Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау.
Зейнолла ҚАБДОЛОВ
Тәуелсіз Қазақстанның өркениетті елдер қатарында гүлдену мақсатын жүзеге асыруда қойылатын талаптардың бірі – қазақ жеріндегі татулық пен имандылық. Осы татулық пен имандылықты сақтай отырып, еліміздің кемелденуіне, ғылым мен техниканың, мәдениет пен әдебиеттің әлемдік дамудан кенже қалмай қарқынды дамуына түбегейлі үлес қосатын – жастар. Сондықтан мемлекет жастарға ерекше қамқорлық жасауда. Өз елінің жастарына сенім артқан ұлт қана алға қойған мақсат, мүдделеріне қол жеткізіп, дамудың даңғыл жолына түсе алатынын нақты сеніммен айтуға болады. Білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін оқытудың инновациялық технологияларын пайдалана отырып жасалып жатқан іс-шаралар терең білімді, ізденімпаз, шығармашыл да толерантты тұлға тәрбиелеуге бағытталған. Болонья процесі контексінде білім беруді жаңғырту жүйесін қалыптастыру білім беру үдерісінің негізгі мақсаты етіп қойылған. Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Елбасының этносаралық және конфессияаралық келісімінің теңдессіз үлгісі жас ұрпақтың толеранттылығын қалыптастырудың, олардың этностық және діни ерекшеліктерін түсіністікпен қарауының және құрметпен қабылдауының негізіне айналуы керек», деп атап көрсетілген. Толеранттылық – барлық елдер үшін ең маңызды мәселе, еркін қоғам мен мемлекеттік тұрақтылықтың белгісі. «Толеранттылық» (лат. «tolerantia» – шыдам, төзім) басқалардың пікіріне, наным-сеніміне, жүріс-тұрысына, өмір сүру жағдайына түсіністікпен қарау, адамды сол қалпында қабылдау. Толеранттылық – интегралды қасиет. Егер ол қалыптасқан болса, онда ол барлық өмірлік жағдайларда және барлық адамдарға қатысты көрініс табады. Жалпы, толеранттылық дамыған елдерге тән құбылыс. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгендігінің айқын көрінісі. Қазіргі уақытта әлемде ұлтаралық қақтығыстар мен діни төзбеушілік таныту жиі орын алған жағдайда өзге ұлт өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүрудің үлгісін көрсетіп келе жатқан Қазақстан халқының толеранттылығын көптеген мемлекеттер мен діни конфессиялар да мойындап, еліміздің тәжірибесіне қызығушылықтарын білдіруде. Мемлекетіміз ұлтаралық келісім мен бірлікті дамытуды басты саяси бағыт ретінде ұстанады. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында осы мәселеге ерекше мән беріп, халықты бірлік пен татулыққа шақырады. Бұл мәселеде Елбасымыз жастарға үлкен сенім артатынын баса айтып, жастар тәрбиесіне назар аударуымыз керектігін ескертеді. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», – делінген. Барлық халықтар өркениетке бет бұрған бүгінгі әлемде адамдар арасындағы, этносаралық және конфессияаралық өзара түсіністік пен төзімділікті қалыптастыру қоғамның бейбіт те орнықты дамуының кепілі ретінде бағаланды. Президенттің мемлекеттік бағдарламасында көретілгендей, бүгінгі басты міндет – ұлттық, геолингвистикалық, тарихи, этностық, этнолингвистикалық, мәдени-көркемдік, эстетикалық құқықтық сананы, діни тағылымдарды, өнегелілік қасиеттерді адамдардың бойында қалыптастыру, ұлттық диаспорлардың татулығы мен бірлігін нығайту, дінсіздікті тоқтату, әдепсіздік пен азғындықты ауыздықтау, адамдардың салиқалы, саламатты өміріне жол сілтеу. Толеранттылықты оқушылардың санасына енгізу және қалыптастыру, оны негізгі құндылықтардың біріне айналдыру білім беру жүйесінің маңызды міндеті болып табылады. Азаматтық ұстанымды қалыптастыру пән сабақтарында, сондай-ақ, оқушымен жүргізілетін әртүрлі сабақтан тыс танымдық және тәрбиелік іс-шараларда да тиімді шешімін табады. Оның басты мақсаты – түрлі тәрбиелік шаралар арқылы оқушы қабілетін дамыту, оның мәдени және рухани жағынан өсуін қамтамасыз ету. Осындай іс-шаралардың қатарына экстремистік және ұлтшылдық мәселелері бойынша білім алушылардың пікірлерін білу мақсатында оқушылар арасында сауалнама жүргізу, осы салада белгілі бір ақпараттық базаны құру үшін мәдени кештерді өткізу, саясат, экономика саласындағы ең маңызды мәселелер бойынша дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастыруды жатқызуға болады. Оқушылардың бойында толеранттылық қасиеттерді қалыптастырудың тиімділігі ұлттық және ұлтаралық қатынастардағы мінез-құлық дағдысының, сенімінің, білімінің қалыптасуы тұрғысынан қарастырылуы керек. Оқушыларды толеранттылыққа тәрбиелеу ісінде сынып жетекшісінің атқаратын жұмысы маңызды. Сынып жетекшілері сыныптағы оқушылардың жас ерекшеліктерін, ұлттық жеке бас қасиеттерін бағалап, түрлі дәстүрлі және дәстүрлі емес формадағы, яғни дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар, диспуттар, конкурстар, тренингтер өткізу әдістері арқылы әрбір оқушының сыныптастарымен қарым-қатынасын ұйымдастыруға ықпал етеді. Тәуелсіз Қазақстанның өміріндегі жаңару үрдісі адам факторы маңызын күшейтумен қоса қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәнінің артуына әкеледі. Тіл атаулы, оның ішінде, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің байлығы да елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің терең ойлары мен шексіз сезімдерін еркін білдіруіне мүмкіндік береді. Тілдің білімдік, тәрбиелік мақсаттары да басқа пәндермен тығыз бірлікте, байланыста болады. Қазақ тілінде салт-дәстүрлерге байланысты өткізілетін іс-шараларға өзге ұлт өкілдерінің оқушылары да шақырылады. Осындай іс-шаралардан оқушылар қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты білімдерін толықтырып, сабақтардан алған мәліметтерін өз ұлтының салт-дәстүрлерімен салыстыра отырып әңгімелейді. Сондай-ақ, қазақ халқы мен басқа ұлт өкілдерінің мәдениетінен, ұлттық ерекшеліктерінен мәліметтер беретін өлкетану, этнографиялық мұражайларға барудың да маңызы зор. Бұл мұражайларда оқушылар әр халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін бейнелейтін экспонаттарды өз көздерімен көріп, қосымша мағлұматтар алады. Патриот азаматты экстремизмге, терроризмге қарсы тұра алатын толеранттылық рухында тәрбиелеу мәселесі қазіргі жағдайда үлкен маңызға ие. Сондықтан ұлттық мәдени құндылықтарды негізге ала отырып, оқыту үрдісінде және сабақтан тыс уақытта іс-шараларды өткізу барысында оқушылардың бойында толеранттылық қасиеттердің қалыптасуы жүзеге асырылады. Осындай іс-шаралар жүйелі және кешенді түрде іске асырылса, тәрбие жұмыстары мақсатына жетіп, нәтижелі болмақ. Исабек СЕЙДУЛЛА, Жетісай қаласындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы