• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2017

Бәсеке бәсі – ғылымда

582 рет
көрсетілді

«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласындағы әрбір ой-нұс­қау терең пайымдауды қажет етеді. Со­­лар­дың ішінде бәсекелестік қа­бі­л­ет туралы байламдардың эко­но­ми­­калық та, ғылыми да маңызы зор. Егер біз алыс-жақын елдердің сұ­ра­ны­сына ие сапалы өнім өндіретін озық әрі икемді технологиялық жү­йе қа­лыптастырмасақ, экономика­сы ш­и­кі­затты сыртқа шығаруға не­гіз­дел­ген да­мушы ел түрінде қала береміз.

Сонда не істеу керек? Ең алдымен адам капиталын дамытуға күш салу қажет. Ал Қазақстан әзірге әлемдік тауар рыногына қара, түсті және сирек металдар, уран мен мұнай шығару арқылы белгілі. Мұнай сату 2000-2007 жылдар аралығында 13,6 есе өссе, бұл үрдіс жалғасын табуда. Осы шикізат экспорттық рейтингте 12-орыннан 3-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түсуі әбден мүмкін. Өйткені, тұтыну деңгейінің артуы 2050 жылға қарай мұнай өнімдерін қазіргіден 50 пайыз артық қажет етпек.

Мұнайы көп Қазақстан үшін бұл қо­лайлы болып көрінуі мүмкін. Бірақ жер ас­тының байлығы өлшеулі. Ал біз айтып отыр­ған адам капиталы, яғни ғы­лы­ми-тех­никалық прогрестің мүмкіндігі шек­сіз. Эко­номика ғылым мен ғалымға не­гіз­дел­с­е ғана баянды. Сонда қоғам өзін-өзі же­тіл­діреді, шығармашыл тұлғаның рөлі артады, білім мен дарынға қажеттілік туады.

2013 жылы Ресей Федерациясының ғалымдары осы сауал төңірегінде дабыл қақты. Оның реті де бар еді. Әлемдегі ғалымдардың 12,5 пайызы тұратын осы елде олардың 2-3 пайызы ғана ғылыми жұмыспен шұғылданады екен, қалғаны керексіз болып қалған. Кәрі құрлықта эко­номикамен тығыз байланыстағы са­ла­ларда ғылыми-зерттеумен тікелей ай­на­­лы­сып жүрген ғалымдардың үлесі 35 пай­ыздан кем емес. Олар Еуропаға ха­лы­қаралық бедел әкеліп отырған осы за­манғы ақпарат­тық технологияны, көп­ші­­лік қолды жаңа тау­а­р­лар мен бұ­рын бол­­маған жаңа кә­сіп­тер­ді ой­лап та­батын «жұм­­сақ технология» мен ши­кі­зат өн­дірісіндегі «ауыр технология» са­ла­ла­рын үздіксіз дамытып келеді.

Дамыған елдерде халықтың 50 пайызы ой еңбегімен айналысады, ұлттық өнімнің 40 пайыздан астамы білімнің ұдайы дамуы арқылы алынады.

Өкінішке қарай, бізде бұл орайдағы көрсеткіш тым төмен. Қазақстандағы адам капиталының ішкі жалпы өнімдегі үле­сі, егер ресми дерекке сенер болсақ, 12 пайыз. Салыстырмалы түрде келтірсек, атал­ған капитал арқылы Ресей ішкі жалпы өнімнің – 30, Еуропаның дамыған ел­­дері – 74, Америка Құрама Штаттары – 76 пайызына қол жеткізіп отыр. Өсу-өр­кендеу үстіндегі Қытайдың көрсеткіші кә­­рі құрлықтың деңгейіне жетіп қалды. Егер дү­ние жүзіндегі елдерді тұтастай қам­ты­­сақ, 192 мемлекеттің 122-сі ішкі жалпы өнім­­нің 40 пайызын адам капиталының есе­­бінен алуда.

Осы деректерден соң ойланасың, ғыл­ыми-техникалық прогрестің көш ба­сындағы елдермен бәсекеге қабілетті болу мақ­сатын идеядан нақты іске айналдыру үшін не істеу керек деп бас қатырасың. Әлем­дегі озық 50 университеттің 30-ы АҚШ-та, 11-і Еуропада, 4-еуі Азияда, 3-еуі Канадада екені еске түседі. Егер ға­лам елдеріндегі үздік 50 инженерлік-тех­никалық оқу орнының 22-сі АҚШ-та, 13-і Азияда, 11-і Еуропада болса, ондай білім ор­дасы туралы біз әлі күнге армандаумен жүрміз. Бұл орайда сөз бола қалса, «Назарбаев Университет» жайлы айтамыз да тоқтаймыз. Сонау бір жылдары құра­мында 3,5 мыңнан астам ғалымдар бар халықаралық инновациялық қор мен Honeywell компаниясы «Қазақстанда адам капиталын дамыту механизмдерінің ғы­лыми негізі» жобасын әзірлеуге кі­ріс­ті, білім (тіл, ұлттық тәрбие), ғы­лым мен мәдениет, инновациялық техно­логия, ақпараттық коммуникация, агро­өнер­кәсіп, т.б. бағыттарды қамтиды деп ес­тіп едік, кейін хабар-ошарсыз кетті. Еуро­пада білімге жыл сайын ішкі жалпы өнімнің 8,5 пайызы бөлінетінін айтып, біз сондай мөлшерде болмаса да, мүм­кіндігінше өсірейік деген өтініш те қанағаттандырылмай келеді.

Бұларды былай қойғанда, бізде ин­теллектуалдық меншік пен рухани-шы­ғармашылық құндылық деген ұғым­дар тео­рия жүзінде ғана. Ғылыми шы­ғар­ма­шы­лықтың бағасы туралы ойланған да жоқпыз. Ақыл-ойдың жемісі ең арзан тау­арға айналған. Республика нарығының ғы­лыми стратегиясы деген мемлекеттік жо­балар туралы естіген емеспіз. Ал мұн­дай стратегияларсыз адам капиталына негізделген экономика жайлы айта ал­май­­сың. Біздің ойымызша мұндай ст­ра­тег­ия керек. Онда мынадай міндеттер ай­қындалуға тиіс:

1. Осы заманғы ғылыми-шығар­ма­шы­лық ортаны қалыптастыру;

2. Ғылыми қауымды экономикаға тарту­дың жолдарын белгілеу;

3. Ғылыми-зерттеу орталықтарының құ­ры­лымын экономикалық-инно­ва­ция­лық даму міндеттерін шешуге сәй­кес­тен­ді­ріп қайта қарау;

4. Республиканың инновациялық даму стандарттарын анықтау;

5. Нәтижелі және қалыпты ғылыми-зерт­теу жұмысын жүргізу үшін қа­жет­ті жағ­дай туғызу, атап айтқанда, ға­лым­дар­ға мемлекеттік қызметкер дәре­же­сін бе­ріп, әлеу­меттік қолдау және ғы­лы­ми же­тіс­тік­теріне сәйкес қаржылай көтер­ме­леу жү­йе­сін енгізу.

Адам капиталын дамытып, бәсекеге қа­білетті боламыз десек, түбінде «Ұлттық ғы­лыми шығармашылық» туралы заң қа­жет.

Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты