1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың толассыз жалғастырған реформалық өзгерістері, елдің даму барысында өткен тарихқа тереңінен үңілуі мемлекеттің нығаюына үлкен ықпал еткені сөзсіз. Президенттің болашаққа бағытталған идеяға негізделген басқарушылық қабілеті мен мемлекет дамуының 2030, 2050 жылдарға арналған стратегиялар, сондай-ақ, жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдаулары әлем жұртшылығы тарапынан қызығушылық тудырды.
Жақында Нұрсұлтан Назарбаев осыларға ұқсас «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, латын әліпбиіне көшу туралы айтқан ұсынысы мен талабы тағы да көпшіліктің еріксіз назарын аудартты. Шынтуайтына келгенде, латын әліпбиіне көшу туралы мәселе 2012 жылы айтылған-ды. Осы жолы Н.Назарбаев 2025 жылы жүзеге асатын жобаны жеделдететін, сондай-ақ, кепіл болатын нақты қадамдарды тізбектеп көрсетті. Қазақтар 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиін қолданған. Әсілі, бұл – тек Түркия мен түркі әлемі үшін ғана емес, Орта Азияның Батыспен интеграцияланудағы реформа сипатындағы шешім. Сондай-ақ, рухани жаңғыру аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынады. Яғни, әлемдегі ең жақсы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылады. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастайды. Түркі академиясының дайындаған «Ортақ түркі тарихы кітабын» да осы санатқа жатқызу керек. Сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдары толағай табысқа жеткен биік белестерден өтіп, тарихта өз қолтаңбасын қалдырған тұлғалар өмірбаянынан сыр шертетін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы елдің әр саладағы жетістігін одан әрі асқақтата түседі. «Туған жер» мен «Туған ел» бағдарламалары да туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің біріне айналады.
Бұл тұстағы басты мәселе, Қазақстан Көшбасшысының жаңғыру және мәдениет пен өркениет желісі бойынша елдің табысқа қол жеткізуіне сақтаушы және дамушы мәдениет ретінде белгілегендігі байқалады. Бұл тәсіл ХХ ғасырдың басында Зия Гөкалып бастаған және түрік ұлтшылдығы доктринасын күшейткен «өркениетті негізге алу керек пе, әлде мәдениетті ме?» деген сұрағымен пара-пар. Н.Назарбаев осыған орай былайша баяндайды: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетеді.
Бәсекелік қабілет: әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек: компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық.
Прагматизм: ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлыққа жол бермеу; керісінше, ұстамдылық, қарапайымдылық пен қанағатшылықты орынды пайдалана білу.
Ұлттық бірегейлікті сақтау: бұл жерде ұлттық сана-сезімнің ояу болуының маңыздылығына назар аударады. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлеріне мән беру керек екендігі айтылады.
Білімнің салтанат құруы: білімнің ауқымы мен сапасын өсіру; мамандардың білім беру саласына қолдау білдіруі қажет.
Революциялық емес, эволюциялық даму: тарихтың темір қақпанына қайта түспеу үшін әлемдік оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялардың да, білім жүйесінің де ауқымдық дүниетанымдық, рухани жұмыстың бір бөлігі ретінде нәтижеге қол жеткізу.
Сананың ашықтығы: әлемнің қарқынды өзгерісіне «от басы, ошақ қасы» аясынан баға бермеу керек. Ағылшын тілін міндетті түрде үйрену қажет.
Күршад ЗОРЛУ, «Йени чағ» газетінің колумнисі