Қазақстан халқы биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуде. 25 жыл былай қарағанда, оншалықты көп уақыт емес сияқты. Алайда, тарих таразысына салсақ елімізде осы аз ғана уақытта атқарылған ұлан-ғайыр істер бүтіндей бір ғасырдың жүгін арқалап тұрғанын байқар едік. Иә, осы 25 жыл сан ғасырлар бойы еркіндік аңсаған қазақ халқы үшін нағыз алтын дәуір болды десек, асыра айтқандық болмас. Өйткені, осы бір жылдар ішінде тәуелсіз Қазақ елі бүкіл әлем таныған мемлекет болды. Барша еліміз түлеп-түрленді, халқымыз өсті, дербес елдігіміз, егемендігіміз нығайды. Әрине, мұндағы барлық жеңістеріміз бен жетістіктеріміз көреген басшы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың асқан қайраткерлігі мен дана саясатына тікелей байланысты болғаны сөзсіз.
Президент Н.Назарбаев – халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жанашыры, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. Экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел қайраткер. Ол – бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – Тәуелсіздігімізді орнықтырған, тарих төрінен өзіндік қолтаңбасымен көрінген сарабдал саясаткер.
Тәуелсіздік жариялаған кезеңде еліміз экономикалық қиыншылықты бастан кешіп жатты. Сол себепті, жасыратыны жоқ, елдің өз алдына түтінін түтетіп, аяғынан тұрып кететініне сенімсіздік білдіргендер аз болмады. Н.Назарбаевтың сара саясатының, қажырлы қайратының арқасында сол күмән-күдіктің бәрін жеңіп, бүгінде болашағы жарқын мемлекеттердің біріне айналдық. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылдық. Әлемнің небір азуын айға білеген ең алып мемлекеттері бізбен санасатын болды. Жиырма жылға жетпейтін уақытта еліміз ішкі тұтастық пен ырысты ынтымақ құндылығын сақтай отырып, жас Қазақстан тыныштық пен тұрақтылықтың берік орнаған мекеніне айналды.
Қазіргі таңда республиканың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі ауыз толтыра айтарлықтай өзгерді. Тәуелсіздіктің туын көтерген Елбасы еліміздің күре тамырына нәр беріп, қажымай-талмай халқын алға бастап келеді. Елімізді бәсекеге қабілетті, қай салада болмасын мойны озық елдердің санатына қосуды мақсат еткен Тұңғыш Президентіміз осы жолда аянбай еңбек етіп, тер төгуде. Әлемді шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарыстың бірнеше легін еңсердік. Дағдарыстан кейінгі даму бағдарын жасап, елдің экономикасын тоқтаусыз өсіруді көздеп отырмыз. Индустриялық-инновациялық даму жоспары жүзеге асырылуда. 2010 жылы дүниенің алпауыт мемлекеттері құрметтейтін аса беделді Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Одан кейінгі жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуіміз де еліміздің халықаралық кеңістіктегі абырой-беделін асқақтатты.
Елбасы өзінің озық ойлы, өміршең қағида-ұстанымдарымен, әділ де турашыл мінезімен, кеңпейілімен құрметке бөленген жан екеніне бәріміз де куәміз. Оның бір ғана дәлелі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды қысқартып, әлемде баянды бейбітшілік орнату жөніндегі оның 2016 жылғы манифесі әлемде қошемет пен үлкен қолдауға ие болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының жалпы адамзат қауымына деген ыстық ықыласын, мейірімділігі мен жанашырлығын танытатын адами игі қасиеттерінің бір парасы ғана.
Президент Н.Назарбаев халықты мыңжылдықтар ауысып, ғасырлар тоғысқан алмағайып заманда бейбітшілік пен тыныштықта, ынтымақтастық пен татулықта ұстап тұруды еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап басты нысанасы етті. Соның арқасында Қазақстан бірден бейбіт дамудың дара даңғылына түсті. Елбасы ел ішіндегі өзара түсіністік пен тұрақтылықты сақтаумен қатар, аймақтық текетірестерді болдырмауда да үлкен қажыр-қайрат көрсетті, әлем жұртына өнеге боларлық үлгілі саясат ұстанды.
Білім мен тәрбие – егіз, екеуі қарлығаштың қос қанатындай тұтас рухани құндылық. Адамгершілік игіліктері осы екеуі арқылы қалыптасады. Осыны ескерген Елбасы білім мен ғылымның, ұлттық тәрбиенің дамуына айрықша мән беріп, халқымыздың бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеуді мақсат тұтып келеді. Ол мемлекеттің, халықтың болашағы жастарда екенін қаперінде ұстап, жыл сайын мыңдаған ұрпақты өз бастамасымен қолға алған республикалық «Болашақ» бағдарламасы бойынша алыс-жақын шетелдерге оқуға жіберіп отырады. Тұңғыш Президенттің ел жастарына білім беруде әлемнің ең озық саналатын оқу орындарына жіберіп оқытып-тәрбиелеуі, өз елімізде білім алушы басқа өрендердің де заманауи технологияларды меңгеруіне жағдай жасап отыруы ел ертеңін ойлаған жанашырлығының жарқын көрінісі. Қазіргі күнде бұл мәселе біздің ілгері қарай дамуымыздың шешуші факторына айналып отыр. Сонымен бірге, жас буынның бойында өркендеген Қазақстанды нығайтуға деген құштарлық пен сенім ұялатады.
