• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2016

Болашаққа сеніміміз нық - Хасанғалиев

234 рет
көрсетілді

Кеше ғана Астанадан үлкен оқиғаға ортақтасып орал­­дық. Аса салтанатты мәжіліс бол­ды. Елбасымыз ауқымды баян­­­дама жасады. Өте есте қалар­лық жағдай болды. Олай дейтінім, Елбасы есеп сияқ­­ты, елдіктің ең маңызды сәт­­терін түгел қамтып өтті. Сан түрлі сала бойынша осы жыл­дардағы ерекше сәттердің бар­лығы да көз алдымызға кел­ді. Осындай шежірелі күннен қалып қой­май, көппен бірге болғанымызға, еліміздің амандығына қуандым. Қандай табысқа қол жеткізсек те осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында біртіндеп жүзеге асып жатыр. Шығар­ма­шылық адамдарында, өнер өкілдерінде еркіндік бар. Бұрын тек бір партия­ның сойылын соғып, жырын жырлай­тын едік. Шығармашылық адам­дары үшін тақырып таңдау, ой азатты­ғы де­ген – үлкен сый. Мұнсыз мәдениет дамымайды. Қалай болса да бейбітшілікпен бір ширек ғасырды еңсердік. Орындалмас­тай көрінген көптеген армандарымыз жүзеге асуда. Әлі еңсерілмеген жоспар­лар болса, біртіндеп атқарыла жатар. Қазақ­стан әлемде өз орнын бекемдеді. Ең бастысы, болашаққа деген сенім нық. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болса, жағдайымыз бұдан да жақсы болады. Біздің жастарымыз да талантты, алғыр, қабілетті. Бір байқағаным, жас дарындар отандық, егемендік, елдік туралы бірқатар туындыларды дүниеге әкелген екен. Сәтті шығармалар да бар. Жастар осы бағытты ұластырса, шы­найы шығармалар тудыра берсе деп ойлаймын. «Махаббат, өлдім, күйдім, сүй­дім» деген жеңіл шығармалар да керек шығар. Бірақ, отаншылдық, елжан­ды­лық тұрғысындағы туындылар халқы­мыз­дың рухын оятады. Туған жерді қадірлеуге, сүюге тәрбиелейді. Елімізді жаңа жетістіктерге жетелейді. Осы тақы­рып­тарға көп мән беру керек. Сон­дық­тан, жас композиторларға айтар ағалық өтініш, тілегім осындай. Ең бастысы, егемендігіміз мәңгілік болсын. Егемендігіміз мәңгілік болса, ел де аман, тыныштық, берекеміз де бірге болады.  Барша отандастарымды еліміз­дің ең үлкен мерекесімен құттықтаймын! Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемле­кет­тік сыйлық­тың лауреаты АЛМАТЫ