Қаржы министрлігінің Салық комитеті кәсіпкерлердің алаяқтардың алдауына түспеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Бұл туралы аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
«Бір топ кәсіпкер 2009 жылғы 5 мамырда адал кәсіпкерлердің жалған кәсіпкерлік саласында бұзылған мүддесін қалпына келтіру жөнінде «Известия» газеті арқылы Елбасына жүгінген еді. Осыған байланысты Елбасы мемлекеттік органдарға тиісті жұмыстар жүргізу туралы тапсырма берген болатын.
Салық комитеті адал кәсіпкерлердің жалған кәсіпкерлік саласында бұзылған мүддесін қалпына келтіру үшін «Известия» басылымында жарияланған кәсіпкерлердің талаптарын орындау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізуде. Жуырда ғана кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға бағытталған норманың заңмен бекітілуі осының айғағы.
«2011 жылдың 21 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті «Салық салу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы нормативтік құқықтық акті арқылы Салық кодексінің 115-бабының 2) тармақшасына, 257-бабының 3-тармағына және 258-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына өзгертулер енгізілді.
Бұл өзгерістер заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған», делінген Салық комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.