• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Партияның ұстанымы – халыққа қалтқысыз қызмет

492 рет
көрсетілді

“Нұр Отан” ХДП халықтың қысылғанда арқа сүйер асқар тауына айналып келеді. Партия жанындағы қоғамдық қабылдауға күн құрғатпай арыз-шағым­дарымен келген жұрттың қарасы күн сайын көбейіп келе жатқандығының өзі партияның ел өміріндегі беделін, белсенділігін аңғартқандай. Тілде сүйек жоқ. Дастар­қаныңнан дәм татып отырып, шетін тіліп кететіндер, елдің жақсы­лығын емес, көлеңкелі жағын термелейтіндер, сол арқылы мемлекеттің беделін түсіруді көксейтіндер “Нұр Отан” ХДП-ны кешегі коммунистік партияға теліп, шындықтың өңін айналдырғысы да келеді. Қиыннан қиыстырып тұрғаннан кейін қарапайым жұрттың кейбірі сеніп те қалады. Партияға адвокат керек емес. Әйтсе де мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалардың орындалуын қадағалап, жүзе­ге асуына ықпал етіп отырған партияның атқарып жатқан жұмыстарымен жұрт жақын танысуға тиіс. Біз осы мақсатпен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Уәлихан БИШІМБАЕВПЕН сұхбаттасып, біраз сауал­дарымызға жауап алған едік. – Уәлихан Қозыкеұлы, бүгінде елімізде үлкен саяси күшке айналған “Нұр Отан” ХДП-ның атқарып жатқан жұмыстары жұрт­тың көз алдында. Кәтепті қара нарға жүк болар­лық­тай жұмыстарға басшы­лық жасап отырған партия мемлекеттік бағдар­ламаларды қадағалауды, жеделдетуді қолға алып отыр. Бұл – оңай тірлік емес. Партия ел күткен уә­десінен шығып отыр ма? Қазақтың Қалтайы “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” деп баға берген облыста қандай бастамаларға жетекші болып келеді? – «Нұр Отан» партиясы өзіне жүк­телген міндеттерді абыроймен атқару үстінде. Мәселен, облыстағы филиал­дары арқылы жер-жерлерде Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарла­ма­, «Жол картасы», «100 мектеп, 100 аурухана», «Жұмыспен қамту-2020» және өзге де ең маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа жобалардың жүзеге асырылуын айрықша қадағалай­ды. Жұмыс барысында кездесетін өзекті мәселелерді тұрақты талқылап, оң шешімдерін ұсынып отырады. Әсіресе, бүкіл әлемді әбігерге түсір­ген қаржы дағдарысы кезінде партия өзінің қарым-қабілеті мен күш-қуатын айқын көрсетті. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе оты­рып, жемісті де жеңісті еңбек ете білді. Еуропаның бірқатар елдері әлеуметтік бағдарламалары мен бюджеттің шығыс бөлігін қысқартуға мәжбүр болғаны белгілі. Ал Президенттің тапсырмасы бо­йын­ша қолға алынған Үдемелі индус­триялық-инновациялық бағдарламаның нәтижесінде еліміз аталған экономи­ка­лық қиындықтан оңай өтіп, болашаққа серпінді қадам жасады. Мәселен, жаңа­дан 227 кәсіпорын іске қосылып, 160 мың жұмыс орны ашылды. Бұл тұста Мемлекет басшысы, партиямыздың Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан еңбегін атап өту қажет. Елбасы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында, «Нұр Отан» партиясының XIII съезінде қазақ­стандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөнінде міндеттер қойғаны естеріңізде болар. Тіпті, отандастары­мыз­дың өмір сүруі­нің жоғары деңгейін, олардың денсаулығын, қолайлы баспа­наға қолжетімділігін қамта­масыз етуге бағытталған жаңа бағдарлама қабыл­данды. Сондықтан денсаулық сақтау, білім беру мен