7 мамыр күні Диего Марадона Біріккен Араб Әмірлігі чемпионатының екінші дивизионындағы «Аль-Фуджайра» командасының бас бапкері болып тағайындалған болатын. Таныстыру рәсімінде аргентиналық маман Қазақстаннан, Ресейден ұсыныс түскенін айтты. Дегенмен, бұл бапкерлік қызмет екенін ашып айтпады.
«Мен футболды, стадиондарды қатты сағындым. Теледидар алдында отырып көруді емес сол матчтың ортасында жүруді армандаймын. Команданы жаттықтырудың қандай екендігін тағы да сезінгім келеді. Бұл «Аль-Фуджайра» командасына келгенімдегі басты мақсатым болатын.
Қазір ойымның бәрі «Аль-Фуджайра» командасында. Ендігі бар эмоциямды, физикалық және моральдық күшімді осы жобаға арнағым келеді. Маған әлемнің көптеген елдерінен ұсыныс түсті. Олардың арасында Қазақстан да, Ресей де болды. Ал агентім солардан ең үздік ұсынысты іріктеп алды», деді Марадона.
Естеріңізге сала кетейік, Диего Армандо Марадона бас бапкер ретінде өзін осымен үшінші рет сынап көрмек. Осыған дейін ол 2008-2010 жылдар аралығында Аргентина ұлттық құрамасын, ал 2011/12 маусымында Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль Васль» клубтарын жаттықтырған.
Ал футболшы кезінде 1976-1997 жылдары Аргентинаның «Аргентинос Хуниорс», «Бока Хуниорс», «Ньюс Олд Бойз», Испанияның «Барселона», «Севилья» және Италияның «Наполи» командаларында ойнаған. Аргентина ұлттық құрамасының сапында 91 ойынға қатысып, 34 голдың авторы атанды. «Альбиселесте» ұжымымен 1986 жылы әлем чемпионы атанса, келесі мундиальда финалға жеткен.
56 жастағы маман Италияның екі дүркін чемпионы және «Наполи» тарихындағы үздік сұрмерген атанды. Ал 2000 жылы ФИФА нұсқасы бойынша жүз жылдың үздік ойыншысы атағына ие болды.