ІЖӨ – 0,8%
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Сонымен қатар, «Стандарттау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды. «Биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында экономиканың жедел өсімі байқалды. Тауар өндірісінің өсуі 0,9 пайызды, көрсетілетін қызметтер 0,6 пайызды, өнімдерге салынатын салық 2,4 пайызды құрады», деді Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев елдің экономикалық дамуы жайындағы баяндамасында. Министрдің мәлімдеуінше, бұл оң үрдіс экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды, кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі бағдарламалар мен жоспарларды, сондай-ақ, жұмыспен қамту шараларын іске асыру арқылы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, елде іскерлік және инвестициялық белсенділік сақталуда, қаржы нарығындағы ахуал тұрақты, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және өңдеу өнеркәсібі сияқты секторлар экономика өсімінің негізгі күшіне айналған.Өнеркәсіптің өсуі – 4%
Сонымен қатар, өнеркәсіпте де оң үрдістер байқалуда. Мәселен, өнеркәсіптің өсуі қазанмен салыстырғанда, қарашада 4 пайызды, өткен жылғы қазанмен салыстырғанда 1,1 пайызды құрады. Кен-металлургия өнеркәсібіне қарағанда, жоғары қалыптасқан өңдеу өнеркәсібінің озық өсу қарқыны өнеркәсіптегі негізгі өсу көзіне айналды. Өңдеу өнеркәсібінде металлургия өнімдерінің өндірісі 6,8 пайызға, азық-түлік 3,8 пайызға, фармацевтикалық өнімдер 2,8 пайызға, кокс және мұнай өнімдері 0,3 пайызға ұлғайды. Машина жасау саласында өткен жылы өндірістің төмендегеніне қарамастан биыл жақсы өсім бар. Мәселен, бұл саладағы өндіріс қазанға қарағанда, қарашада 12,6 пайызға өскен. Сондай-ақ, мұнай, көмір мен темір кенін өндіру жақсарып келеді. Айталық, қарашада мұнай өндіру 2015 жылғы қарашамен салыстырғанда 3 пайызға артты. Нәтижесінде 11 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру жоспарын 2,4 пайызға асыра орындау қамтамасыз етілді. Жоспардағы 69,2 млн тоннаның орнына 70,8 млн тонна өндірілді. Биыл қыркүйектің соңында Қашаған кен орнының іске қосылуы мұнай өндірісінің негізгі өсу факторына айналды, бұл тәулігіне 75 мыңнан астам баррель қосымша мұнай өндірісін қамтамасыз етті. Қорытынды көрсеткіштер еліміздің өсімдік шаруашылығында да ілгерілеушілік барын аңғартты. Осы сала өндірісінің 5,9 пайызға ұлғаюы есебінен ауылшаруашылық өнімінің өсуі 4,5 пайызды құрады. Ал мал шаруашылығы өнімін өндіру 2,6 пайызға ұлғайды.Тұрғын үй – 16,1%
Тұрғын үй құрылысы мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен құрылыс жұмыстарының да көлемі 7,5 пайызға ұлғайды. 2016 жылғы қаңтар-қарашада тұрғын үйлерді пайдалануға беру 16,1 пайызға, яғни 8,9 млн шаршы метрге дейін өсті, бұл жалпы 2015 жылы тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық көлеміне сәйкес келіп отыр.Инвестиция – 4,7%
Инвестициялар көлемінің 11 айдағы көрсеткіші де көңіл қуантады. Ол 4,7 пайызға, яғни 6 трлн теңгеге дейін өсті. Жалпы алғанда, «Нұрлы жол», индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ, дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өсуге ықпал етті. Жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестициялардың оң қарқынын атауға болады. Мәселен, ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны 12,1 млрд АҚШ долларын құрады, бұл – өткен жылғы деңгейден 4,4 есеге жоғары.Инфляция – 7,5%
Сыртқы сауданың да серпіні артқан. Мәселен, ағымдағы жылғы он айдың ішінде сыртқы сауда айналымы 49,3 млрд АҚШ долларына жетті, төмендеу қарқыны ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы 30,4 пайызбен салыстырғанда 24,4 пайызға дейін баяулады. Экспорт 29,1 млрд АҚШ долларын, импорт 20,2 млрд АҚШ долларын құрады. Сыртқы сауда теңгерімінің оң сальдосы 8,9 млрд АҚШ долларын құрады. Ал елдің халықаралық резервтері, Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 90,9 млрд АҚШ доллары болды. 2016 жылдың басынан бастап инфляция 7,5 пайызға жетті. Азық-түлік тауарлары 7,8 пайызға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 8,6 пайызға қымбаттады. Жыл басынан бері жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады.Бюджет кірісі – 5,8 трлн теңге
«11 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы бюджеттің барлық деңгейлеріндегі кірістер өсімінің жоғары қарқынымен белгіленді. Қазірдің өзінде мемлекеттік бюджетке өткен жылдың жылдық көлемінің деңгейінде кірістер түсті. Мемлекеттік бюджет шығыстарының сомасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге артық төленді. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап нақтыланған бюджеттің іс-шараларын орындау барысына мониторинг жүргізді. Апта сайын бюджет қаражатын игеру мәселелері жөнінде мемлекеттік органдармен селекторлық кеңестер өткізілді. Осы іс-шаралардың арқасында өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда игеру қарқыны анағұрлым жақсы», деді Қаржы министрі Б.Сұлтанов. Қаржы министрінің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 5,8 трлн теңге көлемінде кіріс (трансферттерді қоспағанда) түсті. Мемлекеттік бюджет бойынша асыра орындау сомасы 396 млрд теңгені, республикалық бюджет бойынша 255 млрд теңгені және жергілікті бюджет бойынша 141 млрд теңгені құрады. «11 айда өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда мемлекеттік бюджет кірістері 31,8, республикалық бюджет кірістері 41,1 және жергілікті бюджет кірістері 13,6 пайызға өсті. Тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 107,3, республикалық бюджеттікі 106,6 және жергілікті бюджеттікі 109,1 пайызға атқарылды», деді Сұлтанов. Үкімет отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» басқармасының төрағасы Ерболат Досаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев және бірқатар облыс әкімдері есеп берді. Премьер-Министр Б.Сағынтаев отырыс қорытындысында аталған ведомстволар мен өңір басшыларына бюджеттен бөлінген қаржыны уақтылы игеруді тапсырды. Премьер-Министр, сондай-ақ, экономикада жақсы көрсеткіштер байқалатынын, жыл басымен салыстырғанда барлық өңірде оң үдерістер бар екенін, соған сай биылғы жылдың қорытындысында ІЖӨ деңгейін 1 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен қатар, Үкімет басшысы бюджет қаржысының игерілуіне, әсіресе, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы бюджет қаржысының игерілу барысына назар аударды. «Өңірлерге бағытталған барлық қаражатты игеру керек, Қаржы министрі орталық атқарушы органдармен мониторинг жасауы қажет», деді Б.Сағынтаев. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»