шағын және орта кәсіп­керлікті қолдау, жұмыссыздықпен күрес, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері қашанда мемлекеттің басты назарында. Бұл – әлеуметтің жағдайын Қазақстанның экономикасын көтеру арқы­лы жақсарту деген сөз. Жемқорлық қылмыспен күрес және жастар мәселесі де қоғамның ең өзекті проблемаларының бірі болып табылады. Бұл туралы партияның XIII съезінде жан-жақты айтылды. Мысалы, білім беру саласын алайық. Соңғы жылдары ол күрделі өзгерістерге ұшырады. Бәлкім, сырт көзге байқала бер­мейтін шығар. Алайда, аталған сала­ның басы-қасында жүрген маман ретінде жақсы жаңалықтарды байқау қиын емес. Кешегісі бүгін ескі болып қалатын мына зымыран заманда үнемі білімнің сапасын арттырып отыру қажет. Ол үшін не істемек керек? Бірінші кезекте мұғалімдер мен оқытушы-ғалымдарымыз өздерінің білімдерін жетілдіріп, қазіргі уақытпен ілесіп отыруы керек. Сонымен қоса, оқытудың жаңа әдістері мен техноло­гиясын меңгеру қажет. Сонда ғана жас­тарға заманауи білім бере аламыз. Тағы да айтатын мәселе, таяуда білім туралы арнайы жаңа бағдарлама мен «Ғылым туралы» Заң қабылданды. Бұл білім беру саласын жаңа сатыға көтеріп, ғалымдарға зор мүмкіндіктер ашады. Бөлініп жатқан қаржы да қомақты. Инновациялық-индустриялық бағдар­ла­маны да ерекше айтып кетуге болады. Өйткені, инновацияның дамуы кез келген мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды шаруа болып табылады. Оның үстіне бүгінгі уақыт барлық елдерді иннова­циялық бәсекеге түсуге шақырады. Бұл тұрғыда Қазақстан әлемдік рынокта өзінің лайықты орнын иемденуі қажет. Таяуда Ресейдің танымал теле­жүр­гізушісі Михаил Гусман АҚШ президенті Барак Обамадан сұхбат алуы кезінде: «Америка қиын жағдайды басынан өтке­руде. Бұл жағдайдан қалай шықпақ­сыздар?» деп сұрады. Сонда Обама: «Уа­қытша болса да, тығырықтан шығудың жолын таптық. Ең бастысы, алдағы уа­қытта жұмысты неден бастаймыз? Мәселе сонда. Ғалымдары­мыздың иннова­циялық-ғылыми еңбектерін өндіріске қоюымыз керек. Оларды жаңа инновациялық техноло­гияларға айналды­рып, тауар ретінде әлем­ге сатуды бастаймыз. Керек болса, қары­зымызды да солармен өтейтін боламыз», деп жауап берді. – Азуын айға білеген Американың қаржы дағдарысының қайта айналып соғуынан естен танғандай күй кешкенін дүние жүзі көрді. Жаңа инновациялық технологияларға өту керектігін Елбасы­мыз ертеден көтеріп келеді. Сіз бас­қарып отырған университет ұжымы да отандық кәсіпкерліктің дамуына жаңа технологиялар ұсынып еді... – Дұрыс айтасыздар. Біздің Елбасы­мыз­дың көрегендігі сол, дүние жүзін қаржы дағдарысы бір тарының қауызына сыйғызбай тұрып осы мәселені көтерген. Жаңа инновациялық технологияларды дамыту – бұл өмір бойы оқу, іздену деген сөз. Мұны іске асыру үшін Президент нақты 4 бағытты көрсетіп берді. Біріншіден, ғылыми-зерттеу орталықтары мен ин­новациялық басқару жүйесін модерниза­ция­лау. Екіншіден, ірі бизнес пен ұлттық компанияларды инновациялық жобаларды қаржыландыруға тарту. Үшіншіден, шағын және орта бизнеске инновацияларды да­мыту үшін жағдай жасау. Төртіншіден, болашақтың инновацияларын дамытуды қолға алу. Міне, біз осыған көбірек көңіл бөлуіміз керек. Мысалы, өзім басшылық жасайтын университеттің бір топ ғалымы дәл қазір осы мәселелермен айналысуда. Бірақ, ғылымның нәтижесі бірден