• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2016

Азаматтық ұстаным арқауы

432 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Дарын» Мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Болатбек Төлепбергеннің ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай жарық көрген «Қасиеттім – Желтоқсан!» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жалпы, 1986 жылғы Жел­тоқсан оқиғасы туралы еңбек­тер баршылық. Олардың әрқай­сы­сының орны бөлек. Бұл та­қырып алдағы уақытта та талай қаламгерлердің шығармаларына арқау болатыны күмәнсіз. Өйткені, аталған мәселе ұлтымыздың тағ­дырына тікелей қатысты. Міне, күні кеше осы Желтоқсан оқиғасын негізге алып, оның мән-маңызына тереңнен үңілуге үндейтін тағы бір жаңа туынды өз оқырманына жол тартты. Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, Қазақ радиосының директоры Махат Садық, желтоқсаншылар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкіл­дері мен жастар қатысқан тұсау­кесер рәсімінде аталған кітаптың мазмұны, онда қамтылған жағ­даяттар кеңінен сөз болды. Жиында атап өтілгендей, «Дарын» Мемлекеттік жастар сый­лығының иегері, Қазақ радиосы директорының орынбасары – «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепбергеннің «Қасиеттім – Желтоқсан!» атты публицистикалық кітабында 1986 жылғы Алматы қаласындағы Жел­тоқсан оқиғасының шығу себеп-салдары мен өр­бу барысы кеңінен қамтылған. Со­нымен қатар, оқиғаға қатыс­қан және одан кейінгі кез­де азаматтық ұстанымын көр­сеткен зиялыларымыздың, жаста­рымыздың қайсарлығы туралы сыр шертіледі. Бұдан бөлек, Желтоқсан оқиғасына түрткі болған жайттардан бастап, жел­тоқсандық қаһармандардың іс-әрекеттері ашып көрсетіліп, жел­тоқсаншылардың біразының тізім­дері мен сол 1986 жылғы оқиғаға қатысқан жастардың деректері берілген. Автор Желтоқсан көте­рілісіне қатысты толыққанды мағлұматты нақты деректермен дәйектеп, желтоқсандық зиялы қауым болмысын ашуға ұмтыла отырып, оқиғаның бізге беймәлім қыр­ларын баяндауды мақсат тұтқан. Кітапты оқу арқылы біз Жел­тоқсан оқиғасы қазақ тари­хының күрделі кезеңі екеніне көз жеткіземіз. Автордың бұл тия­нақты еңбегі – қаhармандық күрестің шынайы бейнесі мен толық ақиқатын ашудағы сауапты да қажырлы талпынысы, игілікті істің мәуелі жемісі деп айтуға толық негіз бар. Аталған кітап Мәдениет және спорт министрлігінің «Әде­биеттің әлеуметтік маңызды түр­­лерін басып шығару» бағ­дар­ламасы бойынша 2000 данамен «Керемет медиа» баспасынан жарық көрді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»