• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2011

Индустрияландыру ісінде іркіліс болмайды

326 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Отырыста Премьер-Министр­дің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев индус­трия­ландыру бағ­дар­ламасы бойынша баяндама жа­сады. Оның айтуы бойынша, елімізде тағы қосымша үш жаңа еркін экономикалық ай­мақ (ЕЭА) құру жөнінде мәселе қаралуда. Атап айт­қанда, бола­шақ­та «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА, Павлодар об­лысында мұ­най-химия өнеркәсібі еркін эко­номикалық аймағы және Қа­ра­ған­ды облысында «Сарыарқа» ЕЭА құрылмақ. Ағымдағы жылдың бірінші жар­тыжылдығында еліміздің қай­та өңдеу саласының негізгі капита­лы­на тартылған инвестиция кө­ле­мі 11,2 пайызға өсіп, 204 миллиард теңгені құраған. Индустрия және жаңа технологиялар министрінің мәлімдеуінше, елі­міз­дің инвестициялық тартымды­лы­ғын арттыру жөнінде тү­бегейлі институттық, заңдық және жүйе­лік шаралар бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілген. Мәселен, «Kaznexinvest» инвестиция және экспорт жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ атты ма­мандандырылған компания құры­лып, осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізе бас­тады. Бұл компанияның жүйелі жұмысының нәтижесінде, әлем­нің барлық өңірлеріндегі инвесторлармен 200 инвестициялық бастама бойынша жұмыстар қол­ға алынды. Бүгінге дейін елімізге жалпы көлемі 7 миллиард АҚШ доллары шамасында инвестиция тар­ту жөнінде келісімдер жа­салған. Еліміз бойынша, «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасына қатысуға 171 кәсіпорын ниет танытып отыр. Баяндамашының айтуынша, бұл ретте мәшине жасау кәсіпорындары, құрылыс ма­териалдары индустриясы және агроөнеркәсіп кешені белсенділік танытуда. Қанатқақты кезең бо­лып есептелетін 2011 жылы 19 мил­лиард теңгеден астам сома­ның көмегі көрсетілетін 50 жо­ба­ны жоспарға енгізу көзделініп отыр. Биылғы жылы 7,3 миллиард теңге көлемінде инновациялық гранттар бөлінген. Бүгінгі күнге дейін жалпы көлемі 55 миллиард теңге болатын 700 өтініш түскен. Яғни, бөлінген гранттан келіп түскен өтініштер бірнеше есе артық. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие беру мөлшері 194,2 миллиард тең­ге­ні құрайтын 500 жоба ма­құл­данған. Қазір бағдарлама шең­бе­рінде 175 кәсіпорында өндірістік құрылымды жаңғырту және құ­ры­лыс жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Бұл ретте агроөнеркәсіп ке­ше­нінің жобалары басым түсіп отыр. Атап айтқанда, агро­өнер­кә­сіп кешені бойынша 131 жоба, жеңіл өнеркәсіпте 98 жоба, ме­тал­лургия, металл өңдеу және мә­шине жасау өндірісі бойынша 78 жоба қолға алынған. Жалпы ал­ғанда, бағдарламалар бойын­ша 67 мың адам жұмыс істейтін 600 кәсіпорынға қолдау көр­се­тілуде. Әсет Исекешевтің мәлім­деу­ін­ше, қазірдің өзінде елімізде бо­лашақта болуы мүмкін әлемдік экономикалық дағдарыстарға жан-­жақты қарсы тұру іс-қимылдары жасалуы керек. Бұл ретте, бірінші кезекте ірі кәсіпорындарға, еліміздегі орта және шағын бизнес субъектілеріне басымдық берілуі қажет. Сонымен бірге, Индустрия және жаңа технологиялар министрінің мәлімдеуінше, үде­мелі индустриялық-иннова­ция­­лық бағдарламаның екінші кезеңін белгілеу жұмыстары жедел қолға алынған. Өнімдерін экспорттайтын отандық 1,5 мың­нан астам кәсіпорын жүйелі түр­де мемлекеттік көмек түрле­рімен қамтылған. Мәселен, өнім экс­порт­тайтын 43 отандық кәсіп­орын­ның 141 миллион теңге кө­леміндегі әртүрлі мақсаттағы шығындары жабылған. Жалпы сомасы 292,6 миллион АҚШ долларын құрайтын экспорттық өнімдерге – мәшине, химия өнер­кәсібінің құралдары, тоқыма өнімдері, дәрі-дәрмек, азық-түлік өнімдері және құрылыс мате­риал­дарына қолдау көрсетілген. Бұл өнімдер негізінен Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Грузия, Тәжік­стан, Түркіменстан, Ауғанстан сияқты 9 шетелге экспортталды. Ел үміті егін үстіне ауған бүгінгі таңда диқан қауымының табан ақы, маңдай терімен өсі­рілген астықты дер кезінде жинап, ел игілігіне жарату маңызды да басты міндет. Үкімет басшысы осы мәселені ерекше айта келіп, бүгін-ертең жаппай басталғалы отырған орақ науқанын ұйым­шыл­дықпен өткізудің мемлекеттік мәнін атап көрсетті. Күн тәр­тібіндегі осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Асылжан Ма­мытбеков биылғы жылғы ауа райы­ның ылғалды болуының нәтижесінде барлық өңірлерде бітік егін өскенін айтты. Қазір алдын-ала жасалған болжамдар бойынша, 18-18,9 миллион тонна астық, оның ішінде 14,5 миллион тонна бидай жиналады деп күті­луде. Бүгін Ақмола және Қоста­най облыстарынан басқа өңір­лер­дің барлығы дерлік егін орағына қызу кіріскен. Жақында ғана орақ науқанын бастап кеткен Сол­түс­тік Қазақстан облысында бүгінге дейін 1,2 миллион гектар алқап­тың егіні бастырылып, 1,7 миллион тонна астық жиналған. Сол­түстік Қазақстан облысындағы гектар өнімділігі орта есеппен 16,7 центнерден айналған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 50 пайызға жоғары. Еліміз бойынша биыл әр гектардан жиналатын өнім 14,4 центнер болады деп кү­тілуде. Бұл өткен жылғы көрсет­кіш­тен 2 центнерге жоғары болмақ. Иә, тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы аталып өтетін биылғы жылы да  қазақтың жомарт дала­сы ел ырзығын еселеп бергелі тұр. Алайда биылғы ауа райы жағ­дайына байланысты алына­тын өнімнің ылғалдылығы жоға­ры болады. Сондықтан, өсірілген астықты сапалы әрі толық сақтау күн тәртібіндегі басым мәселенің бірі болып отыр. Ауыл шаруа­шылығы министрінің айтуынша, Қазгидромет орталығының деректеріне сәйкес күз айлары жау­ын-шашынды болмақ. Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмо­ла облыстарында күзде түсетін ылғал мөлшері орта көрсеткіш­тен артық болады деп күтілуде. Осыған байланысты астықты өңірлердегі егін көлемінің 40 пайызын іріктеп оруға тура келеді.  Сонымен бірге жаз айларын­да жауын-шашынды күндердің көп болуына байланысты кейбір өңірлерде дәннің пісіп-жетілуі әдеттегіден 1-2 апта кешеуілдеуі мүмкін. Ылғалдылығы мол ас­тық­ты дер кезінде кептіріп, сапа­лы сақтау үшін қолдағы бар ас­тық қабылдау пункттері, элева­тор­лар және қоймалар сақадай-сай болуы керек. Әзірге еліміздегі қолда бар 214 астық қабылдау пунктінің 197-сі жаңа орақ асты­ғын қабылдауға дайын. Министр­дің айтуынша, егіні бітік өскен солтүстік облыстардың  элеватор­ла­рын­да Азық-түлік корпорация­сының өткен жылғы егіннен қал­ған 800 мың тонна астығы сақ­таулы тұр. Бұл өңірлерде жаппай егін орағы басталғанға дейін бұл астықты оңтүстік өңірлердің ас­тық сақтау қоймаларына көшіру керек. Бұл шара дер кезінде жү­зеге асырылған күннің өзінде болжамдағы астықты жинап ала­тын болсақ, солтүстік өңірлердегі астық сақтайтын қоймалардың тап­шылығы 1-1,5 миллион тонна­ны құрайды. Министрдің ай­ту­ын­­ша, дәл бүгінгі күнге дейін орақ техникаларының 93 пайызы дайындық сапына қойылған. Со­нымен бірге еліміздің өңірлерін­де азық-түлік қорын тұрақтан­дыру мақсатында Үкімет тарапы­нан 17,2 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Селекторлық режімдегі Үкі­мет отырысында барлық өңірлер­дің әкімдері жергілікті жерлердегі елді мекендердің барлығы дерлік алдағы қысқы жылу маусы­мына дайындықтың белгіленген кестеге сай жүргізіліп келе жат­қандығын мәлімдеді. Отырыс­ты қорытындылай келіп, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алдағы қысқы жылыту маусымына дай­ындық барысы жөнінде барлық өңірлердің әкімдерін жүйелі түр­де әдейі тыңдағанын, бұл мәселе­нің айрықша маңыздылығын тағы да ескертті. Қалған аз уа­қыт­тың ішінде орын алған олқы­лықтар болса, дереу жою керек екендігін айтты. Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық бағдарла­ма аясында бүгінгі күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті министрліктер мен ведом­ство­лардың өкілдеріне, өңір әкім­діктеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.