көрін­бейді. Ол үшін уақыт керек. Кезiнде қазақтың заңғар азамат­тарының бiрi Қалтай Мұхамеджанов: «Ұлыстың ұйытқысына» балаған Оңтүс­тiкте бүгінде халықтың тұрмыстық қаже­тiн өтеу үшiн атқарылып жатқан оңды iстер аз емес. Мәселен, «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дарламасын алайық. Бұл біздің облыс үшін аса қажет. Елдiң етек-жеңi жиылып, еңсесi тiктелгелi бала туу көрсеткіші де артқан. Оның үстіне кли­маты жайлы, шұрайлы жерi күнкөрiске қолайлы өңірге сырт жақтан ағылған ұлы көш әлi де жалғасуда. Сондықтан 100 мек­тептің 38-і оңтүстіктен бой көтеруі заң­дылық. Бұл білім ұяларындағы үш ауы­сымда оқыту мәселесін оң шешуге ықпалын тигізді. Сонымен қоса, қаншама ескі мектептер күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жақ­сар­тыл­ды. Қажетті заманауи құрал-жаб­дықтармен жабдықталды. Оңтүстiк – этнодемографиялық жағы­нан аса күрделi аймақ. Дей тұрғанмен, 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң басын бiр шаңырақтың астына бiрiктiрiп отырған облыстағы 3 миллионға жуық халықтың денi – қазақтар. Оның үстіне еліміздегі әрбір бесінші сәби осында дүние есігін ашады. Сондықтан республика үшін бұл өңірдің орны ерекше. Екіншіден, медицина мәселесіне тоқ­талуға болады. Әлгі жоғарыда айтыл­ған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша облыста соңғы кезде 7 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Мы­сал ретінде облыстық қан және пери­наталдық орталықтарын айтуға болады. Ал кардио­хирургиялық орталық толық жаңартылды. Енді жүрекке күрделі оталар осында жа­салады. Бұрын науқастар Мәс­кеу, Гер­мания немесе Израиль асатын. Жасы­ратыны жоқ, оны қара­пайым адам­дардың қалтасы көтермейтін. Қазіргі таңда дәрігерлер шетелде жасалатын ем-домды жергілікті жерде көрсете береді. Сонымен қатар, облыста көптеген ауруханалар, емханалар және орталықтар соңғы үлгідегі құрал-жаб­дықтармен жабдық­талған. Оңтүстіктегі келесі бір өзекті мәселе – тұрғындарды сапалы ауыз сумен қам­тамасыз ету. Оған биыл «Ақбұлақ» бағ­дарламасы аясында 17,6 млрд. теңге жұмсалатын болады. Ондаған елді мекен­дердің мыңдаған тұрғындары жыл соңына дейін тіршілік нәріне қол жеткізеді деп күтілуде. Барлық жерде бақылау-есептеу жабдығы орнатылмақ. Бұл суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Бастысы, облыста құрылысы жүргізіліп жатқан әлеуметтік маңызы бар нысан­дардың сапалы жүргізілуі мен мерзімінде тапсырылуы және жүзеге асырылып жат­қан «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұ­мыспен қамту-2020» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар партияның қатаң бақылауында. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен жергілікті билік тығыз әрі тиімді жұмыс атқарады. Осы жерде облыс әкімі әрі партия облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметовтің іскерлігі, басқарушылық қасиеті мен әрекетшілдігін атап өткім келеді. – Жасыратыны жоқ, соңғы кезде шені мен шекпеніне қарамай партия қа­тарынан шығарылғандар саны артуда. Бұл партияішілік тәртіптің босаңсы­ғанын көрсете ме, әлде мұның өзге де себептері бар ма? – Әрине, мұндай жағдайлар орын алуда. Бірақ, ол тәртіптің босаңсығанын білдірмейді. Бастысы, мұны қалыптасқан үрдіс деп те айтуға болмайды. Меніңше, бұл өзінің қара басын ойлайтын мансап­құмарлардан