• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Мамыр, 2017

Ұлт санасын жаңғыртудың алғышарты

252 рет
көрсетілді

Елордада «Ақ жол» партиясы Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қазақ тілін біртіндеп латын қарпіне көшіру туралы ұсынысына және жаңа графикадағы бірыңғай қазақ әліпбиін қалыптастыруға байланысты дөңгелек үстел өткізді. Оған Парламент Мәжілісінің депуаттары, зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, ғалым-лингвистер қатысты.

Жиынды ашқан партия төрағасы Азат Перуашев бұл мәселенің өзек­ті­лігіне тоқтала келе, оны жан-жақ­ты зерделеп, саралаудың мән-маңызы ай­­рық­ша екенін, демек оны терең тү­сі­ніп, елдік істе ұйымшылдық таныту қа­жеттігін айтты. Бұдан кейін ол сөз тізгінін белгілі жур­налист, партия төрағасының орын­­­басары Қазыбек Исаға берді. Ол Елба­сы­­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» деген мақаласынан туындайтын көп­­теген рухани, саяси мәселелер қазір Қазақ­станның барлық жерінде іске асып, қолға алы­нып жатқанын жеткізді. «Латын қар­піне өтудің маңызы тура­лы 2012 жылы жарияланған «Қазақ­с­тан-2050» Стратегиясында бар. Оған дейін 2006 жылы Қазақстан хал­қы Ассамблеясының сессия­сын­да ай­тыл­ған. 2007 жылы «Ақ жол» пар­тия­­с­ы­ның саяси тұжырымдамасында да осы мә­селе көтерілді. Ал бұл мәселеге с­тарт бе­ріп, іске қосып отырған отырған Ел­басының 12 сәуірдегі мақаласы. Сон­дықтан, бұған зиялы қауым түгел атсалысуы керек деп ойлаймын. Жалпы, бұл мәселені саясиландырмай, рухани жаңару ретінде қабылдауымыз керек», – деді партия төрағасының орынбасары.  Сондай-ақ, ол 1924 жылы Орын­бор­да өткен қазақ-қырғыз білім­паз­дарының құ­рылтайында Нәзір Төреқұлов латын әліп­биіне көшу туралы маңызды бая­н­дама жасағаны тарихтан мәлім еке­нін жет­кізді. «Сол кезде ұлт зия­лы­лары қа­жет кезінде халқына болы­сып, бас бі­рік­тіре алды. Қазір де бұл мәселеде ерік-жігер көрсетіп, ұйымшылдық таныта білуіміз керек», – деді бұл ретте Қазыбек Иса. Оның айтуынша, латын қарпіне көшу барысында кездесетін қи­ын­дықтарды белгілі деңгейде ең­серуге болады. «Мәселен, қазір қо­ғам­­да мемлекетіміз латын қарпіне кө­ше­тін болса, көркем әдебиеттер, құнды кі­таптар аударылмай қалады деген пікір бар. Сондықтан, халыққа ең қажетті деген туындыларды ғана аудару керек. Бұл бір жағынан құнды шығармаларды ірік­теп алуға септігін тигізеді», – деді ол. Жазушы Алдан Смайыл өз ойын былайша түйіндеді: «Жалпы, бұл өте күрделі мәселе. Ол осымен төртінші рет көтеріліп отыр. Демек, бұл – бүгінгі күнге дейін талай ғалым жиналып, ұсыныс-пікірлерін айтып, мәселені жан-жақты талқылады, яғни, бізде бұрыннан қалыптасқан тәжірибе бар деген сөз. Тіпті осы жолдан өткен мемлекеттерге ғылыми экспедициялар да жіберілген болатын. Сол тәжірибелер мен пікірлер жинақталып, ғылыми және мемлекеттік сараптамадан өткен жеті жоба түрінде жарық көрді. Солардың ішіндегі кемінде үш жобада қазіргі таң­да айтылып жүрген мәселелер қам­тыл­ған. Демек, жұмыстың көбі кезінде жа­­са­лып қойғандықтан, солар­ды қай­та қа­растырып, әрі қарай жаңғырту қа­жет».  «Ақ жол» партиясы орталық ке­ңесінің хатшысы Сәбит Бай­да­лы латын әліпбиіне көшу ұлт сана­сын жаңғыртудың ең бас­ты алғышарттарының бірі екенін тіл­ге тиек етті. Сон­дай-ақ, ол «Ақ жол» партиясының қол­даныстағы сая­си бағдарламасында «қа­зақ ті­лін латын әліпбиіне ауыстыруға жәр­­де­м­­десуіміз қажет», – деген жолдар бар екеніне тоқтала келе, партияның 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қай­раткерлерінің идеялық көз­қа­рас­та­рын зерделеу және тарату жөнін­де­г­і бағ­дарламасында да бұл мәселе нақ­ты­ла­на түскенін айтты.  Жиында латын әліпбиіне қатысты ай­тылған ой-пікірлер мен ұсыныстар арнайы құрылған комиссияға ұсынылмақ.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»