Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды.
Жиында инвестициялық саясатты жаңғырту, терең өңдеуді кеңейту, импортқа тәуелділікті төмендету бағытындағы нақты тетіктер талқыланды. Сондай-ақ отырыста өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика салаларындағы ірі жобалардың іске асырылу барысы баяндалды.
«Мемлекет басшысы біздің алдымызға өнімділікті арттыру мен технологиялық жаңару есебінен өсімді қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл экономикалық саясатты түпкі нәтижеге, яғни халықтың табысын ұлғайту мен экономикалық дербестікті нығайтуға қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Дәл осы тұста өңдеу саласын әртараптандыру және оны белсенді дамыту маңызды рөл атқарады», деді Премьер-министр.
Үкімет 2029 жылға қарай 400 млрд доллар жиынтық инвестиция тарту арқылы экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуді көздеп отыр. Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған міндеттерін жүзеге асыру тетіктері туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Оның айтуынша, ұлттық жоспарға сәйкес инвестициялардың ІЖӨ-ге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғайып, негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.
Басымдық металлургия, мұнай-химия, газ өндірісі мен фармацевтикаға беріледі. Мемлекет инвестор тартумен ғана шектелмей, «инвестицияға тапсырыс» тетігі арқылы жергілікті бизнеске бағытталған проактивті саясат жүргізіп, дайын технологиялармен шетелдік серіктестерді тартатын болады. Импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамту мақсатында жаңа қаржылық құралдар енгізіледі.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, былтыр автомобиль өндірісі рекордтық өсім көрсетіп, машина жасау секторының 41,7%-ын құрады. 171 мыңнан астам көлік шығарылды, оның 159 мыңы – жеңіл автомобильдер. Сонымен қатар жаңа зауыттар мен өндірістік жобалар іске қосылып, алдағы жылдары автокомпоненттер өндірісін кеңейту көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іріктілген 17 жобаның 9-ы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар толық қуатқа шыққанда өндіріс көлемі 7,3 млрд долларға жетеді деп жоспарланып отыр.
Былтыр азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгені құрап, 2024 жылға қарағанда 8,1% өсім көрсетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров хабарлады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2 есе өсіп, 389,4 млрд теңгеге жетті. 2025 жылғы 11 айда өңделген өнімнің экспорты 3,2 млрд доллар болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 33,8%-ға артық. Сондай-ақ елде тері мен жүнді қайта өңдеу қуаттары жаңғыртылды. Мәселен, Ақтөбеде «Қазфельтек», Ақмола облысында «Агро Протеин» жобалары іске қосылды.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың сөзінше, Үкімет мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайтуға бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) жаңғырту жұмысы, қуаты 10 млн тонна жаңа зауыт салуға дайындық жүріп жатыр. Жобалар 2030 жылға қарай дизель тапшылығын жояды. 2033 жылы төртінші МӨЗ іске қосылған соң, авиакеросинге сұранысты толық өтеп, К5 стандартына сай өнім экспорттауға мүмкіндік береді. Ал Павлодар облысында салынып жатқан алкилат өндіретін зауыт еліміздің ішкі қажеттілігін 100% өтейді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын тілге тиек етті.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін атап көрсетті. Ішкі жалпы өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі кен өндіруші сектордан асып түсті. Осы қарқынды сақтап қана қоймай, одан әрі еселей түсу керек. Жаңа кластерлерді құру өнімді жоғары деңгейде өңдеу жүйесіне көшуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі биыл 4,4%-ға артқанын атап өтті. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш (2025 жылдың қаңтар айында – 3,7%).
«Экономиканы әртараптандыру мен өсім жоспарларын орындау мақсатында өндірістік қуаттарды арттырып, шикізаттық емес секторда терең өңдеуді дамытатын нақты іс-шаралар қажет. Ең перспективті бағыттарды айқындап, мол өнім беретін әрі экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аталған шаралар сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан экономиканың тұрақтылығын күшейтіп, экспорттық әлеуетті арттырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға, ұзақмерзімді ұлттық мүдделерге сай келетін заманауи индустриялық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар ол Президенттің нақты өндірісті қолдау, инвесторларды тарту, озық цифрлық технологияларды іске қосу бағытында шаралар қабылдау туралы тапсырма бергенін атап өтті.
«Өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту қажет. Кейбір бағыттарда әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым. Яғни бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді. Біздің мақсатымыз – жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою. Бұл орайда жинақтаушы бөлшектер шығару, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса назар аудару керек», деді О.Бектенов.
Премьер-министр құрылыс саласы дәстүрлі түрде өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай үлес қосып келетінін, алайда бұл салада, әсіресе нысандарды жеке қаржы көздерінің есебінен салу кезінде импорттық құрылыс материалдарының үлесі жоғары болып отырғанын айтты.
«Өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ірі нысандарды, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық материалдардың үлесін тұрақты түрде қадағалап отыруды тапсырамын», деді О.Бектенов.
Сонымен қатар уәкілетті министрліктерге агроөнеркәсіп кешенін қолдау құралдарын кеңейту қажеттігі айтылды.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты құрылымында әлі күнге дейін астық пен ет сияқты шикізат түрлері басым. Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Сондықтан терең өңделген өнімдер шығаруға күш салу қажет. Қазірдің өзінде мұндай жобалар бар және олар тиімділігін көрсетіп отыр», деді Премьер-министр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта Үкімет астықты терең өңдеу жобаларына инвестициялық субсидияларды 50%-ға дейін ұлғайтты. Жабдықтар импорты мен негізгі қызметті кейбір салықтардан босату да жоспарланған. Сондай-ақ Премьер-министр тамақ өндірісіндегі еліміздің әлеуетіне де назар аудартты.
«Нәтижелер бар деп айтуға болады, бірақ осы тамақ өнімдерін өндіру бағытында әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін нарығымызды толығымен қамтамасыз ете алмай жүрміз. Сондықтан мүмкіндік бар. Мысалы, кеше Астанадағы «Тәп-тәтті» компаниясына бардым. Ол кішігірім кондитерлік цехтан бастап, 4-5 жылдың ішінде үлкен зауытқа айналды. 1,5 мың адам жұмыс істеп жатыр. Осындай кәсіпкерлерді насихаттап, қолдауымыз керек. Кәсіпкерлікпен айналысу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осындай таланты бар адамдарға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпкерлер – әрбір мемлекеттің негізгі тірегі. Оны дұрыстап түсіне білу керек. Барлық Үкімет мүшелеріне, әкімдерге айтатыным, осындай кәсіпкерлер барлық өңірде бар. Оларға барынша қолдау көрсетіңіздер», деді О.Бектенов.
Отырыс қорытындысында Үкімет басшысы жауапты мемлекеттік органдарға өңдеу саласын дамытуға бағытталған жобаларды күшейтіп, бизнесті қолдау мен қаржыландыру тетіктерін кеңейту туралы тапсырма берді.