• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2016

Өскемен әуежайы толығымен жаңғыртылады

238 рет
көрсетілді

Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағы 2800 метрге дейін ұзартылып, 45 метрге дейін кеңейтілетін болды. Сонымен қатар жүк терминалы, уақытша сақтау қоймасы мен апаттық-құтқару стансасы құрылыстарын жүргізу және белгі беруші жарық құралдарын орнату жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін 5,2 миллиард теңге көлемінде қаржы тартылмақ. Оның ішінде 1 миллиард теңге – Үкімет тарапынан, 2,5 миллиард теңге облыстық бюджеттен қарастырылып отыр. Ал 1,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржы Еуропалық қайта құру және даму банкінен алынады. Осы тарапта облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің жетекшілері Өскемен қаласының әуежайын жаңғыртуға бағытталған жобаны жүзеге асыру туралы алдын-ала келісімге қол қойды. – Әуежайды жаңғырту: жүк терминалын, уақытша сақтау қоймасын, апаттық-құтқару стансасын тұрғызу, белгі беруші жарық құралдарын жаңарту барлық халықаралық рейстерді кедергісіз қабылдауға мүмкіндік береді, – дейді «Өскемен қаласының әуежайы» АҚ президенті Николай Короленко. Жалпы, жөндеуден кейін әуежайдың ұшу-қону жолағы 300 метрге ұзарады. 2018 жылы басталатын құрылыстың нормативті мерзімі 22 ай. Сондай-ақ бүгінде Өскемен әуежайы ғимаратының жанынан сағатына 200 адамға қызмет көрсететін жолаушылар терминалы салынуда. Бұл нысанның құрылысы 2017 жылдың ортасында аяқталады. Айта кеткен ләзім, қазіргі кезде облыс әкімдігінің ЕҚДБ-мен инвестициялық қоры 245 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 43 миллиард теңгеге алдын ала және несиелік келісімдерге қол қойылды. Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан" ӨСКЕМЕН.