• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2017

Қос азаматтық алғанның құқы қорғалмайды

1179 рет
көрсетілді

Біз, ортақ тарихи тағдыр бірік­тір­ген Қазақстан халқы, бір елдің ға­на, яғни Қазақстанның азаматы­мы­з. Біздің ұғымымызда қос ел­дің азама­ты болу деген түсінік мүл­де жоқ және болмауы тиіс. Бі­рақ біз солай ойласақ та, екі ел­­дің аза­мат­ты­ғын алған, яғни қос аза­ма­т­тығы бар адамдар қа­та­ры­мыз­да жүруі әбден мүмкін кө­рінеді. Тіпті, солай жүруге әрекет жасайтындары да бар екен. 

Бұл заң талаптарына қаншалықты қарама-қайшы мәселе? Ал анығында мұндай іс-әрекетке әлемдегі бірде-бір ел төзбейді, өрескел жағдай санайды. Демек, қайсыбір адам мұны білмейді немесе заңға мойынсұнғысы келмейді деген сөз. Ал оларға заңның өз айта­ры бар. Заң адамды жақсылыққа жете­лей­ді. Ендеше, бұл туралы Қазақстан аза­маттарының түсінігі мол болуға тиіс.  Егер белгілі бір адам Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтығын алған болса, онда Ата Заңымыздың 10-бабында жә­не «Қазақстан Республикасының аза­­маттығы туралы» Заңның 3-бабын­да жазылғандай, ол адамда басқа мем­ле­­кеттің азаматтығының бар болуы заң­­ды деп танылмайды. Яғни, өзге ел­дің азаматтығын қоса алу біздің заң­­ға қайшы. Алайда, осы арада бұл заң тала­бына қарамастан, ол адам өз­ге мем­лекеттің азаматтығын алып қой­­ған бол­са қайтеді деген сұрақ та ту­ын­дайты­ны анық қой.  Ондай жағдайда еліміздің Кон­­сти­­туциялық Кеңесінің 2003 жыл­ғы желтоқсандағы «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 10 жә­не 12-баптарын ресми түсіндіру ту­ра­лы» қаулысына сәйкес, егер Қазақ­стан Республикасының азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын ала­тын болса, онда сол сәттен бастап оның Қазақстан Республикасының аза­маттығы сақталмайды. Егер әл­гі адамның басқа мемлекеттің аза­мат­ты­ғын алғандығы анықталса, онда ол «Қазақстан Республикасының аза­мат­тығы туралы» Заңның 21-бабына сәй­кес, Қазақстан Республикасының аза­­маттығынан айырылады. Міне, көрдіңіз бе, заңда соқырға та­яқ ұстатқандай, бәрі айқын жазылған. Мұны біле тұра қайшы әрекетке бару – аталған заңды мойынсұнбау деген сөз. Осы арада бұл мәселе туралы ха­бар­ласқан ІІМ Мемлекеттік тіл және ақ­парат департаментінің директоры А.Садубаевтың пікірін де келтіре кет­­кенді жөн көрдік. «Қазақстан Рес­­публикасының азаматы болып та­былатын және шет мемлекеттің аза­маттығын қабылдаған адам өзге аза­маттықты алған күнінен бастап күн­­тізбелік отыз күн ішінде шет ел азаматтығын алу фактісі туралы Қа­зақ­стан Республикасының іш­кі іс­тер ор­гандарына немесе Қазақстан Рес­публикасының шет ел­дердегі меке­ме­леріне хабарлауға жә­не Қазақстан Рес­публикасы аза­ма­ттығының паспортын және жеке куә­лі­г­ін тапсыруға міндетті. Шет ел аз­а­­маттықты алу фактісі туралы осы бап­тың екінші бөлігінде бел­гі­лен­ген мерзімде хабарламаса, онда ол Қазақстан Республикасының заң­да­ры­на сәйкес, жауапқа тартылады», – дей­ді А.Садубаев. Алайда, заңда осылай көр­се­тіл­ге­німен, бұл жағдайда аяғын шалыс бас­қан жандар арасында төлқұжаты мен жеке куәлігін уақтылы тапсыруды қажет деп санамайтындары да болады екен. Ондай жағдайда заңымыздың нақты тетігі іске қосылады деп ойлай­мыз. Яғни, «Әкімшілік құқық бұ­зу­шылық туралы» кодекстің 496-бабын­да көрсетілгендей, Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтығынан айы­рыл­ған адам Қазақстан Республикасы аза­матының паспортын немесе жеке куәлігін одан әрі пайдаланса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сол сияқты, бел­гіленген мерзім ішінде шет ел аза­мат­тығын алғаны туралы хабарламау –200 ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерінде айы­ппұл салуға, не Қазақстан Рес­пуб­ли­касының аумағынан тыс шығарып жі­бе­руге апарып соғатынын есте ұс­та­ған жөн. Сонымен қатар, аталған баптың 1 және 2-бөліктерінде көзделген іс-әре­кеттерді мемлекеттік қызметтегі адам­дар, сондай-ақ, билік өкілінің фун­кцияларын жүзеге асыратын, не мем­лекеттік органдарда ұйым­дас­ты­ру­шы­лық-өкімдік немесе әкімшілік-ша­руа­шылық функцияларды орындайтын адам­дар жасаған жағдайда олар да әкім­шілік жауапкершілікке тартыла­тынын ұмытпау керек. Мұндай жағ­дай­да оларға 300 айлық есептік көр­сет­­кіш мөлшерінде айыппұл салына­ды.  Сонымен, қос азаматтық дерегін анық­тау және оның алдын алу мақ­са­тында басқа мемлекеттің аза­мат­ты­ғының бар болуы туралы хабарлама қа­­зақстандық азаматтықпен қатар тек­се­рілетінін қаперден шығармаған жөн. 

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»