• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2011

«Балдәурендегі» балалар лагері

869 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғын атап өткелі отырған Қазақ елі білім беру ісімен қатар, оқу­шылардың демалысына да ерекше мән беріп келе жатыр. Бір замандары еліміздің жас ұрпағы Қырымдағы «Артекке» баруды арман санаса, ендігі жерде Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тікелей қолдауымен 2002 жылы пайдалануға берілген «Бал­дәу­рен» республикалық оқу-сауық­т­ыру орталығы сол «Артектің» орнын басып отыр. Президент ел болашағы жастардың қолын­да деді. Ал сол жастарды пат­риот­тыққа тәрбиелеу, Отан сүй­гіштікке баулу, елінің тарихын, жерінің қасиетін ұғындыру жұ­мы­сында оқушылардың дема­лы­сын сәтімен ұйымдастыру үлкен рөл атқаратыны белгілі. Осы игілікті іс он жылға жуық уақыттан бері өз дәрежесінде орындалып келе жатыр. «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында жыл сайын еліміз­дің барлық аймағынан бес мың­ға жуық оқушы 16 ауысымда демалады. Осы арада мен мына нәрсені баса айтқым келеді. Оқушылар біздегі демалысын тек жазда ғана емес, жыл бойы үздіксіз өткізуіне болады. Са­бақ кезіндегі демалыста оқушы білім алуын жалғастыра береді. Тәрбиешілермен қатар, әр пәнді терең оқытатын мұғалімдер құ­ра­мы, оқулықтар, оқу әдісте­ме­лер, лабораториялық жұмыс­тар­ға қажет құрал-жабдықтар то­лығымен жасақталған. Биылғы жазғы демалыста еліміздің бар­лық өңірінен келген жүздеген оқушылар жоғары дәрежеде демалуда. Демалыс кезінде әр оқу­шы­ның өзіндік қарым-қабілетін шыңдауға арналған түрлі сайыс­тар мен байқауларға, фестивальдар мен олимпиадаларға қаты­сып, бағын сынауға, табиғат ая­сын­да болуға мүмкіндік жасал­ған. Бір ұлт, көптеген этностың басын құрап, әлемге достықтың алтын тұғыры ретінде танылған Отанымызды мекендеп жатқан барлық жұрттардың ұл-қызының демалысы тең дәрежеде ұйымдас­тырылып отырғанын да айта кетсем деймін. Біздің лагерьдегі жас­тардың бір ауыздан айтатын сөзі біртұтас Қазақстанның перзентіміз дегенге саяды. Осындай игілікті істерді жү­зе­ге асыруда әлемдегі өркениетті ел­дердің озық тәжірибесін өз жұ­мы­сы­мызға тиімді пайдалануға тал­пы­нып келеміз. Қазақ артегі атан­ған орталықтың ғимараты жан-жақ­ты жөндеуден өтіп, қа­жет­ті ма­те­риал­дық, техникалық және ғы­лы­ми-әдістемелік базасы талапқа сай жа­рақ­талған деуге болады. Бұл тәрбие кешенінде төрт­күл дүниеде өтіп жа­татын ха­лықаралық және респуб­ли­калық байқаулар мен фестивальдар, көр­мелер өткізіліп келеді. Соның бір дәлелі өткен жылы дүниежүзінің 97 елінен 625 бала қатысқан 51 Халықаралық математика олим­пиа­дасы дер едік. Осы біздің оқу-сауықтыру кешенінде бол­­ған сол білім сайысында Отаны­мыздың 5 түлегі жүлдегер атанып, мемлекетіміз бестіктің құрамына кірді. Өткен айдың соңына қарай егемендіктің 20 жылдығына арнап, демалып жатқан оқушылар «Қазақстанның күші – бірлікте!» деген тақырыпта ұлттар мәде­ниеті­нің республикалық фестивалін өткізді. Оған Білім және ғы­лым министрі Бақытжан Жұма­ғұлов қа­тысып, оқушылардың жаз­ғы дема­лысы әрқашан басты назарда тұра­тынын айтып, балалар сауық­тыру ұйымын жаңаша үлгіде ұйым­дас­тырып, уақыт талабына сай жаңар­ту жайын алға тартты. Біз алдағы уақытта осы балалар кешенін халықаралық дәре­же­ге көтерумен бірге, облыс, аудан көлемінде бөлімшелерін құру мә­се­лесін қозғап келе жатырмыз. Егер ондай мүмкіндік болып жатса, болашақта «Балдәуренге» сол орталықтарда білімімен, тәрбие­сімен көзге түскендерді ғана жіберіп отыру арқылы кешеннің беделін арттыруға болады деген пікірдеміз.  Бұл ойымызды облыс, аудан басшылары қолдап, өздері ұйыт­қы болып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Оқушылардың де­ма­лысын ұтымды ұйымдастыруға жол ашылатыны шүбәсіз. Жоға­ры­дағы жиналыста министр «Бал­дәуренді» халықаралық лагерьге айналдыру қажеттігін айтқан еді. Біз бұл жұмысты біраздан бері ойластырып келеміз. Мысалы, «Орленок» (Ресей), «Кам­чия» (Бол­гария), «Зубренок» (Беларуссия), «Артек» (Ук­раина) секілді орталықтармен ты­ғыз қа­рым-қатынас жасап, озық тәжі­ри­бені өзімізге сабақ етіп алуда­мыз. Біздің кешенде Жапония, Түр­кия, Үндістан, өз­ге де елдер­дің білім беру меке­ме­лерінің өкілдері, Еуропалық балалар мен ЮНИСЕФ, ЕҚЫҰ, басқа да ха­лықаралық ұйымдар­дың бас­шы­лары болды. Сол секілді Еуропа бизнес ассамб­лея­сының комитеті (ЕВА Оксфорд, Ұлыбритания) ұсынысы бойын­ша «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру ор­талығы Еуро­па­лық сапаға ие болды. Біз  қа­зір тамыз мәсли­ха­тына әзір­ле­ніп жатырмыз. Осы алқалы жиын­да «Балдәурен» рес­пуб­ли­калық оқу-сауықтыру ке­шенінің облыстардан филиа­лын ашу жө­ніндегі алда айтқан ұсыны­сы­мызды қолдаса деген тілегіміз бар. Бұл білім мен тәр­биені ұш­тастырып, қатар жүр­гізу­ге ерекше септігін тигізер еді. Осы арада ойымызға әл-Фараби баба­мы­з­дың тәрбиесіз берген бі­лім­­нің, ұрпақ санасына жұқпай­ты­ны жөніндегі байламы оралып отыр. Түйіндей айтқан­да, еліміздегі бірден-бір бала­лар­ға ар­нал­ған оқу-сауықтыру кешені ал­да­ғы уақытта аясын ке­ңей­тіп, ау­қы­мын өсіріп жатса, мил­лион­да­ған ұр­пақ­тың тағы­лым­­ды да тәр­биелі болып өсуіне мол мүмкін­дік жасала беретін болады. Мұхитдин ТӨЛЕПБАЕВ, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру кешенінің бас директоры.