• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Мамыр, 2017

Рухани тәрбие – ізгіліктің бастауы

430 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мәні терең, мазмұны бай мақаласында баса айтылған ұлттық кодымызды сақтап қалу, рухани болмысымыздан ажырамау сияқты жолдарды оқығанда көптен көкейде жүрген дүниенің тамырын тап басқандай болды. 

Ұлттық кодымызды сақтау ең алдымен жастарды рухани тәрбиелеуден бастау алады деп есептеймін. Жас буынымыз жат нәрсеге еліктеп, жаман ағымдардың жетегінде кетпеу үшін негізгі інжу-маржан құндылықтарынан, қаннан келген тектілігінен айырылып қалмауға тиіс.

Әр мемлекет өз Тәуелсіздігін сақтап оны одан әрі нығайтуға міндетті. Ғаламға қатер төндіріп ел тыныштығын бұзатын терроризм, сеператизм, экстремизм сияқты індеттерді жою, онымен ымырасыз күрес жүргізу күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр. Бұларды болдырмас үшін жат идеологияларға отаншылдығымыз бен ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана тойтарыс бере аламыз.

Әрбір жас ұрпақ өзінің ана-тілімен, салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен, туған тарихымен терең тамырланғанда ғана өзінің болмысын сақтап қала алады. Ата-баба дәстүріне құрмет көрсету, жай ғана құрмет көрсетіп қоймай оны өмірлік салтында берік ұстану, бабалар алдындағы ұлы  аманатты сақтап өне бойына сіңіру, оны келер ұрпақтарға жеткізу кез келген азаматтың парызы болуға тиіс. Сондықтан оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу басты назарда болғаны ләзім.

Уақыттың көші алға жылжыған сайын адамзаттың өмір сүру салты да өзгеріске ұшырап отырады. Техника қарыштап дамып түрлі технологиялар пайда болады, алға қойған мақсат-міндеттер мен таным-талаптар да  өзгереді. Дегенмен, бір өзгермейтін құндылық бар. Ол – ұлттық болмыс, рухани тәрбие. Ел арасына іріткі салып, алалық кіргізетін талас-тартыстан бойын аулақ ұстап, тек қана ұлттық мүдде жолында қызмет қылған бабалар аманаты ғасырға жүк боларлық  рухани әлемімізбен, иба-әдебімізбен, таным-түсінігімізбен сабақтасып жатыр. Сол аманат жүгі тарихтың қилы кезеңдерінен бізді аман алып шығып осы күнмен қауыштырды, болашақпен табыстырды. Ұстаз бола жүріп ұлтының қамын ойлаған кешегі Ахаңдардың арманы ақиқатқа айналды. Сол аманатқа қылау түсірмей кемел келешекке жеткізу – жас ұрпаққа тәрбие мен білім беріп жүрген ұстаздардың иығына артылған парыз жүгі деп есептеймін.

Ұстаздық қызметімде осы уақытқа дейін мыңдаған шәкірттің алдында дәріс оқыдым. Бар білім-білігіммен ерік-жігерімді осы жолға сарп еттім. Жастардың психологиясын, ой-танымын терең зерделедім. Мен ұстаздық етіп келе жатқан Қазақтың ауыл шаруашылығы институтында білім алатын жастардың 90-95 пайызы алыстан арман қуып келген ауыл балалары.  Аталмыш оқу орнында ел экономикасының қуатты бөлшегі саналатын аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында жастарға тек сала бойынша  білім беріп қана қоймай, олардың рухани кеңістігінің дамуына, ұлттық болмысының сақталуы жолында қосымша тәрбие беріп келеміз. Екінші ұстаз әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген бі­лім − адамзаттың қас жауы» дейтін ұлағатты сө­зі ұстаздар қауымының кре­досына айналғалы қа­шан. Бұл жердегі негізгі тәр­бие, отансүйгіштік пен адами түсінік қасие­тінің қағидаларын дұ­рыс қалыптастырумен ты­ғыз байланысты. Жас­тардың зердесін оятып, рухани-моральдық таным-тү­сінігін дұрыс қалыптастыруда аталған оқу ордасының басшысы, академик Тілектес Есполовтың үлесі өл­шеу­сіз. Мемлекет басшы­сының әр Жолдауында айтылған басым бағыттарды бас­шы­лыққа ала отырып университет ұстаздары мен шәкірттеріне жоғары талап қоя біледі.

Жоғарыда тілге тиек еткенімдей, біздің оқу ордамызды бітіргендердің  көпшілігі оқуын бітіргеннен кейін өзінің туған жеріне, еліне қызмет етуге аттанады. Ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырына қанығып, сол білімдерін тәжірибеге ұштастырады. Бір аңғарғаным, ауыл балаларының бойында ұлттық болмыс, қазақи тәрбие мектебі дұрыс қалыптасқан. Ал, қала балалары керісінше техниканы жетік игеруге икемді болып келеді. Ол енді заман мен табиғатқа тән ерекшелік екені айтпаса да түсінікті. Мұнда оқитын қала балаларының көпшілігі дала балаларымен етене араласып, рухани үндестік тауып бір-бірін толықтырып жатады. Талай-талай ғалымдар мен ел игілігіне қалтқысыз қызмет еткен мамандарды қанаттандырған киелі шаңырақта бір кездері қазақтың біртуар ұлы Мұхтар Әуезов  те сабақ берген еді. Сол кезден басталған сара жол мен ұрпақтар сабақтастығы әлі күнге дейін үзілмей жалғасын тауып келеді. Оның дәлелі, оқу ошағындағы Олжас Сүлейменов атындағы орталықтың рухани тәрбиелеудің бесігіне айналып, жастардың шығармашылық мүмкіндіктерінің көзін ашып, патрио­тизмге тәрбиелеуге ықпал етіп отыр.

  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жас­тар форумында айтқан бір сөзінде: «Жастың қуаты – білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді сақтай білсек, еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Ол үшін әрбір жас өзіне жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне білуі керек», деген еді.

Расында да, рухымызды қайта жаңғыртып, салт-санамызды саралап, өшкенімізді жағып, өткенімізді таныдық. Дамудың даңғыл жолына бет бұрып мемлекеттік қуатын нығайтқан еліміз тарихи жаңару жолында тың серпін алып, өз беделін қалыптастырды. Әлемнің дамыған озық елдерімен терезесін теңестіріп, олармен саяси-экономикалық, рухани-мәдени тығыз байланыс орнатты. Шартарапқа шарапатын тигізген қарусыз бейбіт өмір салтын ұстана отырып, еліміз кеңге қанат жайып келеді. Алдағы жазда Экспо-2017 көрмесі арқылы төрткүл дүниенің назары бізге ауғалы тұр. Тәуелсіз еліміздің сәулеті мен дәулетін, өткені мен бүгінін, кемел келешегін ой елегінен өткізіп, жұмыр жердің бетінде жұдырықтай Қазақстан деген қуатты елдің бар екенін әлем тағы бір мойындамақ. Осындай айтулы мақсаттарға жету жолында жаңа заманның тарихын қалыптастыратын қайсар да өр, білімді де білікті, жоғары мәдениетке ие, рухани дүниесі бай жастардың ор­ны бір төбе. Ұлт болашағы бүгінгі жас ұр­пақтың қолында. Сондықтан, жас­тары­мызды рухани тәрбиелеуде бәрі­міз табандылық танытуымыз қажет.

Рақымжан ЕЛЕШОВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор