• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2011

Алғашқы қоңырау сыңғыры

347 рет
көрсетілді

Кеше Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев Астанадағы «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде болып, Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Осы жерде Елбасы оқушылар мен оқы­ту­шылар құрамын Білім күнімен құттықтап, сөз сөйледі. Құрметті жастар, оқытушы­лар, – деп бастады сөзін Н.Назарбаев, сіздерді бүгінгі ме­рекемен шын жүректен құттық­тай­мын. Би­ылғы мереке ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылды­ғы­мен тұспа-тұс келіп отыр. Сіздер арқылы елі­міз­дің барлық ұстаздары мен оқу­шыларын да құттықтай оты­рып, жақсы үлгеріммен сабақ оқып, болашақта Қазақстанның нағыз отан­сүй­гіш, білімді де білікті азаматы болуларыңа тілектеспін! Салтанатта Елбасы одан әрі қазіргі кезде елімізде 7 400 мек­теп­тің бар екенін, онда 2,5 млн. оқушының білім нәрімен сусын­дап жүр­генін, оларға 340 000 мұғалім сабақ беретінін айтып, биыл 10 мектептің пайдалануға бе­рілгенін, жыл соңына дейін тағы 80 мек­теп­тің ашылатынын жария етті. Келесі кезекте Президент еліміздегі мектептердің ішін­де өзі алғашқы қоңырау сал­та­натына қатысып отыр­ған «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінің білім беру жүйесіне тоқталды. Лицей ашыл­ған 2007 жылдан бері оқу ордасының білім беру сапасы жыл сайын жаңарып келе жат­қа­нын,  қазіргі күні математика, физика, химия, түрік және ағылшын тілдері тереңдетіліп оқылатынын, көп тіл білген адамның көп нәр­се­ден ұтатынын, болашақта тек білімді адам ғана бәсекеге қа­бі­лет­ті болатынын жеткізді. Салтанатта сөйлеген соң, Елбасы 6-сы­ныптағы тарих сабағына және 5-сыныптағы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ашық са­баққа қатысты. Жалпы, «Нұр Орда» лицейінде оқу үрдісі мемлекеттік жалпы міндетті және халық­ара­лық та­лап­қа сай жүргізіледі. Лицейде 1-2-сыныптарда логика, шахмат, математика, 3-сыныптан бастап информатика, 5-сыныптан түрік және 9-сыныптан қытай тілі оқы­тылса, 8-сыныптан жаратылыста­ну-математика бағы­ты бойынша пәндер ағылшын тілінде терең­де­ті­ле оқытылады. Сондай-ақ «Өзің­ді-өзің тану» пәнін оқытуға ерекше назар аударылады. Оқушылардың сабақтан тыс бос уақыт­тарын тиімді өткізулері үшін футбол, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, таэквондо, би, хор, қолөнер, домбыра, өлке­та­ну, КТК үйірме­лері мен сек­ция­лары ұйымдасты­рыл­ған. Был­тырғы оқу жылында лицейде 772 оқушы білім алыпты. Лицей ашыл­ғаннан бері оқушылар 88 халықаралық, республикалық, қа­ла­лық ғылыми жобаларға қатыс­са, түрлі олимпиадалардан да жүл­делі орындармен оралған. Дастан КЕНЖАЛИН.