Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық шежіресінде Қазақ елі ғасырлар керуені жүз жылдап жететін асуларды алды. Осы 25 жыл ішінде Қазақстанның халықаралық сахнада жеткен жетістіктерінің ішіндегі шоқтығы биік бір жеңісі – әлемнің 161 мемлекеті мүше болып табылатын белді ұйымның аламан бәйгесінде қара үздіріп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу құрметін жеңіп алуы десек, артық айтқандық емес. Бұл жеңіс – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ауқымдағы салиқалы саясатын, егемен еліміздің «Қазақстан феномені» атанған экономикалық жетістіктерін, төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын елордамыздың жаһандық орталыққа айналғандығын әлемдік мойындау.
Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросының тарихи таңдауы паш етілген 2012 жылғы 22 қарашадағы шешімінен кейін Елбасы Қазақстан халқына Үндеу арнап, бұл жаһандық жеңістің Тәуелсіз еліміз үшін тарихи маңызын ерекше атап өтті. «Өзінің ауқымы жөнінен ол Дүниежүзілік экономикалық форум, ал туристерді тарту жағынан Олимпия ойындары немесе футболдан өтетін әлем чемпионатымен пара-пар шара болып табылады. Оның үстіне бұл Қазақстан экономикасының дамуына үлкен септігін тигізетін, дүниежүзілік тәжірибелерді Қазақстанға алып келетін, елімізге инвестицияны еселеп тартуға ықпал ететін шара», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
ЭКСПО – бүкіләлемдік көрме. Оны өткізу мүмкіндігі елге жүз жылда бір рет қана берілуі мүмкін. Кей елдерге жүз жылда да берілмейді. Қазақстан – осындай орасан мүмкіндікке тәуелсіз дамуының алғашқы ширек ғасырында-ақ қол жеткізген сирек елдің бірі. Иә, ЭКСПО-2017 халқымыздың қонақжайлығын, айналып келгенде ұлттың ұлылығын көрсететін жоба. Сондықтан, Елбасы Халықаралық көрмені өткізуге дайындықты және оны өткізуді Ұлттық жоба деп жариялаған болатын. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге әзірлік жұмыстары басталғаннан бергі уақытта еліміздің барлық өңірлері бұл Ұлттық жобаға ұйымшылдықпен жұмылып, зор жұмыстарды іс жүзіне асырды. Сәні мен салтанаты төрткүл дүниені тамсандырған ару Астананың ортасынан тағы бір әсем қала – ЭКСПО қалашығы бой көтерді. Елордада өтетін ЭКСПО көрмесі беделінің жаһандық дәрежеде танылуына оның «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбының да маңызы зор. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бүгінгі таңдағы адамзаттың ең толғақты түйініне айналған дәстүрлі табиғи қуат көздеріне жаңғырмалы балама табуды жүзеге асыру болып табылады. Елбасының баламасыз бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Ұлттық жоба аясында адамзатты алаңдатқан энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бойынша жаңа технологиялар мен жаһандық ғылыми жетістіктер өмірге жолдама алады.
Иә, Астана ЭКСПО-2017-нің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы». Бұл жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселе екендігі даусыз. Адамзат бүгінде ұрпақ болашағы балама қуат көздеріне тікелей байланысты болатындығын күн тәртібіне барынша батыл қойып отыр. Ендеше, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында адамзат ертеңінің негізін айқындайтын энергетикалық қуат көздерінің болашағы шешілмек.
Тағы бір ерекше атап көрсететін мәселе, ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық дәрежедегі беделінің аса жоғары болып отырғандығы. Қазақстан Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің қос ғасырлық тарихында қатысушы мемлекеттерді ең көп тарта білген үштіктің құрамына кіргелі отыр. Бүгінгі күнге дейін көрмеге қатысатын 140 мемлекетті тартқан Португалия көшбасшы болса, екінші орынды 121 мемлекетті тартқан Қытай иеленеді. Бүгінгі күнге дейін Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын әлемнің 112 мемлекеті ресми түрде растады. Әлі де қатысуға ниет білдіріп отырған елдер баршылық. Бұл да Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік сахнадағы айшықты беделін айғақтаса керек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»