Тағдырдың мұнысына ризамын – Тәуелсіз еліміздің қалыптасу тарихындағы елеулі өзгерістердің басы-қасында болып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның, «Қазақстан Республикасының Президенті лауазымын тағайындау туралы» Заңның, «Қазақстан Республикасының Азаматтығы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы», «Тілдер» туралы заңдарды дайындауға және олардың қабылдануына тікелей қатыстым. 1991 жылы желтоқсан айының 8-інде Белоруссияда болған тарихи оқиғаның негізінде 70 жылдан астам халықтың көз жасына боялған жүйе күйреп, шын мәнінде отарлық құрсаудағы одақтас республикалар өздерінің егеменді, тәуелсіз мемлекеттерін қалыптастыруға мүмкіндік алды. Қазақстанда 1986 жылғы желтоқсанда бұрқ еткен халықтық қозғалыс бұрынғы КСРО шеңберінде осы мүмкіншілікті тудырған негізгі әрі шешуші себептердің бірі болды. Қазақ жастарының бас көтеруі халық қозғалса, өз мақсатына жететінін көрсетіп, төрткүл дүниеге біздің бодандық ұйқыдан оянғанымызды жария етті.
Осы орайда ел тәуелсіздігінің заңдық базасы Конституцияны, біздің 1990 жылдан бастап қабылдаған аса ауқымды құқықтық құжаттарды тірек ететінін айрықша атап өткім келеді. Егемен Қазақстанның жаңа конституциялық заңдылығы осы сәттен басталды. Жаңа Конституцияның жобасын жасамастан бұрын, біз елімізді басқару формасын анықтап алуымыз керек болды. Сөйтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мәжілістерінің бірінде мен Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы ұсыныс жасадым. Ол кезде бұл көптеген факторларға байланысты еді. Қоғам көп ұлтты елде конфедерацияның тиімсіздігін сезіне де, түсіне де білді. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы заң қабылданып, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
Осы заңның негізінде республиканың мемлекеттік және қоғамдық құрылысына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Өйткені, Президент қызметін тағайындау Жоғарғы Кеңестің монополиялық билігін жоюға жетелеп, мемлекеттік құрылыс практикасында билікті бөлісу принципінің алғашқы қадамдарын бекітуге бастады. Қазақстанның егемендігін баянды ету процесінің келесі логикалық жалғасы «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация болды. Оның жобасын мен жасап, бірнеше депутаттың қолымен «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияладық. Ұзаққа созылған пікірталастан соң, жаңартылған одақтық шарт жасасу мүмкіндігі пайда болған аса күрделі саяси жағдайда, 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды.
Аталған кезең аралығында мемлекет өмірінің барлық негізгі бағыттары бойынша заң күші бар, жалпы саны 136 президенттік жарлық шығарылды. Нақ осы заңдар елімізде реформалар қарқынын жеделдетуге және даму бағытын нақты айқындауға көмектесті. Конституциялық заңдармен бір мезгілде экономикалық және әлеуметтік реформалар, қаржы, банк және басқа да шаруашылық қызметі мәселелеріне арналған идеологиясы жағынан нарықтық заңдардың үлкен тобы жұмыс істей бастады. Елге ірі шетелдік капитал тартуға жағдай жасалды. Қазақстандық тартымдылық өндірісті күрт өрістетумен қатар, жүз мыңдаған азаматқға жұмыс беріп, бюджет қаражатын молайтты. Ең бастысы, президенттік институт қос палаталы кәсіби Парламенттің біліктілігі мен белсенділігін нығайтты деп тұжырымдай аламыз.
Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның жобасын мен, Еркеш Нұрпейісов, Талғат Донақов үшеуміз өз бастамамызбен жасап, 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына тапсырдық. Бірақ, бұл құжат біраз уақыт қараусыз жата берді. Кейбіреулердің «онсыз да тәуелсізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша» деген сөздері де құлағымызға жетіп жатты.
Ақырында, сол жылдың 9 желтоқсаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мәжілісінде депутат Манаш Қозыбаев және мен тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдау қажет екендігі туралы мәселе көтердік. Бұл жағдай депутаттарды да мазалап жүрген болуы керек. Өйткені, ұсынысты Президиум мүшелері бірауыздан қолдап, мен баяндамашы болып бекітілдім.
Араға жеті күн салып мен Жоғарғы Кеңестің мінбесіне кеудемді кернеген үлкен ұлттық-патриоттық сезіммен шығып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның жобасы туралы баяндама жасауға кірістім. Байқаймын, залда отырған депутаттардың басым бөлігі тоталитарлық жүйенің атына айтқан зілді ойларымды қолдағанымен, әр жерде күбір-күбір сөйлеп, айыптау сөздерімді артық санайтындардың бар екендігі сезіліп тұрды.Әлі есімде, мен депутаттардың көңілі мен назарын әлемге айбынын шашқан күшті де мызғымас, қатал орталықтандырылған империялық Кеңес Одағының күйрей бастағанына, бірнеше республиканың оның құрамынан шығып, тәуелсіз мемлекеттер ретінде өркендейтінін, қиын да болса болашағы зор, қуанышты бостандық жолына түскендігін шамамның жеткенінше дәлелдеп бақтым...
Сонымен, ғасырларға созылған мемлекеттік арманымыз орындалды. Республика Президентінің Жарлығымен 16 желтоқсан ресми Тәуелсіздік күні және жалпы халықтық салтанатты мейрам болып жарияланды. Қазақстан Республикасы бүгінде тәуелсіз демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасты. Оның қазіргі кездегі аумағы біртұтас және оған ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ.
Мен айтар едім бүгінгі кемел заманымызда жоғарыда аталған конституциялық міндеттер мен идеялар, азаматтар жауапкершілігі, одан туындайтын қолданыстағы заңнамалар, стратегиялық және мемлекеттік бағдарламалар, Президент жолдаулары, әлемдік өркендеу үрдістері арқылы игілігімізге айналып отыр. Біз, тағы да қайталап айтамын, Ата Заңы салтанат құрған конституциялық кеңістікте өмір сүрудеміз. Тәуелсіз Қазақстан тарихи қысқа мерзімде таңғаларлық табыстарға жетті. Еуразиядағы көшбасшылар санатындағы еліміз әлемнің ең беделді ұйымдарының мүшесі ғана емес, олардың көп қырлы жұмысын үйлестірер көшбасшыға айналды. Менің бүгінгі қуанышым да – сол.
Сұлтан САРТАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