Жақында Екібастұзда қалалық әкімдіктің қолдауымен, «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Айтысқа жырдың жілігін шағып, майын ішіп жүрген Қазақстан, Қытай, Моңғолия елдерінің 10 ақыны қатысты. Олар – Аспанбек Шұғатаев (Баянауыл), Дидар Қамиев (Қарағанды), Нұрмат Мансұров (Қызылорда), Арзыгүл Қайынбекқызы (Қытай Халық Республикасы), Ерлан Дәулет (Моңғолия), Абзал Қабдраш (Павлодар), Рауан Қайдаров (Екібастұз), Аякөз Серікқызы (Алматы), Нұрқанат Қайрат (Астана), Қуаныш Шарманов (Павлодар).
Ел ішінде Павлодар орыстанған, ақын түгілі қазақ табу қиын деген қаңқу сөздердің бары белгілі. Бірақ бұл жолғы аламан айтыс сол сөздің қисынсыз екенін дәлелдеді. Келген көрерменнің қарасы қалың. Негізгі тақырып Тәуелсіздік болса да, ақындар жақында жол апатынан қаза болған, Екібастұздың атын шығарып жүрген ақын қызы Алмагүл Жүгінісованы да тілге тиек етпей өтпеді. Небәрі 34 жасында көз жұмған Алмагүлдің артында өшпес өлеңдері мен айшықты айтыстары қалды. Адамгершілігі бір төбе ақынның сазгерлік қыры да елге енді таныс бола бастаған еді. Десе де, ажал айтып келмейді, өмір қайтып келмейді. Жазмыштан озмыш жоғына еріксіз мойын ұсынамыз.
Төрт сағатқа созылған дүбірлі додада алдына қара салмай, жүйріктігін жүйелі сөзімен танытқан Дидар Қамиев бас жүлдені иеленді. Бірінші орын Аспанбек Шұғатаевқа бұйырса, екінші орынды Рауан Қайдаров еншіледі. Үшінші орын Моңғолиядан келген қандасымыз Ерлан Дәулетке бұйырды.
Сонымен қатар, Жүрсін Бәтенұлы атындағы жүлдені – Қуаныш Шарманов, Алмагүл Жүгінісова атындағы жүлдені – Арзыгүл Қайынбекқызы, Түсіпхан Қасымжанов атындағы жүлдені Нұрмат Мансұров қанжығасына байлады. «Арқалы ақын» аталымына – Нұрқанат Қайрат, «Озық ойлы, өткір тілді» аталымына – Аякөз Серікқызы, «Азулы ақын» аталымына Абзал Қабдраш лайық деп танылды.
Барлық ақындарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан»