• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2011

Қаралы сұлу Қарагөз

1066 рет
көрсетілді

Если человек любит кого-то до безумия, То всякий его грех заслуживает прощения.                                               Маргарита Наварская. Жазу жазып отыр еді, телефон шылдыр ете қалды. Тұтқаны құлағына тосқанда: – Кешіріңіз, Ерасыл ағамен сөйлесуге бола ма? – деді бейтаныс дауыс. – Мен тыңдап тұрмын. – Ә, ә, иә, өзіңіз екенсіз ғой... Айып етпесеңіз, мүмкін болса... – деп жасқана сөйлеген дауысқа: – Тыңдап тұрмын, айта беріңіз – деп жауап берді Ерасыл. – Аға, есіңізде ме, өткен жылғы көркемсөз оқу­шылардың республикалық байқауы. Сонда мен сіздің «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» деген өлеңіңізді оқығанмын. Қазылар алқасының шешімімен берілген дипломды өз қолыңыздан алғанмын. Сонда сіз маған: «Өлеңді дауыспен ғана емес, жүрекпен де оқиды екенсіз», деп едіңіз. – Аты-жөніңді есіме түсіре алмай тұрмын. – Атым – Динара, фамилям – Мұратова. – Қалқам-ау, сенен көз жазып қалдық қой. Қайда жүрсің? – Оны кейін айтамын. Сізбен кездессек бола ма? – Алдағы, жо-жоқ, арғы сәрсенбіде хабарла­сы­ңыз. Сағат онда. – Рахмет, аға! Мазалағаным үшін кешірім өтінемін. Ерасылдың бүкіл өмірі жазумен, кітап, газет оқумен өтіп келеді. Оған қабаттасып жатқан әртүрлі кештер мен кездесулерге, әрқилы тойлар мен асқа бару, телеарналар мен газеттерге сұхбат беру сияқты қат-қабат шаруа тағы бар. Соның бәрі аздай-ақ іні, қарындас, ержеткен ұлдарынан бастап туыс-туған, жерлестерінің бәрі мұның мойнына мініп алған. Тіпті, бейтаныс біреулер де әдейі іздеп келіп, кейде телефон шалып: «Сіз халықтың адамысыз ғой, сізге айтпағанда кімге айтамыз мұңымызды», деп басын қатырады. Қымбатшылық қысып, жұмыссыздық кө­бейіп, адалдықты аярлық жеңіп, ұйымдасқан жем­қор­лық қоғамды жегі құрттай жеп жатқан мына күрделі кезеңнің күрмеуі қатты проблемалары аз ба? Біреуге үй, біреуге күй, біреуге қаржы, біреуге жұмыс керек! Жаратылысынан жүрегі жұмсақ Ер­асыл ешкімге жоқ деп айта алмайды. Сосын жүргені, зайыбы Айгүлдің сөзімен айтқанда «бесплатный бейнетпен» басы қатып. Қым-қуат тіршілік қамымен жүрген Ерасыл Динара телефон шалғалы екі апта өткенін байқамай да қалды. Онымен кездесуге тиіс екенін де ұмытып кетті. Күндегі әдетімен жұмыс бөлмесіне келіп, жазу столындағы аудармалы күнтізбеге көз жүгірткенде барып, бұдан екі апта бұрынғы әңгіме есіне түсті. Әйтсе де, Динара түске дейін телефон шалған жоқ. Ерасыл түстен кейін Әл-Фараби атындағы ұлт­тық университетте студент-жастармен кездесу өткізді. Содан кейін үйге қайтпақ болып машинаға отыра бергенде: – Аға, бір минут тұра тұрыңызшы, – деген дауыс шықты. – Ол жалт қарады. Қарсы алдында жаңа ғана бүр жарған гүлдей үлбіреп жап-жас қыз тұр. Ботаның көздеріндей сұлу, сүйкімді, жанары таңғы шықтай мөп-мөлдір. – Аға, мен Динарамын. – Сағат онда хабарлас деп едім ғой сізге. – Кешіріңіз, аға! – Өзіне қанжардай қадалған Ерасылдың көзінен именген қыз ұзын, қайқы кірпіктерін төмен түсірді. – Сізге қайта телефон шалуға батылым жетпей, кездесуге келетініңізді естігесін осы жерде күттім. – Түсінікті, – деді Ерасыл сөзді қысқа қайырып – Отырыңыз мына көлікке. Динара Ерасылдың айтуымен аппақ «Тойота­ның» алдыңғы орындығына отырды. Ерасыл артқы орынға, Динараның арқа тұсына жайғасты. Маши­наға отыруын отырғанмен: «Қайда барамыз?» деп сұрауға