Елбасы егеменді еліміздің болашақ азаматтарын өркениетті өзге халықтардан кем болмасын, солармен терезесі тең болсын деп оқытып отыр. Бұл өз кезегінде жастарға деген үлкен үміттің көрінісі. Әрі оларға жоғары жауапкершілік те жүктейді. Соған орай, ол жастарды туған ел мәртебесінің биік, абыройының асқақ, ар-намысының жоғары болуы үшін жақсы білім алып, адал еңбек етуге шақырады.
Президент ел жастарының ашық демократиялық қоғам құндылықтары негізінде тәрбиеленгенін қалайды. Сол үшін жастарымыздың өз отанының патриоты болғанын, әлемдік қоғамдастықтың талаптарына сай келетін жоғары білікті, терең білімді, бәсекеге қабілетті маман болғанын тілейді. Сондықтан да мемлекетіміз бүгінде бар құндылықтарымызды игерген, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға, елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті жастарды тәрбиелеуді басты назарына алып отырғанын аңғарамыз.
Әлемдік діндер жетекшілерінің басын қосып, ислам, христиан, иуда, будда сынды іргелі діндердің бағытын ұстанушыларды бір шаңырақтың астына жинап, қол алыстырған, бейбітшілікке үндеген бірден-бір адам тағы да Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Қазір дінбасылардың Астана қаласындағы жиыны дәстүрге айналып, белгіленген уақытында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін мұндай іс-шараны ешбір ел осыншама сәтті ұйымдастыра алмаған болатын. Бұл дүние жүзі халқын бейбітшілікке шақырудың, олардың бір-бірімен жауласпай, сыйластықта өмір сүруіне үндеудің негізіне айналды. Осы тәрізді игі бастамалармен Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық деңгейде зор құрметке бөленді. Соның нәтижесінде Қазақстанның ішкі тұрақтылығына барша әлемнің, жер-жаһан жұртының көзін жеткізе білді. Халқымыздың мерейін тасытып, абыройын асырды. Еліміздегі жарасымды татулық пен берік орнаған бірлікті өзгеге өнеге етіп көрсетті.
Өзім білім-ғылым саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келе жатқандықтан, оқу-ағарту, ғылым саласындағы атқарылып жатқан жайттарға үнемі назар аударып келемін. Мұнда Мемлекет басшысының ел ертеңі – балалардың өз заманындағы озық ойлы азамат болуына баса мән беріп келе жатқанын көруге болады. Айталық, жоғарыдағы біз атаған «Болашақ» халықаралық бағдарламасына қоса, еліміздің бірегей жоғары оқу орны – Назарбаев Университеттің ашылуы, республикамыздың талантты өрендеріне арналған физика-математикалық, химия-биологиялық бағыттардағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұйымдастырылуы, әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ жобалар болды. Сонымен қатар, еліміздегі білім ошақтарының саны мен сапасының артуына барлық жағдай жасалды. Мәселен, осы Тәуелсіздік тұсындағы 25 жылда елімізде 1 мыңнан астам жаңа мектеп салынып, 6 мыңдай балабақша ашылғаны осы сөзіміздің дәлелі. Бұл шаралар бүгінгі өскелең өмір талабының көшінен қалмай, рухани әлеуетіміздің артуына, экономикамыздың дамуына, сөйтіп, еліміздің әрқашан озық болып өркендеуіне мүмкіндік берді.
Халқына адалдық, елін, жерін сүю – әрбір адамның перзенттік борышын танытатын қағидалар. Президент Н.Назарбаевтың бойындағы осындай биік адамгершілік қасиеттерді жастар үлгі тұтуға тиіс. Елбасының әрбір ісінен өнеге алуымыз керек. Сонда ғана елдің келешегіне, мемлекеттің болашағына сеніммен қарайтын, Елбасының үкілі үмітін алға апаратын және сара саясатын жалғастыра алатын білімді де білікті, пайымды да парасатты ұрпақ қалыптасуы мүмкін.
Адам өмірі қилы белестерден, қиян асулардан тұратыны белгілі. Сол асуларды еңбекпен еңсеріп, жоғары білім мен біліктің, биік ой мен өршіл өренің, елім деп соққан жүректің арқасында қарапайым шойын құюшыдан Мемлекет басшысына дейін өскен Нұр-ағаның өмірлік тәжірибесінен алар өнеге мол дерлік. Нұрсұлтан Әбішұлының халқын сүйгендігі, салиқалы саясаткерлігі тоталитарлық жүйеден күйреп шыққан Қазақстанды жиырма бес жылда төрткүл дүние түгел қызыға қарайтындай қарқынды дамушы және болашағы зор мемлекетке айналдырған ерен еңбегінен байқалады. Бұл – ерлікке пара-пар тірлік. Сондықтан да белгілі ақын Жарылқасын Амановтың:
«Сенде сүйдің халқыңды,
Бір-бірінен кем көрмей.
Халқың сүйді сені де,
Ешбір жанға теңгермей», – деген жыр жолдарын арнауы жайдан-жай болмаса керек.
Алдағы жылы Астанада өтетін Экспо-2017 халықаралық көрмесі, Алматыда болатын қысқы Универсиада ойындары да жаңа Қазақстанның жарқын келбетін танытатыны сөзсіз. Бұл да ел Президентінің тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан игі шаралар.
Тәуелсіздік және Елбасы. Бұл екі сөз бүгінде біртұтас, бір-бірінен ажырамас егіз ұғымға айналған. Бірін айтсақ, екіншісі ойға оралады. Біріне-бірі нұрлы сәулесін шашып, жарық түсіріп тұрғандай болады. Олай болса, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Елбасымыз ғұмырлы болсын деп тілейік.
Бақтияр СМАНОВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор