• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Мамыр, 2017

Мұнай өндірісінің патриоты

665 рет
көрсетілді

5 мамыр күні Атырау қаласында Қазақ ССР-інің және Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, «Теңіз кенішін алғаш ашушы», Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевтің туғанына 90 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті. Шара белгілі мұнай­шының бұрынғы тұрған үйі – Атырау қаласы, Уральный көшесі, №4 үйде мемориалдық тақтаны ашу рәсімінен басталды.

Мұнай майталманы Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевтің (1927-2009 ж.ж.) өнегелі өмір жо­­лы кейінгі жас буынға зор үлгі. Ар­дақты азамат еңбек жолын мұнай өндіру шеберінің көмек­­шісі болып бастады. Өн­ді­­рісте шыңдалып, абыройлы еңбегімен биік белестерді бағын­­дырды. «Қазақстанмұнай» ӨБ (1945 ж. «Эмбанефть» тресі «Қазақстанмұнай» ӨП болып өзгерген), Қазақстан мұнай бір­лес­­тігінің бөлім басшысы, Халық шаруашылығы кеңесі мұ­най бөлімінің меңгерушісі, Ор­талық партия комитетінде ауыр өнеркәсіпті қамтитын бөлім бас­шы­сының мұнай жөніндегі орынбасары, «Қазақстаннефть» бірлестігі бас директорының эко­­но­микалық мәселелер жөнін­дегі орынбасары, 1971-1986 ж.ж. «Эмбанефть» ӨФ бас директоры қызметтерін атқарды. Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендерімен, мерекелік медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталған.  Шараға мұнайшы-ардагерлер, Қазақстан мұнайгаз өнеркәсібі саласының қызметкерлері, компания басшылары, үзеңгілес және ізбасар әріптестері, ардақты азамат­тың отбасы мүшелері, бүгін­гі мұнайшы мамандар, қала жұрт­шылығы қатысты. «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төр­ағасы Әнуар Жақсыбеков сал­танатты шарада Бөлекбай Сағын­ғалиұлының өмір жолына қыс­қаша тоқталып, ел мұнайын есе­леуге қосқан үлесін, майталман мұнайшыға қойылған осынау белгі бүкіл мұнайшылар қауы­мына жасалған құрмет екен­дігін атап өтті.  Мемориалдық тақтаны «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төр­ағасы Ә.Жақсыбеков пен Б.Сағынғалиевтің ұлы Асқар Сағын­ғалиев ашты. Тақтада «Осы үйде 1974-1986 жылдары Қазақ­станның еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО Құрметті мұнай­шысы, Теңіз мұнай кені­шін алғаш ашушы, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Бөлекбай Са­ғынғалиұлы Сағынғалиев тұрды» деп жазылған. Бөлекбай Сағын­ғалиұлының інісі Таңқыбай Сағынғалиев аталған белгінің ағасына ғана емес, бүкіл қазақ мұнайы мен мұнайшысына көр­сетілген құрмет деп бағалады.  – Бөлекбай ағаның Ембі мұнайын өндіру ісіне қосқан үлесі, оның еңбегі мен ізгі бас­тамалары кезінде қолдау тауып, жүзеге асырылды. Бүгінгі ұрпақ соның зейнетін көріп отыр­ғандығы да шындық. Ал оның есімін ұлықтау ісін қолға алған ізбасар әріптестері мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен осынау әрекеті өте құптарлық жұмыс екендігі айқын. Бұл өне­гелі іс болды. Осындай жақсы іс­тер алда да жалғасын таба бер­сін, – деді ол.  Майталман мұнайшымен еңбектес болған әріптестерінің бірі мұнайшы-геолог Мақаш Рахметов те өз лебізін білдіріп: – Бөлекбай Сағынғалиұлы – атына заты сай, өзіндік бөлек, дара жолы бар мұнай өндіру мен дамыту ісіне үлкен еңбек сіңірген білімді азамат, білікті басшы еді. Ол бір емес, бірнеше істердің игілікті бастамашысы болды. Оның көрегендік жолымен тұз асты қабатындағы мұнайға терең бұрғылау жүргізу жөніндегі жұмыстары солардың ең бір шыңы десе болғандай. Одақ басшыларымен айтыса-тартыса жүріп, көздерін жеткізді, жеңді. Алып Теңіз кенішін ашу­шылардың бірі ретінде оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осын­дай тұлғалардың ұлықталуы өте орынды іс. Біз соған қуанып тұрмыз. Осы істің жүзеге асуына мұрындық болып жүрген барлық деңгейдегі басшыларға алғыс білдіреміз, – деді ардагер аға. Тақта ашу рәсімінен кейін «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесінде «Б.Сағынғалиевтің Қазақстан мұнай-газ саласының дамуына қосқан үлесі» атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, оған да ардагер мұнайшылар, Б.Сағын­ғалиевтің отбасы мүше­лері мен бірге қызметтес бол­ған әріптестері, мұнайгаз сала­сының көптеген мамандары қа­тысты. Конференцияны мұнай­шы-ғалым, инженер-геолог Балтабек Қуандықов ашып, жүр­гізіп отырды. Алғашқы сөз «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековке бері­ліп, ол ағалар салып кеткен сара жол­мен жүріп келе жатқан Ембі өн­дірісінің бүгінгі тынысына тоқталды.   Конференция барысында Б.Сағынғалиевтің өмір жолда­­рынан сыр шертетін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ демеу­шілігімен әзірленген «Алғашқы ашушы» деректі фильмі­нен үзінді көрсетілді. Онда Бөлек­бай Сағынғалиевтің еңбек жолы мен атқарған істері көз көргендер әңгіме-пікірі арқылы шынайы берілген. Фильмнің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Сергей Әзімов.  Атырау облысы әкімінің бірін­ші орынбасары Ғ.Дүйсем­баев облыс әкімі атынан мұнайшы-ардагердің 90 жылдығымен құт­тықтап, мұндай азаматтарды ардақтау парыз екендігін айтты. Жиын барысында Энергетика министрінің бірінші орынбасары М.Досмұхамбетов, «Қазэнерджи» Қауымдастығының бас директоры Б.Ақшолақов, әріптес інісі Т.Байзақов пен «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңе­сінің төр­ағасы Б.Сматуллин Бөлекбай Сағынғалиұлының басшы ре­тіндегі және адами қыр­ларын суреттеп, оның ерен істерін ерекше атап өтті.  – Бүгінгі даңғыл жолда дамып жатқан мұнай өнеркәсібі – кешегі ардагер мұнайшы ағалары­мыздың ащы маңдай тері төгіліп жеткен еңбектің жемісі. Бөлекбай Сағынғалиұлы өмірі мен еңбегін, барлық қажыр-қайратын, білімін мұнай өндірісінің дамуына, жаңа кен орындарының ашылуына, ұлттық кадрлардың қалып­тасуына арнады. Ол өз маман­дығын ғана емес, Отанын, туған елін ерекше сүйген патриот ретін­де де тарихта қалады, – деді М.Дос­мұхамбетов. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Бас директоры Қ.Есқазиев те аталған ша­раның жас ұрпақ үшін маңызы зор екендігін атап өтті.  – Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн. Мұнай тарихында мәңгілік есімі жазылған Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевтің туғанына 90 жыл толып отыр. Өзі ортамызда жоқ болса да соңында жарқын ісін қалдырған майталман мұнайшының өмір жолын дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету – бү­гінгі біздің парызымыз! Қазіргі дамыған өндіріс, қанатын кең жайған кеніштер – кешегі біздің осы ағаларымыздың ащы маңдай терімен жасалды. Қазақтың біртуар, талантты ұлы еліміздің мұнай саласындағы болашағын дәл болжай білді және оны сонау Кеңес заманында Мәскеуде табанды қорғады. Ғасыр жобасы атанған Теңіз кенішінің ашылуы – осының жарқын дәлелі! Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жасау, ұлттық кадрларды дайындау, ескі Ембі кеніш­терін түлету сияқты сансыз жұмыстардың барлығын ол абыройлы атқарды. Бөлекбай Сағын­ғалиұлының ғибратты ғұмыры – әрбір мұнайшыға үлкен өнеге болуы тиіс. Ардагер ағала­рымыздың еңбек жолын абыройлы жалғастыру – бүгінгі біздің міндетіміз, – деген ол май­тал­ман мұнайшының кейінгі із­басар­лары оның айшықты істе­рін лайықты жалғастырып келе жат­қандығын атап өтті.  Бөлекбай Сағынғалиұлының Теңіз кен орнын алғаш ашушы­лардың бірі ретінде біліп, танып келген «Теңізшевройл» компаниясы да айтулы шарадан тыс қалмады. Компанияның Бас директоры Т.Этчисон шараға үлкен жаңалығымен келген екен.  – Бөлекбай Сағынғалиев Қазақ­станның мұнай және газ өнеркәсібін дамытуға айтар­лықтай үлесін қосты. Оның көре­ген басшы ретіндегі рөлін сөзбен айтып жеткізе алмас­пыз. Теңіз кен орнының ашылуы Бө­лекбай Сағынғалиевтің есімімен тікелей байланысты. «Теңізшевройл» өзінің зор құр­метін білдіре отырып, Теңіз және Королев кен орындарының жү­регі мен жаны болып табылатын Теңіздегі кенішті пайдалану кеңсе­сіне оның есімін беруді үлкен мақтаныш санайды, – дей келе, ТШО-ның Алғыс хаты мен Бөлекбай Сағынғалиевтің есімін беру жайлы сертификатты «Ембімұнайгаз» АҚ басшысы Ә.Жақсыбековке табыстады.  Б.Сағынғалиевтің ұлы Асқар Бө­лекбайұлы да мінбеге көте­ріліп, өз лебізін білдірді.  – Құрметті конференцияға қатысушылар, мұнайшылар! Әке­міздің еңбегін бағалап, есі­мін ұлықтап, ауқымды шара ұйымдас­тырылғаны үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Біз үшін ол үлкен мерей, зор абырой. Әкеміз бүкіл ғұмырын мұнай ісіне арнаған адам. Үйде бол­ғанынан түзде жүргені көп азамат болды. Елі үшін тер төгіп, еңбек жасады. Міне, уақыт өте келе ізгі бастамалар қолға алы­нып, жарасты жұмыстар жасалуда. «Ембімұнайгаз» бүгін­де мықты кәсіпорынға айналды, білікті мамандарымен мақ­тана да алатындай дәрежеде. Еңбек­те­ріңізге жеміс тілеймін, барша­ңыз­ға рахмет, – деді ол толғана сөйлеп.  Шара соңында «ҚМГ» БӨ» АҚ Бас директоры Қ.Есқазиев пен «ЕМГ» АҚ Басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков Б. Сағынғалиевтің жары Хадиша апай мен отбасы мүшелеріне қазақы дәстүрмен шапан, қамзол жауып, сый-сыя­паттар табыс етті.

Қосұйым МҰҚАШЕВ