Динараның батылы бармады. – Қайда? – деп сұрады машина университет ауласынан шыға бергенде сұңғақ бойлы, қою қара мұртты жас жігіт. – Ауылға, деді Ерасыл. «Апырмау ауылы несі? Бұл кісі мені қала маңындағы ауылдардың біріне апармақ па? Қыз өзімен өзі болып отырғанда Сәтбаев көшесімен зырлаған машина Достық даңғылын бойлай жоғары көтеріліп, «Медеу» мұз айдынына жете бере солға бұрылды. Сосын ирек-ирек тастақ жолмен жоғары өрлеп келіп, бірі үлкен, екіншісі кіші екі киіз үйдің алдына келіп тоқтады. – Аманжол, сен қалаға қайта бер. Біз осында біраз боламыз. Керек кезде шақырып алармын, – деді Ерасыл машинадан түсіп жатып. Киіз үй «Ауыл» атты мейрамхана екен. «Ме­деу­дің» сол жақ өкпе тұсынан көп қабатты жаңа ғи­ма­рат бой көтеріпті. Одан әрі кішігірім киіз үйлер. – Тау ауасы қандай таза, табиғат қандай сұлу! – деді Динараны киіз үйге ұқсаған дөңгелек мейрам­хананың алдында күтіп алған Ерасыл. – Қайсысына кіреміз мына екі киіз үй мейрамхананың. – Ресторанды ұната қоймаймын. Ешқайсысына кіргім келіп тұрған жоқ, аға. – Енді қайттік? – Далада сөйлесуге болмай ма? – Оған да үлгереміз. Күннің ыстығы басылғанша салқын жерде шай-пай ішіп отырып әңгімелесейік. Сол сәт бұлардың жанына қырықтың о жақ, бұ жағындағы қараторы келіншек жетіп келді. – Охо, атақты жазушы ағамның өзі келіпті ғой. Бүгін құтты күн болды. Қалайсыз, аға? – деп жік-жапар болды ол. – Ішке кіріңіздер. Қайсысына оты­ра­­сыздар, үлкеніне ме, кішісіне ме? – Оңашалау кішісі дұрыс болар. Зу-зу етіп сөйлеген әйел зып беріп ресторанның өкпе тұсындағы қызыл кірпіштен салынған жалғыз қабат жатаған ғимаратқа кіріп кетті. Екеуі мейрамхананың кеуде тұсына жете бере бір-біріне қарама-қарсы отырды. – Иә, қалқам, қалайсыз? – деп сөз бастады ойға шо­­­мып, үнсіз отырған Дина­­раның жүзінен қазіргі жастарда көп кездесе бермейтін сыпайы сынық мінезді бай­­­қап, оған сүйсіне қараған Ерасыл. – Шүкір, аға. – Сіз, әкем театрдағы «Қарагөзді» көріп пе едіңіз. Кәмила Айтжанова сомдаған Қарагөзді айтамын. – Мектепті бітіретін жылы көрдім. – Көргеніңіз, Кәмила шыққан биікке талпын­­ға­ныңыз көрініп тұр. – Сіз менің Қарагөзімді көрген екенсіз ғой. – Көргенде қандай! Көрдім, сүйсіндім. Сіз бейнелеген Қарагөзге ғашық болдым. Жастар театрындағы жаңа қойылымды көріп отырып қазақ сахнасының жарқ етіп шыққан жаңа жұлдызы сіз болар деп үміттеніп ем. – Кәмила қайтыс болғаннан кейін бірер актрисалар ойнады Қарагөзді. – Иә, дұрыс айтасыз, ойнады. Ал, сіз ойнаған жоқсыз, Қарагөз болып өмір сүрдіңіз сахнада. Содан да сіз қаралы сұлу – қайғылы Қарагөздің азапты ма­­­хаббатының дәл өзі, сахнадағы Кәмиланың көзі болып қалдыңыз көрерменнің көз алдында. Сіздің Қарагөзіңізді көргенде менің ойыма: «Махаббат үшін жанұшырған әйелді ешқандай күш тоқтата алмайды», деген сөзі оралады есімі есімде жоқ бір жазушының. – Оны айтқан Агата Кристи. Мені көтере сөйлеген сөзіңіз үшін рахмет аға! – Қарагөзден кейін радиодан Сәкен Сейфул­­лин­нің «Аққудың айрылысуын» оқыдыңыз. Алла Тағала үніңізді де ерекше жаратқан екен. Содан кейін өзіңізден көз жазып қалдық. – Өйткені театрдан біржола кеткенмін. – Неге? – Ол ұзақ әңгіме, кейін айтайыншы аға. Жарай ма, аға? – Өзіңіз біліңіз. – Қазір қайдасыз? – Киноға түскелі жүрмін. – Оныңыз да жөн шығар, – деді Ерасыл ойлана сөйлеп. – Әйтсе де театрдың орны бөлек. Актриса көп. Таланттылары да бар. Бірақ, Қарагөз жоқ. Қара­­­гөз­дер жылда тумайды. Сіз менің көз алдымда қа­ра­лы сұлу Қарагөз болып қалдыңыз. Сіз нағыз Қарагөзсіз! – Мен сіздің «Азапты махаббатыңызды» Моцарт­тың «Реквиемін» тыңдап отырып оқушы ем. – Онсыз да көңілсіз шығарманы ауыр, азалы музыканы тыңдай отырып оқу ауыр емес пе? – Екеуі үндесіп тұр. Ал сіздің «Сағыны­шы­ңыз­ды» оқығанда Штраустың «Вена орманының аңы­зын» ой­­­натып қоямын. «Азапты махаббатыңыздағы» мұң қан­­ша ауыр болса, «Сағыныштағы» сезім соншалық биязы. – Сізге екеуі де ұнады ма? – Ұнағандай қандай? «Азапты махаббат» рома­ныңызда улы-шулы үлкен қаладағы махаббат мұңын арқалаған бас кейіпкеріңіздің жандүниесіндегі азап­қа толы алапат арпалысты әрқилы көзқарастағы әр­түрлі адамдардың күрделі тағдырларымен байланыс­тыра сенімді суреттейсіз. Ал «Жалғыздық» атты хикаяңызда жүрек қылын шерткен нәзік сезімдерді көп ішіндегі дара жандүние иірімдері арқылы қалай тап басып, тамаша бейнелегеніңізге таң қалдым. «Страна чудес без тормозов» атты жапонның Харуки Муракамиінен сіздің талантыңыз артық болмаса кем емес. Жапондар осы жазушысын Нобель сыйлығына ұсынды. Ал қазақтар өзінің Ерасыл Жақсыбековын Мемлекеттік сыйлыққа неге ұсынбайды? – Соны алғанымнан алмағаным жақсы. Көрші мем­лекеттің марапатын алғанымда өлтіріп қоя жаз­даған жоқ па әріптестерім? Мемлекеттік сыйлықты алсам атып тастайды мені қызғаншақ қазақтар. – Қазақтар емес, өзіңіздің тырнақшаның ішіндегі жазушы достарыңыз, – деп түзетті Динара. – Мейлі, солай-ақ болсын. Өлтіргесін кім өл­­­тіргені маңызды емес. «Өн­­­бейтін дауды өспейтін ұл қуады», деген даланың дана шалдары. – Қазір не жазып жүрсіз, аға? – «Тәуелсіздік толғауы» деген еңбек. – Атына қарағанда кө­сем­­сөз болды ғой. – Иә. Бұл өзі көкейтесті көсемсөз десек те тәу­­­елсіздікті белгілі тұлғалар тағдырымен байла­ныс­­­тыра баяндайтын деректі әңгімелер жиыны. Соны тарау-тарауымен тергізе берейін десем, біздің одақ­тағы компьютерде отырғандардың біреуі де бос емес. – Сол еңбектеріңізді мен теріп берсем бола ма? – Онда тіпті жақсы! Аспаннан тілегенім жерден табылды ғой... – Жерден деген жағымсыз естіледі екен. Жа­ным­нан деңізші аға. – Жарайды, жанымнан дейін. – Енді негізгі әңгімеге көшкеніміз жөн болар. – Ол не әңгіме? – Өзіңіз айтпап па едіңіз, өткенде телефон шал­­­ғанда: «Ешкімге айтпаған сырымды сізге ғана айтсам деп ем», деп. – Ә, иә, есімде. Динараның уыздай ұйып тұрған аппақ бетіне атып келе жатқан таң шапағындай жұқалтаң қызғылт нұр жүгіріп өтті. – Соны кейін айтайыншы, аға! – Бәрін кейінге қалдыра беретініңіз қалай? «Өлім­нен өзгенің ертесі жақсы», демеп пе еді атам қазақ. – Деген. – Енді не кедергі? – Қазір батылым жетпей отыр. Кейін тағы бір сағат уақытыңызды қиыңызшы, аға. – С удоволствием, – деп көңілдене жауап берді Ерасыл. – Сізбен әңгімелесу қызық екен. Интеллекту­­­ал­ды жастармен сөйлесу маған өте пайдалы. Өмір­ден қалып қоймас үшін жастармен сырласқым келеді. – Аға, сізге сообщание келді. – Солай ма? Естімей қалдым, – деп қалта теле­фонына көз жүгірткен Ерасыл – Аманжол ғой, «келіп тұрмын депті», – деді жұмсақ жымиып. – Машина келсе, қалаға қайтқанымыз жөн шығар, аға. Екеуі мейрамханадан көңілді шықты. – Отырыңыз, – деді Ерасыл машинаның артқы есігін ашып. Динара Ерасылға сұраулы жүзбен бір қарады да, үнсіз келіп артқы орынға жайғасты. Ерасыл сәл ойланып тұрды да, Динараның жанына отырды. Жұтынып тұрған сұлу «Тойота» ойнақтап бара жатты. Қалаға жеткенше екеуі де үндеген жоқ. – Қайда? – деді жүргізуші қалаға кіре бере. – Алдымен Динараны жеткізіп салайық. Сосын үйге. Қайда тұрушы едіңіз? – «Мамыр» ықшам ауданында. Межелі жерге жеткесін Ерасыл машинаның есігін ашып, сыртқа шықты. – Байқаңыз, басыңызды соғып алмаңыз – деп Динараның қолынан ұстады. Ерасыл Ди­­нараның жұм-жұмсақ, жып-жылы алақанынан күректей қолымен ақырын аялай ұстап, аз-кем тұрып қалды. Сол сәт Динараның беті ду ете қалды. Ера­сыл­­­дың өн бойына өзгеше бір жылылық тарап, жүрегі шымырлап кетті... *   *   * Бүгін Ерасыл үйде жалғыз. Айгүл Мәскеуге ісса­парға, балалар демалысқа елге кеткен. Елегезіп отыр еді Динара келіп, көңілі көтеріліп қалды. – Жаңа әңгімелеріңіз алдыңғы әңгімелеріңізден де жақсы екен, – деді Дианара Ерасылмен аман­да­сып жатып. – Көлемі қанша болды? – Он екінші шрифтімен тердім. Он бет. – Рахмет қалқам! – Аға, сізге бір өтініш айтсам бола ма? – Айтыңыз. – Қанша рет көріссек те ылғи сіз деп сөйлесеміз. Бұдан былай сен деп сөйлесеңізші. – Жарайды. Онда сен де маған сен дейтін бол. – Жақсы. Дегеніңіз болсын. – Мына әңгімелер топтамасын бітіргенімізді жумаймыз ба? – деді Ерасыл. – Жусақ жуайық. Екеуі ас үйге келді. Ерасыл шампанды ашты. Жо­ғары атылған ақ көпіршік Динараға қарай шашы­ра­ды. Аппақ ақ блузкидің сол жақ бөлігі сарғылт тартты. – Кешір, Динара. – Оқасы жоқ, – деді қыз Ерасылға еркелей сөй­леп. – Өзің шампанды да жөндеп аша алмайды екенсің. – Қыздармен қыдырып көрмеген тәжірибе­сіз­дігімнен болар. – Солай болса жақсы ғой. – Кәне, мынаны алып қоялық, – деді Ерасыл шампан толы фужерін жоғары көтеріп. – Мен сен үшін ішемін, – деді Динара. – Мен сен үшін, – деді Ерасыл. Екеуі де фужер толы шампанды орталап ішіп, тізе түйістіре отырды. – Сенімен кездескелі көңілім бұзылып жүр. Алтын көрсе періште жолдан таяды деген рас екен, – деді Ерасыл Динараға етжүрегі елжірей қарап. – Жолдан тайып ештеңе қирата қоймассың. – Сені жеп қойсам қайтесің? – Мені жұтамын деп қақалып қалма. – Сен жауын шайған тап-таза жүзім сияқтысың. Қақалмаймын, жұтып жіберемін. – Қалай? – Тұршы өзің көрсетейін. – Ал, тұрдық. – Міне, былай, – деп орнынан тұрған Динараны сәмбі талдай солқылдаған белінен қапсыра құшақ­тады Ерасыл. Сосын сәл түріңкі ернінен құшырлана сүйді. – Отырайықшы, – деді болар-болмас бұлқынып, әлсіз қарсылық жасаған Динара. Екеуі біраз уақыт үнсіз отырып, бір-біріне елжірей қарады. – Әңгіме айтшы, – деді Ерасыл Динараны құшақтап. – Не жайлы айтайын? – Көптен бері айта алмай жүрген әңгімеңді. – Ол не тағы? – Ешкімге айтпаған сырыңды. – Ол сыр театрдан кетуіме тікелей байла­нысты, – деп бастады әңгімесін Динара. – Кә­мила сомдаған Дездомона мен Катеринаға қол созып, жұлдызым енді жана бастағанда күт­пеген кедергіге тап болдым. Театрдың тізгіні қолына тиген жаңа режиссер келе сала соңыма шырақ алып түсті. Емеурін танытқасын бай­ғұс­ты босқа емексітпейін деп бір күні оған: «Осы сізге не керек? Неге қыр соңымнан қалмай­­сыз?» дедім. «Екінің бірі, – деді ол беті шімірікпестен, – сен не сахнаның жұлдызы боласың, не театрдан кете­сің». «Жұлдыз болуым үшін не істеуім керек?» «Ма­ған тоқал боласың» «Сізге тоқал болғанша театрдан кетемін». «Кетсең тезірек кет. Бәрібір мен саған жұмыс істетпеймін». Осы әңгімеден соң ол менің Қарагөзімді де, Дездомонамды да өзге актри­са­ларға беріп, мені елеусіз эпизодтық рөлдермен шек­теді. Сосын театрдан өз еркіммен біржола кеттім. – Қап, әттеген-ай, – деді Ерасыл – Кәмиланың жолымен жап-жақсы жүріп келе жатыр едің. – Маған ғана емес, өнерге де обал болған сияқты. – Атам заманнан бері атам қазақпен бірге жаса­­сып келе жатқан «ұят болады, обал болады» деген ұлы сөздердің ұмытыла бастағаны өкінішті-ақ. Бірақ сен қайғырма! Жассың. Болашағың алды. – Қалай қайғырмаймын, сүйікті жұмысымнан айрылғаным аздай-ақ сүйгеніме қол жетпей жүрсе. Ол да менің жанымды түсінген жоқ әлі, ұсынған қолым жетер емес оған. Екі бірдей ауыр соққы есеңгіретіп тастады мені. – Ол кім сонша?.. Ғасырда бірақ туатын сендей асылдың қолы жетпейтін? – Мені әлі түсінген жоқсың ба? Ол сенсің, мына сенсің, – деп жылап жіберді Динара. – Қой, мұның не? Жылама! – деді мына күтпеген жайдан абыржып қалған Ерасыл бойжеткенді құшақтап. – Динара Ерасылды жас толы жанарымен үнсіз аймалады. – Көз жасың ащы екен, – деді Ерасыл қыздың жас толы жанарын сүйіп. – Ащы тағдырдан ащы жас шығады. Менің көз жасым ғана емес, тағдырым да ащы, – деді Динара көзі боталап. – Анамнан алты, әкемнен жеті жа­сым­да айрылдым. Жетім болып өсіп жетіліп ем, екінші курсты бітірген жылы ұнатқан жігітім суға кетіп, қайтыс болды. Жылаған жанымды өнеріммен жұба­тып ем, онда да жолым оңғарылмады. Өзіңді алғаш көргенде-ақ сүйіп қалып ем. Махаббат қаншалықты өрт болса, соншалықты дерт. «Махаббат кез келген қасіретті үмітке айналдырады», дегенді бір кітаптан оқып ем. Сенің басың әйеліңе байлаулы, аяғыңды балаларың тұсап тұр. Аласұрған сезімді жалғыз ақылмен жеңе алар емеспін. – «Қасірет келіп есігіңді қақса, есігіңді аш та оны­мен айқасқа түс. Қалайда жеңіп шық», депті Бетховен. Динара көз жасын сүртіп, Ерасылға сүйсіне қа­ра­ды. Сол сәт есіне жазушы мерейтойы тұсында рес­пуб­ликалық газеттердің бірінде: «Арулардай ажа­рын, серілердей сәнін бермей қаламгер ағамыз Ерасыл Жақсыбеков те алпысқа келіп қалыпты», деп басталған мақала түсті. «Қалай дәл тауып айтқан?» деп ойлады Динара. – Тартылған сымдай тіп-тік, бой қандай! Тік иық, кең кеуделі жігіт қой. Аздап бурыл тарта бастаған қою қара шашы кереқарыс кең маңдайға жарасып тұр. Келісті келген қою қас, ойлы, мұңлы қос жанар, нұр төгілген жүзін көріктендіре түсіпті. Бәрінен бұ­рын терең білім, аса биік ақыл-парасатын айтса­ңыз! Жігіттің сұлтаны ғой Ерасыл!...» – Ваннаға барып бетіңді жу. Мен шай қояйын деді, Ерасыл Динараның иығына қолын салып. Екеуі шай іше отырып, ұзақ сырласты. – Сіз Генридің «Последный лист» атты шығармасын оқыған боларсыз, – деді Динара. – Ертеректе оқығанмын. – Екеуміз сол әңгіменің кейіпкерлері сияқтымыз. – Қалайша? – Өмірден күдер үзіп, өлгелі жатқан ауру қыз терезе алдындағы ақ қайыңға қарап жатып, күз желі жұлып үлгермеген санаулы жапырақтың санымен қалған өмірін санап жатпаушы ма еді. Соған қарап жатып соңғы жапырақ үзілгенде мен де өміріммен қоштасамын деп ойлаушы еді ғой. – Бірақ, соңғы жапырақ үзілмеді, өмірден күдер үзіп, өлімге дайындалған қыз да өлген жоқ қой, – деді Ерасыл. – Оны өлтірмеген ауру қыздың ойын тап басып, түні бойы көз ілмей бір тәуліктің ішінде ең соңғы жапырағын күз желі жұлқыған ақ қайыңның суретін айнытпай салып, терезе алдына іліп, өзі қайтыс болып кеткен қарт суретшінің қайсар таланты емес пе?! Мен де сол ауру қыз сияқты қатыгез тағдырдан шаршап, өмірден де, сізден де күдер үзе бастап едім, бүгінгі кездесу үміт отын жақты. «Кез келген сүрінген сәтіңді бақытсыздыққа балама, мүмкін сенің шын бақытты күндерің сол сәттен басталар», деген Толстой сөзін ойыма оралтты. Осылайша олар көп сырласты. «Өзің алыста тұрасың. Түн ішінде қайда барасың. Қона кет», деді Ерасыл іштей. Иә, бұл ішкі ойы. Динараның қалғанын қалап тұрса да сезімін ақылы жеңді. «Жолбарысты жеңген жарты ер, сезімді жеңген бүтін ер». Сол ой, сол сезіммен такси шақыртып, бойжеткенді үйіне ұзатып салды. Динараның кетуі мұң екен ой ағысы мен сезім селі Ерасылды алды-артына қаратпай ала жөнелді. Бүгін маған не болған? Бас-көз жоқ, Динараны бас салып сүйіп алғаным қалай? Үйлі-баранды басыммен қызға қырындағандай болғаным неткенім? «Үйлен. Әйелің жақсы болса, бақытты болар­сың. Нашар болса, философқа айналарсың», демеп пе еді Сократ. Үйлендім. Бақыттымын деп келгем жоқ па күні кешеге дейін. Шынында да бақытты сияқ­тымын. Айгүлді жаман әйел деп айта алмай­мын. Сұлу десең сұлу. Ақылды десең ақылды. Өзім­нен он бес жас кіші. Ақыл-парасаты мен білімі де қата­рынан оқ бойы озып тұр. Жастық шағын, тұп-тұнық мөлдір сезімін маған ғана арнады. Қанының қызуын, жанының жылуын да аяған жоқ менен. Шы­ғар­машылық жұмыспен алаңсыз айналысуыма барлық жағдайды жасады. Оны айтасың, қаламым­нан шық­қан әрбір шығарманы зер сала оқып, талай жақсы пікір, жаңа идеямен қанаттандырып отырған жоқ па? Ректор, министр болуға шақырған ұсы­ныс­тардан да бас тартып, биік мансапты да құрбан етті мен үшін. Маған қарайлап докторлығын да кештеу қорғады. Профессор, академик атақтарын да елдің соңында алды. Кімнен кем менің Айгүлім! Қызған­шақ жау­ла­рым сырттан күңкілдеп, жанашыр дос-туыстарым «осы сенің әйелден аузыңның салымы бар» деп ашық айтпады ма? Маған деген адал­ды­ғына қы­зық­паған кім бар? Бар өмірін маған тұтас арнаған Айгүліме қарыздармын. Сөйткен Айгүлім­нің өзі жоқта өзге біреуге езеурей қалғаным қалай? Сол түні Ерасылдың жан дүниесінде аламан ойлар атойлап, алуан сезім шарпысып еді. Ол өз жүрегінде пайда болған әзірге өзге түгіл өзіне де беймәлім таңғаларлық сезім құшағында жатып ұйықтап кетті. *   *   * Динара Атырауға кеткелі он күн өтті. – Елде көп болмайтын шығарсың? – деп сұрап еді Ерасыл Алматы әуежайынан телефон шалған бойжеткеннен. – Төрт-бес күн, әрі кетсе бір апта, – деп жауап берген еді ол. – Жайшылық па? – Ата-анамның басына барып, жалғыз ағамның халін біліп қайтпақпын. Ол сипамаса кім сипайды мендей мұңлықтың маңдайынан? – Сағынған екенсің ғой, бауырыңды. – Сағынбағанда. Қу тірлікке қуырдақ болып жүріп елге бармағалы екі жыл болыпты. Бір күні жазатайым жазым болсам өкініш емес пе? – Қой, қайдағыны айтпа, – деп абайсыз от басқандай ыршып түсті Ерасыл. – Пәле қайдан дерің бар ма? Жүрегім бір жаман­шылықты сезеді. Жазатайым жазым болып кетсем... – Не болды саған жаманшылық шақырып? – Не болғанын білмеймін. Бірақ, сезімім алдап көрген жоқ еді. – Жетер енді! – деп жекіп тастады Ерасыл. – Болды! Бұдан былай айтушы болма мұндай сөзді. О несі ей, ақырзаманды айғайлап шақырып жүрген пессимистерге ұқсап. Динара елге кеткеннен кейін Ерасылдан маза кетті. Оған қайта-қайта телефон шалумен болды. Еститіні сол баяғы: «Абонент байланыс аясынан тыс жерде, немесе оның ұялы телефоны сөндірулі. Кейінірек хабарласыңыз», дейтін жаттанды жауап. Динараның хабарсыз кетуі Ерасылдың сезім от­ын лаулата түсті. Сағыныш жүрегін сыздатып үйге сыя алар емес. Отырса да, тұрса да, оқыса да, жазса да көз алдынан сүйіктісінің сүйкімді бейнесі кетпей қойды. Өстіп отырғанда Динараның өзі телефон шалды. – Қайдасың? – деді Ерасыл жүрегі алып ұшып. – Алматыдамын. – Қашан келдің? – Ұшақтан жаңа ғана түстім. – Соңғы төрт күн бойы хабарсыз кеттің ғой. – Ағам екеуміз Таушыққа барып келдік. Ол жақта байланыс жоқ. – Ағаң қалай, дұрыс па жағдайы? – Жаман емес. – Мен саған қазір келемін. – Сен келгенше түн болып кетеді. Лучше ертең. – Ертең міндетті түрде келемін. Күт! – Кел, күтемін! Ертесіне кешкісін Ерасыл Динараның үйіне келді. Ол жалға алған бір бөлмелі пәтерде жалғыз тұ­ру­шы еді. Бірін-бірі сағынған қос ғашықтың құшақ­та­ры айқаса кетті. Екеуі бірін-бірі аймалап ұзақ тұрды. – Бүгін виски ішеміз, – деді Ерасыл. – Ішсек, ішелік, – деді Динара. Вискиге сүйіс қосылып қаны қызған Ерасыл: – Ертерек демалайықшы, – деп Динараны асық­тыра бастады. – Асықпа. Күшің тасып бара жатса көрерміз. Түн ұзақ қой, – деді Динара күлімдеп. «Ақ төсекте екеуміз бірінші рет кездескелі тұрғасын қайдан білейін деп едің қайратымның әлі қайтпағанын. Түн тыныштығын берсе есіңнен тандырармын сені», деді іштей Динараның сөзінің астарын аңғарған Ерасыл. Сол күні олар кеш жатып, кеш тұрды. – Бұрын да сұлу едің, бүгін тіпті құлпырып кетіпсің, – деді таңғы ас үстінде Ерасыл Динараға. – Қарға аунап тұрған түлкі құлпырып кетпей қай­тушы еді? Өзің ғой суи бастаған қанымды қыз­дыр­ған, – деп сыңғырлай күлді Динара. – Күлкің қандай сұлу еді. Алтын табаққа күміс теңге төгілгендей. – Бәрі көңіл-күйге байланысты ғой. Көңіл-күйің болмаса сұлулық та суық тартады. – Көңіл-күйіңді түсірме. – Ол саған байланысты. – Мен сен үшін бәріне дайынмын. – Рас айтасың ба, күнім! – Шыным осы, гүлім! – Жаным менің, жалғызым! Жалын атқан қос жүрек бірге соғып, бірге жанды. *   *   * Ерасылды қалың ұйқыдан қалта телефонының шырылы оятты. – Тыңдап тұрмын, – деді Ерасыл ұйқылы-ояу. – Ереке, мезгілсіз мазалағаныма кешірім өтіне­­­мін, – деді ар жақтан естілген әйел даусы. – Ұйықтап жатқан боларсыз. Білемін, Алматы мен Американың уақыт айырмашылығы он екі сағат қой. Телефон соқ­па­сыма болмады. – Бұл кім? – деп мезгілсіз телефон шалған әйел­дің сөзін бөлді Ерасыл. – Бұл мен ғой. Динараның құрбысы Айғаным­мын. Алматыдан звондап тұрмын. – Жайшылық па? – Динара, – деді Айғаным дауысы дірілдеп. Сөзінің аяғын айта алмай жылап жіберді. – Динарадан айрылып қалдық. – Қашан, қалай? – деп ышқына айғайлаған Ерасыл төсектен атып тұрды. – Кеше, Алматыда жай түсіп... Сіз келесіз бе, топырақ салуға үлгересіз бе? – деді әр сөзін үзіп-үзіп әрең сөйлеген Айғаным. – Келемін! Мені күтіңдер. Ерасыл осыны айтты да қалта телефонын лақты­рып жіберді. Емен есікке барып сарт еткен қалта телефоны: «Менің жазығым не?» дегендей «дың» етіп еденге құлап түсті. Ерасылдың шығармашылық сапармен АҚШ-қа келгеніне он күн болған. Елге бір аптадан кейін қай­туы керек еді. Динарамен күні кеше ғана сөйлескен. – Жаңалық айтайын ба? – деген ол сонда. – Айта ғой, жаным! – деп еді Ерасыл. – Бүгін дәрігерде болдым. Екеуміздің баламыз бар, ұл екен. – А, а, иә, – деп абдырап қалды Ерасыл. – Әкесіз баланы қалай өсіремін? – Оған қам жеме. Сен де менікісің, бала да менікі. Екеуміз бірге өсіреміз оны. – Сені аяймын. Қиын болады ғой саған. – Маған ең қиыны сенен айрылу. Сен жанымда болсаң қалған қиындық түк емес. Сен үшін бәріне де дайынмын, жаным! Күні кеше ғана болған сол әңгіме Ерасылдың көкірегінде сайрап тұр. Енді, міне, ай батып, күн сөнді бір-ақ сәтте. Неткен қатыгез өмір еді бұл?.. ...Ауыр қайғы еңсесін езген Ерасыл бар мен жоқтың, өң мен түстің арасында мең-зең болып жүріп Алматыға да жетті. Халық өзінің сүйікті актрисасымен Жастар теат­рында қоштасты. Өзге түгіл өзіне де түсініксіз күй­де, қатты жан күйзелісінде жүрген Ерасыл қаралы жиын кезінде көзі қарауытып құлауға шақ қалды. Қаралы қалың топтың арасында тізесі дірілдеп Кеңсайдағы зиратқа әрең жеткен ол жылап тұрып бір уыс топырақ салды өзінің сүйікті Динарасына... Сол сәт жарық дүние қап-қараңғы көрдей болып көрінді... «Рицпалас» мейрамханасындағы астан соң құр сүлдесін сүйретіп, үйге әрең жетті Ерасыл. Оның ауыр халде жатқан аурудай боп-боз түрін көріп шошып кеткен Айгүл: – Түсің қашып кетіпті ғой, не болды саған? – деді. – Ауырып қалдым, – деді Ерасыл. – Дәрігер шақырайын. – Керегі жоқ. Қатты шаршап тұрмын. Жатып демаламын. Ерасыл осыны айтты да төсекке киімшең құлай кетті. Сол күні түнде ол түсінде қаралы сұлу Қарагөз – Динараны сан мәрте көрді... *   *   * Динара қайтыс болғаннан кейін Ерасылда қан қы­сымы пайда болды. Жүрегі шаншып, жиі ауы­ра­тынды шығарды. Айгүлдің қолқалауымен ауруханаға жатып, ем де қабылдады. Жазу мен оқуды да шектеп, қызық думан кештерге де барды. Бірақ соның бәрі жанын сыздатқан дертке дауа бола алмады. Шыбын жаны қуырдақ болып қуырылған Ерасыл аз уақытта қатты жүдеп, адам танымастай болып азып кетті. Динараның жоқтығына төзе алмай қайғыдан қан құсып жүргенде мұның сағынышпен сарғайған жа­нындай сары жапырақты күз де келіп жетті. Күздің алғашқы күні Ерасыл Динараның қабірінің басына барды. Зираттың бас жағына қойылған қоңыр мра­мор­дың үстіңгі жағындағы бойжеткеннің жоғары оқу орынын бітіретін жылы түскен суретіне қарап, сүй­ік­тісімен іштей сырласып, ұзақ отырды. Ана жолы Ерасыл Америкаға кетерде Динара мұны әуежайға дейін ұзатып салмап па еді. Сол жолы ол бұған бұ­рынғыдан да бетер ынтыға қарап, құша­ғынан босатпай қойғаны қайда? Сол жолы Ерасыл да Динараны бұрынғысынан да бетер құштарлықпен құшақтап, өзе­гі өртене сүйіп еді-ау. Сонда соның бәрі соңғы сүй­іс, соңғы бақыт екенін сезді ме екен ғашық жүректер. Кенет қара дауыл тұрып, соңы шелектеп құйған нөсер жаңбырға ұласты. Үсті-басы ілезде малмандай су болса да Ерасыл ескі «Маздасына» отыруға асыққан жоқ. Жаңбыр суы араласқан көз жасымен бетін жуа берді, жуа берді. Көз алдынан қаралы сұлу Қарагөз – Динара кетпей қойды. Аспан аударылып жерге түскендей. Дүниені түнек басып, ақыр заман орнағандай. Қырық жамау жүректің тыртықтарын әл­дебір тарғыл мысық аяусыз тырнап жатқандай. Тағ­дыр мен табиғаттың қара дауылы мен нөсер жа­уы­нына қатар ұрынған мұның қаралы халін кім ұғар? Аяулысын жоғалтып көкірегі қайғыдан қарсы айрылған Ерасыл күздің қара суығы мен нөсер жаңбыры астында, қара дауыл құшағында суықтан қорғалаған торғайдай болып, аяқ-қолын бауырына жинап, бүрісіп отыр. Қара дауыл екілене соғып тұр. Қара жаңбыр шелектеп құйып тұр. Көз алдында қаралы сұлу Қарагөз – Динара! Ерасыл ет жүрегі езіліп Динараны өмір бойы ұмыта алмайтынын, жанын қинаған азапты өле-өлгенше арқалап, о дүниеге өзімен бірге ала кетерін жан жүрегімен ұқты... Сәбит ДОСАНОВ,Алматы.