Сонда не істеу керек? Ең алдымен адам капиталын дамытуға күш салу қажет. Ал Қазақстан әзірге әлемдік тауар рыногына қара, түсті және сирек металдар, уран мен мұнай шығару арқылы белгілі. Мұнай сату 2000-2007 жылдар аралығында 13,6 есе өссе, бұл үрдіс жалғасын табуда. Осы шикізат экспорттық рейтингте 12-орыннан 3-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түсуі әбден мүмкін. Өйткені, тұтыну деңгейінің артуы 2050 жылға қарай мұнай өнімдерін қазіргіден 50 пайыз артық қажет етпек.
Мұнайы көп Қазақстан үшін бұл қолайлы болып көрінуі мүмкін. Бірақ жер астының байлығы өлшеулі. Ал біз айтып отырған адам капиталы, яғни ғылыми-техникалық прогрестің мүмкіндігі шексіз. Экономика ғылым мен ғалымға негізделсе ғана баянды. Сонда қоғам өзін-өзі жетілдіреді, шығармашыл тұлғаның рөлі артады, білім мен дарынға қажеттілік туады.
2013 жылы Ресей Федерациясының ғалымдары осы сауал төңірегінде дабыл қақты. Оның реті де бар еді. Әлемдегі ғалымдардың 12,5 пайызы тұратын осы елде олардың 2-3 пайызы ғана ғылыми жұмыспен шұғылданады екен, қалғаны керексіз болып қалған. Кәрі құрлықта экономикамен тығыз байланыстағы салаларда ғылыми-зерттеумен тікелей айналысып жүрген ғалымдардың үлесі 35 пайыздан кем емес. Олар Еуропаға халықаралық бедел әкеліп отырған осы заманғы ақпараттық технологияны, көпшілік қолды жаңа тауарлар мен бұрын болмаған жаңа кәсіптерді ойлап табатын «жұмсақ технология» мен шикізат өндірісіндегі «ауыр технология» салаларын үздіксіз дамытып келеді.
Дамыған елдерде халықтың 50 пайызы ой еңбегімен айналысады, ұлттық өнімнің 40 пайыздан астамы білімнің ұдайы дамуы арқылы алынады.
Өкінішке қарай, бізде бұл орайдағы көрсеткіш тым төмен. Қазақстандағы адам капиталының ішкі жалпы өнімдегі үлесі, егер ресми дерекке сенер болсақ, 12 пайыз. Салыстырмалы түрде келтірсек, аталған капитал арқылы Ресей ішкі жалпы өнімнің – 30, Еуропаның дамыған елдері – 74, Америка Құрама Штаттары – 76 пайызына қол жеткізіп отыр. Өсу-өркендеу үстіндегі Қытайдың көрсеткіші кәрі құрлықтың деңгейіне жетіп қалды. Егер дүние жүзіндегі елдерді тұтастай қамтысақ, 192 мемлекеттің 122-сі ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын адам капиталының есебінен алуда.
Осы деректерден соң ойланасың, ғылыми-техникалық прогрестің көш басындағы елдермен бәсекеге қабілетті болу мақсатын идеядан нақты іске айналдыру үшін не істеу керек деп бас қатырасың. Әлемдегі озық 50 университеттің 30-ы АҚШ-та, 11-і Еуропада, 4-еуі Азияда, 3-еуі Канадада екені еске түседі. Егер ғалам елдеріндегі үздік 50 инженерлік-техникалық оқу орнының 22-сі АҚШ-та, 13-і Азияда, 11-і Еуропада болса, ондай білім ордасы туралы біз әлі күнге армандаумен жүрміз. Бұл орайда сөз бола қалса, «Назарбаев Университет» жайлы айтамыз да тоқтаймыз. Сонау бір жылдары құрамында 3,5 мыңнан астам ғалымдар бар халықаралық инновациялық қор мен Honeywell компаниясы «Қазақстанда адам капиталын дамыту механизмдерінің ғылыми негізі» жобасын әзірлеуге кірісті, білім (тіл, ұлттық тәрбие), ғылым мен мәдениет, инновациялық технология, ақпараттық коммуникация, агроөнеркәсіп, т.б. бағыттарды қамтиды деп естіп едік, кейін хабар-ошарсыз кетті. Еуропада білімге жыл сайын ішкі жалпы өнімнің 8,5 пайызы бөлінетінін айтып, біз сондай мөлшерде болмаса да, мүмкіндігінше өсірейік деген өтініш те қанағаттандырылмай келеді.
Бұларды былай қойғанда, бізде интеллектуалдық меншік пен рухани-шығармашылық құндылық деген ұғымдар теория жүзінде ғана. Ғылыми шығармашылықтың бағасы туралы ойланған да жоқпыз. Ақыл-ойдың жемісі ең арзан тауарға айналған. Республика нарығының ғылыми стратегиясы деген мемлекеттік жобалар туралы естіген емеспіз. Ал мұндай стратегияларсыз адам капиталына негізделген экономика жайлы айта алмайсың. Біздің ойымызша мұндай стратегия керек. Онда мынадай міндеттер айқындалуға тиіс:
1. Осы заманғы ғылыми-шығармашылық ортаны қалыптастыру;
2. Ғылыми қауымды экономикаға тартудың жолдарын белгілеу;
3. Ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылымын экономикалық-инновациялық даму міндеттерін шешуге сәйкестендіріп қайта қарау;
4. Республиканың инновациялық даму стандарттарын анықтау;
5. Нәтижелі және қалыпты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін қажетті жағдай туғызу, атап айтқанда, ғалымдарға мемлекеттік қызметкер дәрежесін беріп, әлеуметтік қолдау және ғылыми жетістіктеріне сәйкес қаржылай көтермелеу жүйесін енгізу.
Адам капиталын дамытып, бәсекеге қабілетті боламыз десек, түбінде «Ұлттық ғылыми шығармашылық» туралы заң қажет.
Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты