел экономикасының жаңа сипатын жасайтын 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТКШ) жаңғырту бағдарламаларын ерекше атап өткен жөн. Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй қоры бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсті. Астана қаласының өзінде соңғы кезеңде жылына 1 миллион 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп келеді. Азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуде Астана қаласында кең өріс алған пәтерлерді мемлекеттік жалға беру үрдісі де астаналықтардың тұрмыс жағдайын жақсартудың ұтымды тетігі болып табылады. Осыған байланысты Астана қаласындағы табысы төмен азаматтардың арендалық пәтерлермен қамтамасыз етілу жағдайын, ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы мен жылжымайтын мүлік рыногындағы ахуалды білу мақсатында «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК директоры Бейбітжан ТҰЯҚПАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Бейбітжан Шипатайұлы, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде құрылыс индустриясы, оның ішінде тұрғын үй құрылысы қарқынды даму сатысына шықты. Осы орайда, тұрғын үй құрылысы саласындағы ахуалды қалай бағалайсыз?
– Адамның тұрмыс деңгейінің сапасын айқындайтын негізгі жетістіктердің бірі – қолайлы баспана болып табылады. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында «Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі» деп атап көрсеткен болатын. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы ел Үкіметінің алдына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау, сумен, жылумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту, жалпы, тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құру міндетін қойды.
Елімізде әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар барысында жан-жақты дамыған тұрғын үй рыногы қалыптасты. Тұрғындардың экономикалық белсенділігі артуда. Тек соңғы он жыл ішінде ғана тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге өсті. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде тек Астана қаласының өзінде ғана 5612 адам қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз етілді. Үстіміздегі жылдың өткен 7 айында елордада барлық қаржыландыру көздері бойынша жалпы ауданы 844 369 шаршы метр тұрғын үй немесе 7713 пәтер пайдалануға берілді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы биылғы жылы да қарқынды жалғасын табатын болады. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында табысы төмен азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатындағы әлеуметтік шаралар ерекше көрініс тапқан.
– «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК-ға жүктелген басты міндеттердің бірі мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінетін пәтерлерді азаматтарға жалға беру тетігін реттеу болып табылады. Арендалық тұрғын үй секторы – еліміздегі тұрғын үй қорының жаңа үлгісі. Қазақстанда арендалық тұрғын үй секторы қалай қалыптасуда?
– Бәрімізге белгілі, Мемлекет басшысы елімізде арендалық тұрғын үй саласын дамыту мәселесіне үнемі басымдық беріп келеді. Қазіргі кезде Қазақстандағы арендалық тұрғын үй секторы бұл қызмет түрін көрсететін негізгі үш бағытта айқындалады. Бұл – біріншіден, жеке меншік тұрғын үй рыногы. Ол стихиялық сұраныспен реттеледі және алыпсатарлық сипат алған. Себебі, пәтерге деген сұраныс өте жоғары. Мәселен, бүгінде Астана және Алматы қалаларында жеке меншік сектор жалға беретін пәтерлердің бір айлық ақысы орта есеппен 70 мың теңгеден айналады. Арендалық тұрғын үй секторының екінші ойыншысы – негізінен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ тарапынан көрсетілетін мемлекет-жеке меншік серіктестігі болып табылады. Бұл серіктестік негізінен жұмсалған қаржыны қайтару мақсатында коммерциялық бағытты ұстанады. Сондықтан оның пәтерлерді жалға беру бағасы да жоғары. Мәселен, бұл пәтерлердің бір айлық жалға беру құны 90 мың теңгеден айналады. Арендалық тұрғын үймен жабдықтаудың бұл түрі табысы шектеулі тұрғындардың басым бөлігі үшін тиімсіз. Бұл қызмет түрін көп ретте табысы жоғары ұлттық компаниялардың қызметкерлері немесе орта қол кәсіпкерлер ғана пайдаланады. Арендалық тұрғын үй секторының жалпыға тиімді үшінші ойыншысы – коммуналдық кәсіпорын сипатында қызмет көрсететін мемлекет болып табылады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін арендалық тұрғын үй қызметі тиімді әрі қолжетімді. Мәселен, Астана қаласында жалға берілетін арендалық пәтерлердің ақысы айына 14500 теңгеден айналады. Әсіресе, бюджеттік сала қызметкерлері үшін қолжетімді пәтерге ие болудың тиімді тетігі осы.
Шетелдерде арендалық пәтерлер жалпы тұрғын үй қорының 40 пайызын қамтиды. Ал Қазақстанда бұл сектор қалалардағы жалпы тұрғын үй қорының 2-3 пайызын ғана құрайды. Міне, инвестиция салудың игерілмей жатқан үлкен бір саласы. Бұл рынок жергілікті дәрежедегі муниципалдық органдармен реттеледі. Кез келген мемлекетте табыс көзінің аз болуына байланысты жеке меншік пәтерге ие бола алмайтын адамдар баршылық. Бұл топқа негізінен жас отбасылар, жас мамандар, бюджеттік сала қызметкерлері және тағы басқалар жатады.