қатарын тазарту. «Нұр Отан» партиясының бекітілген Жарғысы мен ережесі бар. Міне, осыларды сақтау, ұстану керек. Ал егер партияның мүшесі ережені ұстамаса, сақтамаса, әрине, ондайларға біздің қатарымыздан орын жоқ. Сонымен қатар, кездейсоқ адамдар туралы да осыны айтуға болады. Саннан сапаға өту деген бар. Бұл – табиғи үдеріс. Сондықтан қазір сапаға өту үдерістері жүріп жатыр. Жалпы, партияға жан-жақты, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті бар адамдар­ды тарту керек. Қоғамда орын алып жат­қан саяси, әлеуметтік-экономи­калық, өзге де мәселелерге талдау және баға бере ала­тын болса құба-құп. Сонымен қатар, адамдармен тіл табыса алатын, түрлі тақы­рыптарға өзінің көзқарасын ашық білдіретін, әрі пікірсайыс ұйымдастыра білетін адам болғаны дұрыс. Адами қасиет­теріне де көп көңіл бөлгеніміз жөн. Бірақ мына бір мәселені айта кетсем, қателік­терден ешкім сақтандырылмаған. Сондық­тан бас салып қатардан шығара бермей, қателік­терін қайталамауына жәрдем беру, дұрыс жол көрсету керек. Бастысы, пар­тиялық қағидат бәрінен жоғары тұруы тиіс. – Жалпы, партияға шынайы берілу деген не? – «Нұр Отан» – Президент пікір­лестерінің партиясы. Өзімді осы қатарға қосамын. Партия жұмысының сөзге емес, нақты іске бағытталуы мені жігерлендіреді. Ал шынайы берілу – ол өзіңнің жасап жатқан тірлігіңе адалдық таныту! – Соңғы кезде партия қатарын то­лықтырып жүрген жастарға көңіліңіз тола ма? Мұны сұрауымыздың себебі, бүгінде өскелең ұрпақ мансапқұмар деген әңгімені жиі естиміз. Айталық, өзіңіз басшылық жасап отырған оқу орнында партияның «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшелері бар. Мәселен, солардың ара­сында түрлі сылтаулармен білімді шетке ысырып, «шолақ белсенділікпен» айна­лысып жүргендерді де көзіміз шалды. Осы дұрыс па? – «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты өскелең ұрпақтың басым бөлігін қызықтыратыны рас. Бүгінде жастарға көп мүмкіндік берілген. Мәселен, Елба­сының төл жобасы – «Болашақ» бағдар­ламасын алайық, қаншама жастарымыз шетелде білім алып келді. Жалпы, білім беру саласы соңғы он жылда өте жоғары деңгейге көтерілді. Мысалы, 2000 жылды қазіргі уақытпен салыстыра алмайсың. Қазіргі жастар өте зерек, дарынды. Кейде олар туралы әртүрлі сыни әңгіме­лерді жиі құлағым шалып қалады. Сол сынайтындар – өткен күннің адамдары. Себебі, әр уақыттың өзіне сай жастары болады. Бүгінде жастар жан-жақты ақпа­рат­тандырылған, бірнеше тілді біледі. Олармен жұмыс істеу оңай емес, әрине. Үнемі деңгейіңді көтеріп отыруың керек. Ал сіздер айтқандай, білімді ысырып қойып, «шолақ белсенділікпен» айналысу дұрыс емес. Бірақ, көпке топырақ шашуға тағы болмайды. Оқу мен қоғамдық жұ­мыс­ты қатар алып жүретін ұл-қызда­рымыз жетеді. Мәселен, Максим Нико­лаевты айтсақ болады. Университетімізде жастар комитетін басқарды, КВН-де ойнады. Қазақшаға судай ағып тұр. Қазір – Астанада. Оксана Петерс – ол да біздің түлегіміз. Екеуі де бүгінде сіздердің әріптестеріңіз – журналистер. Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев та біздің шәкірт. Облыстық, аудандық әкім­діктерде, басқармалар мен департаменттерде, министрліктер мен ұлттық компанияларда түлектеріміз та­бысты еңбек етуде. Сондықтан бүгінгі жастарға көңілім толады. Университетте студенттерге тең әріп­тес ретінде қараймыз, ашық сөйлесеміз, пікірлеріне құлақ асамыз. Жасыратыны жоқ, идеяны әріптес ретінде жастардан алатын кезіміз де аз емес. Осыдан барып бір-біріңе деген сенім туады. Міне, осы қағидатта тәрбиленген жастар «Жастар қанатының» белді де белсенді мүшесі болады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиа­лының бастамасымен өңірімізде «Партияның кадрлық резерві» құрылды. Оған университеттердің үздік бітірушілері, шетелдердің жетекші оқу орындарын бітіргендер, яғни жан-жақты, дарынды жастар қабылданады.  – Өткенсіз болашақ жоқ дейміз. Таяуда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловқа Мәскеу төрінде ескерткіш тақта орнатып қайттыңыздар. Осы іс-шараның басы-қасында жүрген азамат ретінде ойыңызды білсек? – Тәуелсіздік алдық, шекарамызды белгіледік, мемлекеттік рәміздерімізді қа­был­дадық, төл теңгемізді дүниеге әкел­дік, Ұлттық қорымызды құрдық. Елі­міздің көп векторлы саясатының арқа­сында АҚШ, Еуропа елдерімен, Мұсыл­ман әлемі, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері және көптеген халықаралық ұйымдармен тең әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Осы дәрежеге жету жолында Қазақстан кездескен күр­делі мәселелер аз болған жоқ. Алайда, осы бір қиын-қыстау кезеңдерде Ұлт көшбасшысы, әлемдік деңгейде мойын­далған сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев елінің тағдырын өз қолына алды. Міне, тарихқа зер салсақ, дана хал­қы­мыздың осындай дара ұлдары аз бол­мағанын көреміз. Солардың бірі әрі бірегейі – Тұрар Рысқұлов. Оның тра­гедия­ға толы тағдырына тоқталмай, бір нәрсені айтқым келеді. Бүгінде кейбір оқымысты-тарихшыларымыз Тұрар мен алаш ардақ­тыларын бір-біріне қарсы қойғысы келеді. Шындық иілетін шығар, бірақ сынбайды. Ақиқат бәрібір атқылап шыға­ды. Олардың ұстанған бағыттары бөлек болғанмен, арман, мақсат-мүд­делері ортақ-тын. Ол – халқының азаттығы болды. Мәскеудің қақ төрінде, адам көп жүретін Покров бульварында Тұрардай тұлғаға ескерткіш тақта орнатылуы кез келген қазақтың көкірегіне мақтаныш сезімін ұялататыны рас. Ескерткіш тақта­ның ашылу салтанатына халық көп жи­налды. Қазақстаннан барған делега­ция­­ларды айтпағанда, бұрынғы отандас­тарымыз, орыстың оқымыстылары мен зиялы қауымы һәм шығармашылық өкілдері, Мәскеуде тұратын қандаста­рымыз келді. Мүсінші Азат Баярлин қазақтың айтулы перзентін шынайы шеберлікпен сомдаған. Тірі Тұрарды көр­гендей болдық. Тұрар Рысқұловты әлі зерттеу керек. Бір ғана 26 жасында Түркістан Республикасын басқаруының өзі неге тұрады?.. – Тарихи тұрғыдан қарағанда, күр­меуге келмейтін қысқа мерзім ішінде еліміздің жеткен жетістіктерін ауыз толтырып айтып жатырмыз ғой. Енді бір тағы 20 жылдан соңғы Қазақ елін қалай елестетесіз? – Алла амандығын берсе, Қазақ елі оған да жетеді. Ол үшін бастысы – бауырымыз бүтін, елімізде тыныштық пен бірлік болсын деп тілейік. Өз басым экономикасы мықты, тілін, ділін, салт-дәстүрін сақтаған, мәдениеті жоғары ел ретінде көремін. Бүгінде оның барлық алғышарттары қаланды. Кешегі алаш ардақтыларының: «Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік», дегенін 20 жыл емес, 20 ғасыр айтып жүрсін бұл қазақ. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, Ербол ЕРМЕНТАЕВ, журналист. Оңтүстік Қазақстан облысы.