Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы атанған «Социалистік Қазақстан» газетінің алтын босағасында осы Әділмен қанаттаса қатар жүріп, қызмет істедік. Елдің бас газеті болған соң республиканың түкпір-түкпірінен сайдың тасындай марқасқа азаматтар жиналып, бас қосқан жер. Дулы, думанды орта. Алдымыздағы Хамаң, Тәкең, Алтекең, Байғаң сияқты жақсылар өз алдына, тіпті қатар-құрбы азаматтардан Советті – «Сәке», Кеңесханды – «Кеңке», Ақселеуді – «Ақа», Қойшығараны – «Қойшеке» десіп, таза қазақы қалпымызбен, «біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс» дейтін Абай ата үлгісімен сыйласып, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып ынтымақтасып жүретін кез еді ғой ол. Өзімізден сәл жастау болғанымен, білімі мен білігі, дарыны мен қарымы қарайлас, сүйкімі жарасқан Әділді де баршамыз «Әдақа» дейтінбіз. Тіпті, редакциядағы қыз-келіншектердің бәрі дерлік солай атайтын. Жұмыстың бұйрықты уақыты біткен соң андыздап бет-бетімізбен тарап кетпей, оны-мұны сылтауратып, жұбымыз жазылмай, үркердей топ болып, тағы біраз қайырлайтынымыз қандай.
Одан қалса, селбесіп-себептесіп, бір-біріміздің үйді-үйімізге ере баратынымыз қане. Аңқылдаған ақеділ Әділдің төрінде, Дариғаның көлдей дастарханында отырып та талай сыр ақтарыстық. Күні бойы бітпеген шаруаларымыздан шағын «лездеме» жасап, қызылкеңірдек болыстық. Бір мезгіл әнге кезек беріп, желпіндік те. Менің кейде домбыра тыңқылдатып, арғы-бергі ақындардың ескілікті сөздерінен жыр айтатыным болушы еді, ондайда көңілдің көкдөненін бос жіберіп, шалқып бір кетсем:
– Жаса, Беке! – деп Әділім желпініп бір қалар еді. Оған ілесе:
– Жаса, аға! – деп әкесінің алдында отырған үш-төрт жасар «Майти Маусым» да пәк пейілмен қошемет қосар еді.
«Майти Маусым» дейтінім – сол жылдары теледидардан, америкалық болар деймін, бір мультфильм жүріп жататын, соның үріп ауызға салғандай Майти Маус атты бір кейіпкері Әділдің кішкентай қызалағына – Жазираға құйып қойғандай ұқсайтын. Содан мен Жазираны Майти Маус атап кеткемін ғой. Сондай бас қосуларымыздың әрқайсысы өзімізге жәрмеңкедей көрінуші еді-ау. Ал сөйткен Жазира қазір бес баланың анасы, жоғары білімді маман, «Білім және ғылым ұйымдары ұлттық ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы. Өзіңнен кейінгіні көріп қартаятының рас – жылғадан аққан су демей не дерсің уақыт шіркінді... Адамдар арасындағы ылғалсыз жарастықтың құты қашып, балапан – басына, тұрымтай – тұсына кеткен қазіргі заманда сондай шуақты күндердің сағынышы жүрек сыздатады.
* * *
Қазақ әдебиеті алыптарының бірі, классик жазушымыз Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың «Мен кіммін деп мақтанам?» дейтін шалқымалы бір өлеңі болушы еді ғой. Бірде Әділ де өзіне сол сұрақты қойып, жауабын өзі бергені бар. «Мақтансам, – дейді Әділ, – өзімді жастайымнан қамқорлығына алып, әке орнына әке, шеше орнына шешедей тәрбиелеп өсірген; отау құрып, түтін түтетіп, балалы-шағалы болуыма; ұлды ұядан ұшырып, қызды қияға қондырып, немере-жиендер сүюіме себепші болған киелі де қасиетті қара шаңырақ – «Егемен Қазақстаныммен» мақтанамын. Мақтансам – осы газеттің іргетасын қалап, өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қоса білген аға ұрпақ аттарын атап мақтанамын. Мақтансам – сол ағаларымыздың салып кеткен сара жолынан таймай, игі дәстүрлерді одан әрі жалғастырып келе жатқан қазіргі жастарымызды көріп мақтанамын».
Сөз-ақ қой! Өзінің қимас досы, ілкі алдындағы қаламдас ағаларының бірі, марқұм Совет Шиманбаевтың шаңда бір көңіл-хошы келгенде «Әруағыңнан айналайын, «Социалды Қазақстан!» – деп шалқып кететіні болушы еді. Шын көңілден шыққан осы бір лепесті Құран сөзіндей бағалап, қабылдаушы едік. Ал Әділдің әлгі сөзін әрі қарай түгендесек, ол өзінің еңбек жолын осы жерден бастап, осы жерден зейнеткерлікке шыққанын мейірлене айта келіп: «Еңбек кітапшамда бір-ақ жазу болды. Ол – «Әділ Дүйсенбеков республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке алынсын» деген сөз. Мұны мен Тәңірдің маңдайыма жазып қойған бақыты деп білемін. Соған шүкір деймін», – деп тұжырады.
Мақтанса, мақтанарлықтай бар ғой! Менің білетінімде, өзінің еңбек жолын осынау қасиетті шаңырақтың табалдырығынан аттағаннан бастап, осында өсіп, өркендеп, құрметті демалысқа шыққан үш-ақ адам болса керек: бірі – Әділ де, қалған екеуі – Балғабек Қыдырбекұлы мен Тәжібай Битаев ағаларымыз еді. Дарақтың бір жерде тұрып жетілгені де өнеге ғой.
* * *
– Беке, сіз елуге келгенде қатырып тұрып «Бес тау асқан Бекең» дейтін мақала жазармын-ау! – деді бірде.
Алатаудың баурайындағы балаусалы беткейлерден рауғаш теріп жүргенбіз. Көктемнің жазға шығар май-майса шағында жай қыдырыстап қана тауға шыққанның өзі бір ғанибет. Қазақстан Орталық партия комитеті баспасының Алматыдан Талғарға барар жол бойындағы бұлың-бұлтық қойнауға сұғына орналасқан «Ақ қайың» санаторийінде демалып жатқан бір шоғыр қаламдастар күн иыққа көтерілісімен, шипажайға тиіп тұрған, көз жауын алғандай жасыл белдерге тартқанбыз ғой. «Әшейінде жігіттің бәрі мерген» демекші, жайшылықта: «Па, шіркін, барар ма еді!.. Рауғаш та қазір солқылдап-ақ тұрған шығар!..» десіп отыратын жігіттердің тауаны екі бел асқанға ғана жетті. Менің қаршадайымнан-ақ осы өңірдің тау-тасына өрмелеп өскен қамбылдығым бар, ал Әділдікі намысқойлық болар деймін – әйтеуір, келесі бір кезеңге иек артпада әлгі топтан екеуіміз ғана қалған көрінеміз. Бірақ енді Әділім де ентігін баса алмай, құр бойы сорайып, барып-келіп тұр. Аузымен ауа қармап, сонау маңдала төріндегі қайнаған өмірге ұялы көзін қыдырта қарап, бейне жан рахатына бөленген кейіпте. «Тағы бір ышқынып, сонау беткейдегі жазаңға жетейікші» деп мен айтамын. «Қой, осы да жетер, қайталық» деп Әділім беттейтін емес. Жаңағы сөзді әңгіменің бетін басқаға бұрғысы келіп әдейі айтты білем. «Бес тау асқан Бекең» деп мақала жазбақшы...
– Уәде ме?
– Уәде!
Бірақ сол уәде орындалмады. Әрине, Әділдің кінәсінен емес. Мен өзім мінәйі бір себеппен басқа жұмысқа ауысып кеттім де, біршама уақыт журналистикадан қол үзіп қалдым. Әйтпесе қаламына құт дарып, күнде шабыс тілейтін сәйгүліктей зар күйінде жүрген Әділдің уәде бұзар реті жоқ-ты. Дегенмен, «Бес тау асқан Бекеңді» жазбаса да, сол тұста ол шығармашылықтың берекелі белесіне шығып, өз оқырмандарын тауып, газетке де өндірте жазып, көркем әдебиеттің ауылына да жиі-жиі ат ізін салып жүрген кезі болатын. «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» деп Қасым ақын айтпақшы, сіз оның шұбырған ізін сол кездегі «Социалистік Қазақстан» мен «Егемен Қазақстанның» беттерінен қабағат табасыз. Қоғам ауысып, ескі дүниенің тасемен қабырғалары қақырап, рауандап атқан тәуелсіздік таңымен бірге тыныс-тірліктің барлық қырларын қамтыған сан-сапа өзгерістердің бел ортасынан табылған, замананың ақиқатын айтып, қалың қазақтың қамы үшін «ақырып теңдік сұраған» азаматтардың маңдай алдынан Әділдің өзін де көрер едіңіз, сөзін де естір едіңіз. Қаламгердің азаматтық белсенділігі оның жазған-сызғанымен өлшенетін болса, содан бері де Әділдің қаламы тимеген, түбегейттеп қозғамаған қоғамдық ойдың ешбір қабаты да, қалтарысы да жоқ десек, жаңсақ айтпаспыз. Күнделікті көсемсөздері мен шешен сөздерін былай қойғанда, сол бір алағай да бұлағай жылдарда газеттің «Ел» деп аталатын қосымшасын шығарып, ел мен жердің алуан-алуан күптігей жайларын індете қозғап, ауылдың шиқандай сөзін алдыңғы қатарға шығарғанының өзі неге тұрады. Ол үшін кезінде кейіпкеріміздің атына көп-көп ілтипат білдіріліп, алғыстар айтылғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес.
* * *
Осы күнгі аға буын қаламгерлердің көпшілігі: «Біз Шерағаңның шекпенінен шыққанбыз» десе, бөріктері қазандай болатынын көзіқарақты оқырман білсе керек. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы аумалы-төкпелі, тағдыршешті жылдарда аға газет – «Социалистік Қазақстанның», содан кейін біраз уақыт «Егемен Қазақстан» ұжымын басқарған, көп-көп шәкірт тәрбиелеп, «редакторлардың редакторы» атанған айтулы қаламгер, шебер жазушы Шерхан аға Мұртазаның ұстаханасында да шыңдалған бұл Әділ. Шыңдалып қана қоймай, ұстазының ыстық ықыласына бөленген, жан досындай жампозына айналған. Екеуінің көп жылғы ағалы-інілі жарастығынан «Менің Шерағам» атты естеліктер кітабының дүниеге келгенін де білеміз. Тек біздің білмейтініміз – сол бастаукөздің көлдей дарияға ұласып, «Шерағаның шеруі» дейтін әйдік роман-эссеге айналып, әне-міне жарыққа шыққалы жатқаны болатын. Міне, енді жазушы Әділдің аузынан оны да білдік. Құдай қаласа, аз күнде ол да қолымызға тиіп, рухани қорымызды толықтыра түсер дейміз. Өйткені, Шерағаңның қай сөзі, қандай ісі де тұнып тұрған ғибрат, толып тұрған өнеге екенін білеміз. Соларды қаз-қалпында қағазға түсіріп, оқырманына сыйға тартқалы отырған Әділдің самдағайлығына тәнтіміз.
Осы аталған роман-эссенің «Жамбыл» журналының биылғы бірінші санында жарияланған үзінділерінен бір ғибратты жайды оқыдық. «Социалистік Қазақстанға» бас редактор болып келісімен Шерағаң газеттің таралымын қолға алады ғой. Ол үшін редакцияның белді журналистерін облыс-облыстарға бөліп, жауапкершілік жүктейді. Әділ Дүйсенбек Жамбыл облысына бөлінген екен. Газетке жазылудың барысы жайындағы оның есебін тыңдай отырып, редактор бұл іске облыс, аудан басшыларын жұмылдыру керектігін ескертсе, Әдақаң «ондай қолқа сіз сияқты беделді кісілер тарапынан шықса ғана басшылардың беті бері қарауы мүмкін» дегенді айтып, міндеттің бір ұшын Шерағаңның өзіне аударғысы келмей ме. Сондағы көріністі жазушы былай суреттепті:
«Шерағаң мені алғаш көргендей бажырая қарап отырды да:
– Әй, сенің беделің кімнен кем? – деді қолын жоғары көтеріп. – Жазушы десе жазушысың, журналист десе журналиссің. Білдей бір газеттің бөлім меңгерушісің. Одан артық не керек?!»
Иә, бұдан артық ештеңенің де керегі шамалы еді. Жазушы десе – жазушы етіп, журналист десе – журналист етіп қаламгерлік қайсарлыққа тәрбиелеген Шерағаңдай ағаларының арқасында Әділдің қазыналы ойынан бірталай шығармалар туып, жарыққа шықты. Бұл қатарда «Ақкүмбез», «Көкжиек», «Жүрек жылуы», «Тергеу әлі біткен жоқ», «Шынайы өмір шырайы», «Қара шаңырақ», «Менің Шерағам» дейтін кітаптарды атаса болады. Ал «Шерағаның шеруі» атты роман-эссесі оқырманға жол тартуға әзір екенін айттық.
Өмірінің шұғылалы бір белесіне иек артып отырған, көргені мен білгені көп қаламгердің әлі берері де аз емес. Ол үшін Әдақаңның ойы да, сойы да сергек болсын, қолы да дерт көрмесін деп тілейік.
Бекболат ӘДЕТОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі
АЛМАТЫ