• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2011

Өңірде оң өзгерістер көп

357 рет
көрсетілді

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен дүйсенбі, сейсенбі күндері Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды. Мәжіліс спикері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халқымызға арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалу барысымен танысу мақсатында Шортанды, Бұланды және Зеренді аудандарын аралап, бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарда болып, еңбек ұжымдарымен жүздесті. Мәжіліс Төрағасының сапары барысында Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко бірге болды. Орал Байғонысұлы алдымен Шортандыдағы А.Бараев атын­да­ғы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына атбасын тіреді. Солтүстік өңірдің басты ғы­лыми орталығы ауыл шаруа­шы­лығы өндірісін дамыту бары­сында іргелі жетістіктерге қол жеткізуде. Орталық директоры Жексенбай Қасқарбаев егіншілік мәдениетін көтерудегі озық тех­нологияны енгізу қадамдары, өнім­ділігі жоғары жаңа тұқымдарды сынақтан өткізіп, қолдану бары­сы, ауыл шаруашылығы маман­да­ры мен шаруа қожалықтары­ның өкілдерінің біліктілігін арт­тыру жұмыстары туралы кеңінен әңгімеледі. Мәжіліс Төрағасы осындағы мұражай жәдігерлері­мен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. «Бай-Азат» ЖШС – аудандағы өндірісі өрге домалап тұрған ша­руашылықтардың бірі. Мұнда 2010 жылы 259,1 миллион тең­ге­нің өнімі шығарылса, биылғы алты айда 143 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, облыс пен Астана тұты­ну­шыларына жөнелтілді. Мәжіліс Төрағасы серіктестіктегі 49 адам­ның айлық жалақысы 45-50 мың теңгені құрайтыны бола­шақ қа­дам­дардың оң ырғағын қам­тама­сыз ететіндігімен байла­ныстырды. Орал Мұхамеджанов Шор­тан­ды кентіндегі Қазақстан Прези­дентінің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынған 1200 орындық мектеп жұмысына айрықша ықылас қойды. Мемлекет қамқорлығына жауап ретінде мектеп түлектері биылғы бір­ың­ғай ұлттық тестілеуді 80 баллдық көрсеткішпен аяқтаған. Құрметті мейман балалармен емен-жарқын әңгімелесіп, оларға өзінің кітап­тарын сыйлады. Табиғаты тамылжыған Бұлан­ды ауданы бітік егін өсіріп, мал шаруашылығын жаңа технология­мен дамытуда жемісті жолда келеді. Орал Байғонысұлы білікті ма­ман Норик Варданян басқара­тын «Фирма Нанар» ЖШС-інде болып, өндірісті әртараптандыру бағытына оң бағасын берді.  Фирма осыдан төрт жыл бұрын көршілес «Новобратский» асыл тұқымды шаруашылығынан 86 ақ бас тұқымды ірі қара сатып алған еді. Қазір оның саны 250-ге жетіп, аналық мал 185 басқа жетіпті. Жемшөптің 1,5 жылдық қорын дайындаған шаруашылық ет өн­діруде озаттар қатарынан көріну­ге сенімді. Аудан басшылығының көмегімен «Нанардың» шабын­дығы мен жайылымының көлемі 1700 гектарға арттырылыпты. Сон­дай-ақ, жыл сайын өндіріске 23-25 миллион теңге инвестиция құятын серіктестік 14 000 гек­тарға бидай, 500 гектарға арпа, 400 гектарға қарақұмық және 100 гектарға сүрлемдік жүгері өсіріп отыр. Ауыл іргесіндегі №67 ал­қап­тың белуардан келетін егін масақтарын салмақтап көрген спи­кер диқандар жүзінің нұрлана түсуіне тілектестік білдірді. Кезінде әйгілі сегіз қырлы саңлақ Балуан Шолақ дүбір­лет­кен өңір әлеуметтік дамуда да алда келеді. Былтырғы желтоқсан айында зәулім «Балдырған» ба­ла­бақшасы пайдалануға берілсе, бүгін Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы Орал Мұхамеджанов пен облыс әкімі Сергей Дьяченко президенттік «Балапан» бағдар­ла­ма­сымен салынған 140 орын­дық қос қабатты «Балдәурен» бала­бақ­шасын ашты. Салтанатта құт­тықтау сөз сөйлеген Мәжіліс спикері қазіргі кезде еліміздің түк­пір-түкпірінде осындай балалар бақшасы, емдеу орындары, мәде­ни-тұрмыстық мекемелер көптеп ашылып жатыр. Мұны Елба­сы­ның елге қамқорлығы ретінде ба­ға­лаймыз. Бүгін мұндай нысан­дар үлкен қажеттілікке айналды. Бұланды ауданында мектеп жа­сы­на дейінгі мекемеге сұраныс­тың 90 пайызы қамтамасыз етілгені зор жетістік. Ел қуанышы көбейгені мемлекетіміздің қуат­тан­ғанының, мерейіміздің өске­ні­нің айғағы, деген Орал Байғо­ныс­ұлы барлық қолайлылықтар қарастырылған балалар бақ­ша­сын аралап, сәбилер байғазысына үлкен теледидар байлады. Жиналған қауым аудан әкімі Ермек Нұғымановқа, құрылыс ісін қысқа мерзімде әрі сапалы аяқ­таған «Ақмола Транс Сервис-3» ЖШС директоры Марат Бейсеновке, Бұланды ауданының құр­мет­ті азаматы Бигелді Ғабдул­лин­ге алғыс айтып, алдағы жұ­мыстарына табыс тіледі. Мақта­са, мақтайтындай бар. «Балдәу­рен­нің» жатын бөлмелері, дем­алыс және ойын бөлмелері, дәрі­герлік бөлмесі, асхана, музыка және спорт залдары көз тартады. Балабақша бүлдіршіндерге қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін бо­лады. Қазір мұнда 47 адам жұ­мыс істесе, оның 19-ы педагог мамандар екен. Жиналған қауым Зәмзәгүл Мақшанайқызы мен Ба­қытгүл Қожабергенованың бүл­дір­шін шәкірттерінің концертіне қошеметпен қол соқты. Бұдан кейін мәртебелі мейман Зеренді ауданында салынып жат­қан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысында болып, осындағы партиялық бақылау бекетінің қызметімен танысты. Мәжіліс Төрағасының екінші күнгі жұмысы да қауырт әрі кең ауқымды болды. Ол үдемелі индус­триялық-инновациялық жобамен жұмыс істейтін «Агример Астық» ЖШС ұн тарту кеше­ні­нің, «Көкшетау минералды сула­ры» ЖШС-нің жаңа желілерінің, «ЕНКИ» ЖШС-нің керамикалық кірпіш шығару технологиясымен танысты. Парламент Мәжілісінің Төр­аға­сы, «Нұр Отан» ХДП депу­тат­тық фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов партияның облыстық филиалында тұрғын­дар­ды қабылдап, облыс активінің жиналысында сөз сөйледі. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. Суретте: «Фирма Нанар» ЖШС-нің егістік алқабында.