Ең алдымен, қоғамдық сананы жаңғыртудың өзектілігі туралы айтсақ, рухани жаңарусыз экономика және саясат салаларын қамтыған жаңғырту үдерістері толық сипатта бола алмас еді. Бұған қоса, Қазақстан қоғамының сапалық жаңаруы жаhандық деңгейдегі әлеуметтік үдерістер тұрғысынан қарағанда өзектілікке ие болып отыр. Атап айтқанда, тарихи оқиғалар қарқыны бүгінде әлеуметтік уақыттың үдеуі деген құбылыстың пайда болуына әкелуде. Адамзаттың технологиялық мүмкiндiктерiнің дамуы да қоғамдық қатынастар саласында бірқатар жағымсыз салдарлар туындатуда. Қалыптасып отырған жағдайда, Елбасы атап көрсеткендей, заманымызға сәйкес, өз сана-сезіміміз бен дүниетанымымызды жаңартпай, көш басындағы елдермен тереземізді тең ұстау мүмкін емес. Бұл ретте, Президент мақаласында айтылған пікірлер бетпе-бет келіп отырған сындардан еліміздің сүрінбей өтуінің басты алғышарты болып табылады. Жалпы алғанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы идеялар адам капиталына бағытталған инвестицияларды арттыруды көздейді. Азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығы туралы соңғы уақытта көп айтылуда. Шынымен де, өріс алып отырған цифрлық экономика мен постмодерн дәуірінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі инфрақұрылымның дамуы немесе алпауыт өндiрiстік қуатпен емес, жоғары деңгейдегі адами капитал мен қоғамдық институттардың тұрақтылығымен анықталады. Сәйкесінше, Қазақстанның рухани жаңғыруы процесінде басты екпін азаматтардың бәсекеге қабiлеттiлiгін арттыру мен олардың бойында прагматизм, білімге деген құштарлық пен сананың ашықтығына түсіріліп отыр. Елбасы атап көрсеткендей, азаматтарымыздың бәсекелік артықшылыққа ие болуын компьютерлік сауаттылық, шет тiлдерiн білу мен мәдени ашықтық қамтамасыз ете алады. Прагматизмге келсек, мемлекет азаматтарын өз бойында экономикалық жауапкершілік пен рационалды қаржылық мінез-құлықты дамытуға шақырып отыр. Сонымен бірге, мақалада әлеуметтік табысқа жету үшін қазақстандықтардың кәсіби құзыреттерін арттырудың маңыздылығы туралы айтылады. Рухани жаңғыру бойынша Мемлекет басшысы атап көрсеткен бағыт-бағдарлардың арасында сананың ашықтығы туралы тезис ерекше мәнге ие. Оған сәйкес, қазақстандықтар жаңалықтарға зерек болып, жаһандық үдерістер- ге ілесу арқылы басқа елдердің озық жетістіктерін бойға сіңіруге дайын болулары қажет. Себебі, өзгенің тәжірибесін зерттеу – табыстың кілті. Олай болмаған жағдайда, мақалада айтылғандай, бұқаралық сананың «от басы, ошақ қасы» деңгейінде қалып қою қаупі бар. Айтылған пікір қоғамда кең талқыланып отырған ағылшын тілін үйренудің қажеттілігіне де қатысты. Әлемдегі негізгі халықаралық қатынас тілін білмей, жаңа технология мен ғылымның жетістіктерін пайдалану мүмкін емес. Әрине, Елбасы мақаласының аясында жүзеге асырылғалы отырған ең ауқымды жобалардың бiрi – қазақ тiлiнің латын әліпбиіне көшуі. Бұл мәселенің ерекше маңызды екендігі қоғамдағы қызу талқылаулардан байқалады. Жалпы, ірі өзгерістер әрқашан адам бойында белгiсiздiк сезiмiн шақыратыны белгілі. Оған қоса, ұзақ уақыт пайдаланып келген әліпбиді ауыстырудың қаншалықты сезімтал мәселе екенін ескерсек, кей азаматтар арасында туындаған алаңдаушылықты түсінуге болады. Себебі, алфавит тілдің графикалық жүйесі ретінде әрбір адамның өзін-өзі тануы барысында маңызды рөл атқарады. Бұл ретте, мемлекет жоспарында кириллицадан бірден бас тарту қарастырылмайтынын атап өткен жөн. Жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла бермек. Яғни, қазақстандық билік қаріп ауыстыру процесінің барынша жайлы сипатта өтуін қамтамасыз етуді қалайды. Оған қоса, латын әліпбиіне көшу туралы Елбасы алғаш рет 2012 жылы желтоқсанда жасаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы Жолдауында айтқан болатын. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу бойынша дайындық жұмыстарының басталуы Қазақстанның идеологиялық платформасындағы қандай да бір түбегейлі өзгерістерден хабар береді деп айта алмаймыз. Соңғы айтылған ой қаріп ауыстыру мәселесін саясиландыруға жол бермеу тұрғысында маңызға ие. Өз кезегiнде, латын қарпіне көшу қазақ тiлінiң жаңаруына үлкен серпін қосады деп күтілуде. Бұл ретте, гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару жобасының қолға алынуын ерекше айту керек. Қазақ тiлiнде сапалы еңбектердің пайда болуы қазақстандық студенттердің дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, қазақ тіліндегі контенттiң аздығымен байланысты олқылықты толтыруға мүмкiндiк береді. Сонымен қатар, латын әліпбиін қолдану ағылшын тiлiн үйрену процесін жеңілдетіп, Қазақстанның әлемдiк ақпараттық кеңiстiкке интеграциялануын жеделдетеді. Қоғамдық жаңғыру процесіндегі негізгі рөл мемлекетке тиесілі болғанымен, рухани жаңғырудың табысты жүзеге асуы тікелей қоғамның әрбір мүшесіне, яғни сіз бен бізге байланысты. Сондықтан Елбасының мақаласында атап көрсетілген мақсаттар мен тапсырмаларды дұрыс түсіну және түсіндіру қажет. Содай-ақ, рухани жаңғыру аясында ұсынылып отырған жобаларды жүзеге асыру барысында науқаншылдыққа жол бермеу керек. Әйтпесе, мақалада айтылып отырған идеялардың жаңашылдық әлеуеті жоғалып, қоғамның дамуына деген ықпалы төмендейді. Сайып келгенде, күн тәртібінде рухани жаңғыру арқылы ұлттық кодты сақтап қалу мәселесі тұр. Зымыраған уақыт пен қарыштап дамып отырған әлем жағдайында ұлттық мәдениет пен құндылықтарды, ұлттық болмысымызды сақтау елдігімізді нығайтудың ең басты шарты болып табылады.
Ержан САЛТЫБАЕВ, Елбасы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры