1985 жылдан бастап бұрынғы Кеңес Одағында тоқырау басталды. Мұнайдың халықаралық нарықтағы құны 10 долларға дейін түсіп, елдің экономикалық жағдайы күрт төмендеп кетті. Одақ көлемінде толып жатқан экономикалық реформалар жүріп, ол банк саласын да айналып өткен жоқ. Сол кезде мемлекеттік банктен бөлініп, түрлі салаларды дамытуға қажетті деген банктер құрылып, Қазақстанның Агробанкі, Әлеуметтік жинақ банкі, Құрылыс банкі, бұрынғы Сыртқыэкономбанк негізінде «Әлем» банкі тәрізді түрлі мемлекеттік банктер өмірге келді.
1991 жылы желтоқсанда үш славян мемлекеті Беловежьеде қол қойған келісіммен Кеңес Одағы құлады, бұрынғы кеңестік кеңістікте жаңа дәуір басталды. Алайда, құрсауы мықты, ешкімді де аясынан шығармайтындай көрінген Кеңес өкіметінің басынан бағы тайып, бөлшектеніп жатса да біз Мәскеуге жалтақтап, олардың ақшасына байланған, тұсаулы аттай кібіртік күйде болатынбыз. Оның үстіне, экономикалық тұрғыдан 1985 жылы күшейе түсіп Одақтың құлауына әкелген дағдарыстың ауыр кезеңдері де өтіп жатты. Ресей президенті Борис Ельцин болса сол кезде Егор Гайдар бастаған бір топ жас экономистерге үміт артып, үкімет тізгінін солардың қолына ұстатты. Олардың бағаны еркіне жібере салған саясатынан инфляцияның сойқан дауылы көтеріліп, тұтыну бағасының өсу деңгейі 1991-1993 жылдары 5573 пайызға жетіп, бар-жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есеге өсіп кетті. Бұл ең керемет деген кәсіпорындардың өзі көтере алмайтын жойқын соққы еді, соның салдарынан тұтастай экономикаға жаппай банкроттық қауіп төнді.
Жығылғанға жұдырық дегендей, 1993 жылы жаздың қақ ортасында Ресей өз валютасын енгізді, бұрынғы КСРО шекпенінен шыққан елдер ішінде Қазақстан мен Тәжікстан, Армения ғана бұрынғы ақшамен қалдық. Қыркүйектің 26-сында Ресей бұрынғы Кеңес дәуірінде пайдаланылған 1961-63 жылдары шығарылған кеңестік валюта ақша болып есептелмейтіні жөнінде мәлімдеме жасады. Дегенмен, біз бұған дайын едік. Ол кезде бізде ақша басып шығаратын өндіріс те, не жұмысты бастайтын жеткілікті ақша да, (банк саласының білікті мамандарының жалақылары жоғары екінші деңгейдегі банктерге кетіп қалғандығынан) қажетті мамандар жоқтығына қарамастан, төл ақшамызды шығаруға қажетті барлық жұмыстар атқарылып, теңгеміз қоймаларда тығулы жатқан. 1993 жылдың 1 шілдесіне дейін ақша нарығы нысандарының барлық инфрақұрылымы құрылып, жұмыстар толығымен аяқталып – Электронды валюта биржасы, Теңге (Монета) сарайы, Банкнот фабрикасының бірінші кезеңі, Алтын-валюта резерві, Мемлекеттік валюта қоры мен қымбат бағалы металдарды сақтау қоймасы, Қазақстанның ішкі және сыртқы төлем жүйесі әзірленіп болған еді.
Ал теңгенің өмірге келуі – тәуелсіздік шежіресіндегі тарихи оқиға. Экономиканың басқару құралы төл теңгенің қолға тиуі жалпыхалықтық қуаныш болды. Валюта шығару қажет деп тарихты ақтарғанда, біздің жерімізде болған түркі нәсілді мемлекеттердің ақшасы болғанын, олардың металдан құйылған ақшаларының теңге аталғанын білдік. Орыстың «деньги» деген сөзінің түбірі де осы. Археологтар ең ежелгі ақша белгілерін Отырар, Тараз, Түркістан, Баласағұн және Қазақстанның тағы басқа да көне қалалары орындарында қазба жұмыстарын жүргізу барысында тапқан. Демек, біздің тарихымыз үшін теңге атауы – төл дүние. Дегенмен, ұсыныстар көп айтылды, «сом», «алтын» дегендердің де уәждері тыңдалды.
Президент «теңге» деген ұсынысты дұрыс көрді. Содан соң портреттерге келгенде біз жаңа ғана тәуелсіздігін алған елміз, бізді, тіпті өзгелер саяси картадан да таба алмайды, сондықтан, ең бірінші номинал ең танымал, әлем білетін қазақ болуы тиіс деді. Сондықтан негізгі валюта 1 теңгеге Еуропаға Аристотель мен Сократты қайта танытқан, әлемдік ғылымда танымал тұлға әл-Фараби бабамыз тұрсын деп ұйғарылды.
Теңге тарихқа сапарын осылайша бастаған еді.
Ғалым БАЙНАЗАРОВ,
экономика ғылымдарының докторы, Ұлттық Банктің алғашқы төрағасы