• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2016

«Жастардың алтын кітабы» лауреаттары марапатталды

476 рет
көрсетілді

Қостанайдағы «Медеу» мейрамханасында «Жастардың алтын кітабы» лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. 2005 жылы басталған дәстүр он бір жылдан бері жалғасып келеді. Биыл «Алтын кітапқа» лауреат болған 12 жасқа облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың өзі сертификаттар табыс етті. «Жастардың алтын кітабы» біздің облыстағы жақсы дәстүрдің бірі. Атақты спортшы жерлестеріміз олимпиада чемпиондары, бокшылар Василий Левит, Иван Дычко және конькимен сырғанаудан әлем чемпионы Денис Кузин «Алтын кітап» лауреаттары болатын.  Ал «Жастардың алтын кітабы» лауреаттарының бірі Әлия Сапарова бүгінде республика Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Алтын кітапқа» есімі енген облыс жастары қазір кәсіпкерлікте, ғылымда, мемлекеттік қызметте, тағы басқа салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Солардың бірі Ерлан Қалмақов облысымыздың мәдениет саласын басқаруды қолға алды.  Лауреат жастар барлық жағынан замандастарына үлгі», деді Архимед Бегежанұлы. «Алтын кітаптың» жаңа лауреаттары да өмірдің әр саласында үздік атанып жүрген жастар. Мысалы, Мәлика Мұхтарова арбада отырып спорттық-бал биін билеуден Азия чемпионы атанды. Мәлика талантын ұштай түсуі үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов оған 1 миллион 200 мың теңге тұратын биге арналған арнайы арба алып берді. Индира Иванова облыстағы «Тіл дарын» клубын басқарады. Ол өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тіл үйретіп, қазақ тілінде таза сөйлейтін жастардың қатарын көбейтуге атсалысады. Әр лауреаттың осындай ерекше жетістігі, табысы атап айтылды. Он бір жылдың ішінде облыста «Алтын кітапқа» 172 жастың есімі алтын әріптермен ойылып жазылды. Олардың ішінде 44 лауреат спорттағы, 23 лауреат мәдениет пен өнер саласындағы, 20 жас ерлік көрсеткені үшін, (олардың біреуі қайтыс болған соң), 7 жас денсаулық сақтау саласындағы, 16 лауреат білім саласындағы үздік жетістіктері үшін марапатталған еді. Олардың барлығы да Қостанай жастарының жарқын өкілдері. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан». Қостанай