Мұндайда кейбір жандар бұқпантайлап, сырт айналып өте шықса, мұнан да сорақысы, қайғылы жағдайларды бейнебаянға міз бақпай түсіріп тұра беретін тасжүрек жандар пайда болды. Оқушының мұғалімді келемеждеп, қол жұмсауын, болмаса күштінің әлсізге әлімжеттілігін кластың бір бұрышында түк болмағандай телефонына жазып отырған жеткіншектің бейнесі мен эмоциясыз жүзін бір сәт көз алдыңызға келтірсеңіз жаныңыз түршікпей ме? Өзіне-өзі қол жұмсағандарды, бір-бірін аяусыздықпен соққыға жыққандарды... таспаға басу тек тасбауыр, жүрегінде мейірім оты сөніп қалған адамдардың ғана қолынан келеді деп ойлаймыз. Кейде қазақтың әп-әдемі қыздары өзара қырылысып, бір-бірін көгала қойдай етіп сабап, тепкінің астына жығып жатқаны түсірілген бейнебаяндарды еріксіз ашып қарауыңа тура келеді. Мұны бір қызық көргендіктен, болмаса жанжалды жақтағандықтан емес, осы жолға олардың түсу себебін, қаршадай қыздардың мұншалық сойқан қатыгездікке ұрыну сырын білу үшін, әрине. Ондайлар тап осы бүгін пайда бола қалмағаны мәлім. Ал енді сол сұмдық көріністерді басынан аяғына дейін жайбарақат ұялы телефонына басып, бейнебаянды фейсбукке, ютубке емін-еркін салып отырған адамның әбес әрекеті үрей ұшырмай ма? Осындай жағдайларға тап болғанда, өзгенің басындағы трагедияға міз бақпас кейіп қайдан жұққан дерт өзі деген сұрақтың көмекейге кептеліп тұратыны рас. «Қазіргі таңда кең етек жайған мұндай жөнсіздіктердің бәрі өтпелі, халықтың қалыбы қайтадан түзеледі» деген үміт отын кеудемізге жаққанымызбен, әлеуметтік желідегі жантүршігерлік бейнебаяндар үдемесе, кеміп отырған жоқ. Жақында бір желі қолданушының қоғамдағы түрлі түйткілдерге, қазақылықпен қабыспайтын жат әрекеттерге, көңілге кірбің үйірер жайттар мен басқа біреудің басындағы қуаныш пен қайғыға селт етпеушілікті ұстамдылыққа, сабырлылыққа жатқызғаны жаға ұстатты. Бұрындары адамдардың ішкі көңіл-күйі, эмоциясы сыртына, жүзіне шығып тұратын сияқты еді. Бүгінде көп кісінің не қуанып, не ренжіп тұрғанын білмейсіз. Яғни эмоциялар жоғалған. Мысалы, өткенде әлеуметтік желіде бір әріптесіміз Димаштың өнеріне разы болған қытайлардың қуанғандағы түрлері мен соған орай білдірген ризашылықтары туралы тамаша ойларымен бөлісті. Әсем әнді жандарымен қабылдаған шіркіндердің сондағы көздеріне егіліп жас алғанын көргенде мына жақта отырған біздер қарадай елжіредік-ау. Жандары қандай нәзік еді! Неткен әсершіл, сезімтал халық еді! Димашымыз сахнада халық әні «Дайдидауды» шырқап жатыр. Ал музыка әуенімен қосылып ырғалған қалың нөпір далада жел тербеген құрақтай әсерленіп шайқалды... Қазір ешнәрсеге таңданудың қажеті жоқ деп ауызекі айта салғанымызбен, жұрттың әнді тыңдау сәтіндегі тамсаныстары бар бейнебаяндарды көру арқылы біздің де олардың аппақ пейіліне құрмет сезіміміздің арта түскені рас. Испан, итальян, түрік, ағылшын, француз, корей тілін түсінбесек те Димаштың дауысына сүйсініп әсерленген әлгі елдердің кәсіби мамандарының ой-пікірлерін, таңданыстарын қуаныш нұры жүгірген жүздерінен, эмоцияларынан аңғардық. Бұлақтай сыңғырлаған айшықты үнге құлақ түрмейтін жер жаһанда бірде-бір жан болмайтынына, олар кісінің түріне, нәсіліне қарап бөлмейтініне, қай кезде де жұлдыздар жарығы ортақ болып қала беретіндігіне алғаш Қытайдағы осы ән байқауы арқылы көз жеткізгеніміз өз алдына бөлек әңгіме, әрине. Міне, сол ғаламат даусымен ғаламды тамсандырған, әсем әнімен әлемге шуақ шашқан қазақ баласының өнері туралы сүйсіністерін әлем жұртшылығының әлеуметтік желі арқылы жұмыла таратып жатқаны көкейде көптен бері жүрген осы бір ойды ортаға салуымызға түрткі болған еді. Димаштай табиғи таза дауыс иесіне жаһан біткен жанарын сүзіп, назарын тіккеніне қарап, эстрададағы шынайы талантқа жалғыз қазақ жұртшылығы ғана емес, жер бетіндегі бүкіл адамзат баласының кеудесі қаталап шөліркеп-ақ қалғанын аңғардық. Осылардың махаббатына үңіле келе, ал өзімізде сол талантты ұлымыздың даусына біз дәл мыналардай қол соғып, табына алған болар ма едік деген ойдың қылаң беріп қалғаны тағы бар. Тіпті, кей концерттерде өнерпаздарымызға дұрыстап қошемет көрсетуге шорқақтығымыз-ай осы. Әннің ішіне еніп кете қоймасақ та, соңында өнер иесіне жаппай қол соқсақ қайтеді. Залдың әр тұсынан терезені ұрған жаңбырдай сырт-бұрт дауыс естіледі әйтеуір. Бет қимылсыз, көңіл сүлесоқ. ...Жә, бұл мәселе жайында кейін тағы реті келгенде қозғай жатармыз, ал біздің бүгінгі ортаға салып отырғанымыз адамдардың эмоциясы туралы әңгіме еді ғой. «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп Мұрат Мөңкеұлы бабамыз айтпақшы, бұған себеп жоқ емес. Жүрегіміздің айнасы – жүзімізге не болған осы?
•
22 Мамыр, 2017
Міз бақпау мін бе?
1331 рет
көрсетілді
Адам баласы болған соң қоғамның үніне орай өз пікіріңді ашық әрі дер кезінде білдіріп отырмасаң, онда несіне жер басып жүресің дейсің ғой баяғы. Сол сияқты кейде көшеде, көліктерде, жалпы қоғамдық орындарда неше түрлі түйткілдермен бетпе-бет ұшырасып қалып жататынымыз рас.