– Енді қаламыздағы жалға берілетін пәтерлер қоры және олардың берілу тәртібі туралы айтып өтсеңіз.
– Астана қаласының әкімдігі елорданың ерекшеліктерін ескере келіп, бас қаланың беделін арттыру, мұндағы мәдениет, өнер саласының элиталарын қалыптастыру, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын жоғары кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында 2005 жылы арнаулы қаулымен мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорын басқару үшін «Астана қаласы тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығы бар органы ретінде «Қалалық жылжымайтын мүлік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын құрды. Кәсіпорын мемлекеттік арендалық тұрғын үйді басқарушы субъект ретінде, Астана қаласының мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорын басқарудың тиімділігін жетілдіру мақсатында мемлекеттік коммуналдық қордан бөлінетін пәтерлерді жалға беру және арендалық ақыларды жинау қызметімен айналысады.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен арендалық тұрғын үй секторын дамыту мақсатында Астана қаласының әкімдігі 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 6083 пәтер сатып алды. Бұл пәтерлер кезекте тұрған аз қамтамасыз етілген азаматтарды, мемлекеттік қызметкерлерді, бюджеттік ұйымдардың еңбеккерлерін сонымен бірге, орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлерін арендалық пәтерлермен қамтамасыз етуге арналған. Бұл пәтерлер мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорын құрайды.
Қазіргі кезде кәсіпорынның коммуналдық тұрғын үй қорында 2050 арендалық пәтер бар. Оның ішінде 1006 пәтер Үкіметтің арнаулы қаулысымен орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, 120 пәтер бұрын мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде тұрып келген Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің және басқа органдардың қызметкерлеріне берілді. Осы коммуналдық тұрғын үй қорынан 105 пәтер Ұлы Отан және ауған соғысына қатысушыларға, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтарға берілсе, коммуналдық тұрғын үй қорына бөлінген арендалық пәтерлер бюджеттік салада қызмет істейтін дәрігерлерге, мұғалімдерге, мәдениет және спорт саласының еңбеккерлеріне берілді. Бұл тұрғын үй қорын бөлуде әлеуметтік әділеттік қағидаттары сақталған. Арендалық тұрғын үй секторын қалыпты жағдайда ұстау және бұл саланың жұмысын одан әрі дамыту мақсатында кәсіпорын белгіленген тәртіпке сай жүйелі де тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
– Бейбітжан Шипатайұлы, қалалық жылжымайтын мүлік нысандарына байланысты операциялар мен сараптамалар қалай жүргізіледі?
– Мемлекеттік мүлікті басқару ережелеріне сәйкес кәсіпорын өзінің нақты тәжірибе жүзіндегі қызметінде бірқатар оң жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, кәсіпорын елордамыздың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына айтарлықтай үлес қосты. Бірқатар жылдар бойы кәсіпорын мемлекет мүддесі үшін жер телімдерін босату және ыңғайлау міндетімен шұғылданып келеді. Астана қаласының маңызды құрылыс нысандарын салуға және инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы құрылыс нысандарын жүргізуге қаланың бас жоспары шеңберінде бірқатар кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, «Абу Даби Плаза» көп функциялы кешенін, Қорғалжын тас жолы бойындағы 300 орындық мамандандырылған кәсіби-техникалық лицейдің ғимаратын, Күмісбеков атындағы көше бойындағы кәріздік насос стансасының құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін босату міндеттерін жүзеге асырды.
Сонымен бірге, Астана қаласының мәдени-әлеуметтік құрылымына көрік беретін классикалық опера және балет театрының ғимаратын, «Хэйлибери-Астана» мектебінің құрылысын, 350 орындық көп профилді қалалық балалар ауруханасының, бір ауысымда 250 адамға қызмет көрсететін диагностикалық емханасының, Есіл өзенінің сол жағалауындағы 250 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының және басқа әлеуметтік нысандар мен денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысын жүргізуге жер телімдерін дайындап, олардың пайдалану құжаттарын жасады. Сол сияқты елорданың инфрақұрылымын дамыту мақсатында көшелер мен көлік жолдарын қайта құру жұмыстарын жүргізуде инженерлік құрылыс жұмыстарын атқару үшін мүмкіндіктер туғызды. Жалпы алғанда, мемлекет мүддесі үшін маңызды құрылыс нысандарын салуға жер телімдерін босату және дайындауда 2010 жылы 5,7 миллиард теңгенің жұмысы атқарылды. Ал 2011 жылы мемлекет мүддесі үшін жер телімдерін босату және дайындау шеңберінде атқарылатын жұмыс 6,5 миллиард теңгені құрайды деп жоспарлануда. Астана қаласының сәулет және құрылыс саласын одан әрі дамыту мақсатындағы Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау үшін кәсіпорын алдында басқа да үлкен міндеттер баршылық.
– Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Сіз басқарып отырған мекемеге де бұл ретте үлкен міндеттер жүктелген. Осы маңызды бағдарлама аясында атқаратын жұмыстарыңыз қандай?
– Иә, ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы біздің кәсіпорынға жаңа міндеттер мен тың мақсаттар жүктейді. Басты міндет: көп қабатты үйлерге күрделі жөндеу жүргізген кезде жекелеген жұмыс түрлері бойынша кондоминимум нысандарына қызмет көрсету, кондоминимум нысандарын жөндеу жұмыстарын қайтарымды негізде қаржыландыру тетіктерін жасау. Кәсіпорын бұл ретте көп қабатты үйлердегі пәтер иелерін ортақ мүлікке ұқыптылық көзқарасқа бейімдей отырып, олардың бойында өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бетбұрыс жасау идеологиясын қалыптастыруды ұстанады.
Көп қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу қарсаңында қалаларда жеке құрылым ретінде тұрғын үй инспекцияларын құру керек. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде бірқатар проблемалар орын алуда. Атап айтқанда, осы жұмысты жүргізу міндеті тапсырылған аудандық әкімдіктер үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің техникалық алғышарттарын кәсіби негізде ұйымдастыра алмайды. Бұл жергілікті жерлерде кәсіби техникалық кадрлардың жетіспеуінен туындап отыр. Сондықтан көп қабатты үйлерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу алдында тұрғын үй инспекциялары жан-жақты тексеруі керек.
2003 жылы «Астана қаласы тұрғын үй департаменті» мекемесінің жанынан біз осындай тұрғын үй инспекциясын құрдық. Бұл инспекция осы жылдар ішінде қаладағы тұрғын үй қорын толық паспорттаудан өткізді. Қазіргі уақытта қаламыздағы әрбір тұрғын үй нысанының пайдалануға берілген жылы, конструкциясы, құрылысқа пайдаланылған материалдары, нысанның аумағы, оның пайдалануға жарамдылығы анықталған құжаты бар. Өкінішке орай, мұндай тұрғын үй қорының толық жағдайын көрсететін құжаттар жасаған тұрғын үй инспекциясы Астана қаласынан басқа қалаларда құрылмаған. Сондықтан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде осындай инспекциялар құрылса, нұр үстіне нұр болмақ.
Тағы бір шұғыл шешімді қажет етіп тұрған проблема туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл – техникалық инвентаризация құжаттарын, сонымен бірге техникалық мұрағаттарды жергілікті атқару органдарына қайтару мәселесі. Әрбір қаланың өз әкімшілік аумағындағы барлық нысандардың саны, техникалық жағдайы туралы жан-жақты ақпараты болуы керек. Бұл осы нысандар бойынша қайсысына күрделі жөндеу жүргізу, қайсысын жаңғырту, қайсысының жарамсыз болып қалуына байланысты бұзу және басқа ағымдық жұмыстарды жоспарлау үшін ауадай қажет. Міне, осы техникалық мұрағаттардың барлығы елімізде 2007 жылы «Жылжымайтын мүлік құқығын және олармен жасалатын ауыс-түйістерді тіркеу туралы» заң қабылданғаннан кейін Әділет министрлігінің құзырына өтіп кетті. Яғни, жергілікті атқарушы органдардың күнделікті жұмысына қажетті мұрағат әділет ведомстволарының сандығына салынды. Осындай ведомствоаралық «жіліктің майлы басын өзіне тарту» әрекеті салдарынан Астана қаласында техпаспорттар дайындау ісімен бір ғана аймақтық құрылым айналысатын болды (бұрын Астана қаласында бұл қызмет түрімен 70 шағын бизнес субъектісі және 4 мемлекеттік кәсіпорын айналысатын). Ол іс жүзінде салынған құрылыс нысандарының техникалық құжаттарын дайындап үлгере алмайды. Бұл өз кезегінде, тұрғын үй, білім беру, балабақша, денсаулық салалары құрылысындағы барлық мемлекеттік бағдарламаларды іс жүзіне асыруда қолбайлау болуда. Бұл жеке меншік құрылыс және бизнес нысандарын салуда кедергілер туындатып, «жең ұшынан жалғасқан» сыбайластыққа ұрындыруда. Сондықтан техникалық инвентаризация мұрағаттары мен техпаспорттар даярлау міндетін жергілікті атқару органдарына жедел қайтадан беру қажет.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы ұзақ мерзімге арналған ауқымды да кешенді жұмыс. Бұл бағдарлама шеңберінде біздің кәсіпорынға бірқатар жауапты міндеттер жүктеліп отыр. «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК осыған лайық білімді де білікті кадрлармен жасақталған. Кәсіпорынымызда бұл маңызды бағдарламаны жүргізу мақсатында кондоминимум нысандарына техникалық және әдістемелік көмек көрсетудің толық мүмкіндіктері бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.