Елбасымыз осындай баға берген Қызылорда өңірінде өркенді өзгеріс баршылық
Елбасы Қызылорда облысына жұмыс сапарының екінші күнін жаңадан ашылған жабық теннис орталығымен танысудан бастады. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов Мемлекет басшысына теннис орталығының аймақ спортын дамытудағы маңыздылығы жайында баяндады. Ал Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Мемлекет басшысына халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Қызылорда қаласындағы ірі теннис орталығын құру туралы, сондай-ақ елімізде теннис спортын дамытудың келешегі мен жай-күйі жайында баяндап берді.
Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша теннис спортын дамыту стратегиясы іске асырылуда. Соның нәтижесінде Астана, Павлодар, Ақтөбе, Өскемен, Қызылорда, Шымкент қалаларында ірі теннис орталықтары пайдалануға берілді. Теннис орталығын аралау барысында Президент жаңа корттың сапасын өзі сынақтан өткізіп, Қызылорданың жас теннисшілеріне теннис бойынша мастер-класс көрсетті.
– Мен де үлкен теннис ойнаймын. Сөйтіп, саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану қажеттігі жөнінде жастарға өзім үлгі көрсетіп келемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ел болған соң, әңгіме болмай тұрмайды. Еш нәрсеге көңілі толмайтын кейбіреулер «Қызылордаға теннис орталығының не керегі бар еді?» деп жүр. Бұл енді қисынсыз әңгіме. Осындайда еске түседі, Чешенстан президенті Рамзан Қадыров ресейлік арналарға сұхбат берді. Сонда Грозныйдан алып мұз айдыны салынып жатқанын айтқан журналист «Осының Чешенстанға не керегі бар еді?» деген сұрақты төтесінен қойған. Қадыров оған былай деп жауап берді: «Чешен балалары қолына таяқ алып хоккей ойнаса, мұз айдынында мың бұралып билесе, айып па? Олар да басқа елдің балаларындай бақытты ғұмыр кешуге құқылы. Сондықтан сұрағыңыз ақылға сыймайды». Теннис – әлемдік ойын. Сол себепті қызылордалық өрендердің де қолына ракетка алып, теннис орталығынан табылғанын үлкен қуанышқа балауға тиіспіз. Ал өңірдің жастарға осындай жағдай жасауына қол соққаннан артық нәрсе айтудың өзі айып.
Теннис орталығының құрылысы мемлекеттік және жеке әріптестік негізінде жүрді. Атап айтқанда, орталықты облыс әкімдігі мен «Саутс Ойл» компаниясы салды. Орталықтың жобалық құны 410 миллион теңгені құраған. Теннис орталығының 2 корпусы бар. Сонымен қатар, 2 теннис корты орналасқан. Бұл жерде республикалық жарыстар өткізуге болады. Оған қоса, Халықаралық теннис федерациясының жаттығу үдерістерін өткізу стандарттарына да сай келеді. Ал нысан 80 көрермен орынмен қамтылған. Жарыстар кезінде оны 200 орынға дейін көбейтуге мүмкіндік қарастырылған.
Мұнан кейін Елбасы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионға барды. Орталық стадионға Қызылорда облысының ғана емес, тұтас елдің намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген саңлақтар жиналған еді. Олардың арасында Бейжің Олимпиадасының чемпионы Илья Ильин де бар. Күні кеше ғана қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атанған Ұлан Рысқұл да осы қатарда. Облыс шеңберінде өтетін «Алтын белбеу» жарысының екі дүркін жеңімпазы Руслан Әбдіразақов пен зілтемірші, әлем чемпионатының қола жүлдегері Рүстем Сыбайды да байқадық. Даңқты бапкер Вилорий Пактың да жүргенін көрдік. Спортшылар Елбасына алдағы уақытта өтетін Олимпия ойындарында жеңіске жетуге барлық күш-жігерін салатынын және спорт саласын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлығына рахметін айтты.
Президент Ұлан Рысқұлдың қолын қысып, Астанадағы жарысқа бара алмағанын айтып, балуанды жеңісімен құттықтады. «Қазақ күресіне бұрын-соңды мұндай қамқорлық жасалған жоқ. Өкініштісі, қазақ күресі олимпиялық ойындардың түріне енбеген», деді. Сонан соң Ұлан Рысқұлдан күрестің басқа қай түрімен айналысатынын сұрады. Балуан дзюдо күресімен айналысатынын, алдағы Лондон Олимпиадасына дайындалып жатқанын айтты.
Қызылордада Әсел Серікбай деген шынашақтай қыз бар. Ол –шахматтан әлем чемпионы. Бүгінде бүкіл ел білетін Жансая Әбдімәліктің ізбасары десе болады. Елбасы осы Ә.Серікбайға ерекше назар аударды. Басынан сипап, бақыт тіледі.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын келгенімде мына алаңның шаңы шығып жататын. Бүгін көріп тұрмын, жап-жасыл болып жатыр. Міне, іргесінен теннис орталығы салыныпты. Құптарлық бастама. Болашақта мұз айдыны салынғалы жатыр екен. Мемлекет спортшыларға барлық жағдайды жасауда. Бұл да Тәуелсіздіктің бізге берген тартуы, – деді Елбасы спортшыларға.
Мұнан өзге, Елбасын аймақтағы бұқаралық спорттың дамуы туралы облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев, облыс орталығындағы спорт қалашығы туралы Қызылорда қаласының әкімі Мархабат Жайымбетов, қалада салынып жатқан мұз айдыны бар спорт ғимараты жөнінде облыстық құрылыс басқармасының бастығы Батыржан Қаракөзов қысқаша таныстырып шықты.
Орталық стадионнан кейін Елбасы темір жол арқылы өтетін жолайрықтың құрылыс жұмысымен танысуға баратын. Орталық алаңға жеткенімізде Елбасы мінген көлік кілт тоқтады. Қарасақ, алаң толы жас балалар. Президент көліктен түсіп, алаңға бет алды. Алдын ала жоспар бойынша мұндай іс-шара жоқ-тын. Естеріңізде болса, Елбасының арнайы тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы «Жас ұлан» ұйымын құрған. Орталық алаңда жас өрендерді осы ұйымға қабылдау рәсімі өтіп жатыр екен. «Ұланымыз ұлы елдің» атты Қызылорда облыстық «Жас ұлан» ұйымының салтанатты рәсімін көрген Мемлекет басшысы оны сырт айналып өте алмаған ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы сапқа тізілген балаларды аралап, сабақтарын сұрап, оқу үлгерімдерін біліп, үлкен сахнаға көтерілді.
– Биыл Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы. Осы жиырма жылдың ішінде жүздеген жылдар бойына жасалмаған істер жасалды. Мемлекетті құрдық, нығайттық. Оның ішінде білім саласына да айрықша көңіл бөліп отырмыз. Осы бір ғана Қызылорда облысының өзінде жүздеген мектеп іске қосылды. Ауруханалар салынып жатыр. Ата-аналарыңның жағдайы түзелді. Жалақылары артып, зейнетақылары көбейді. Қызылорда арқылы үлкен автокөлік дәлізі өтіп жатыр. Темір жолы сымдай тартылып тұр. Газ құбыры салыну үстінде. Бір кездері ауыз су тапшылығы болатын. Су 3-ші қабаттан жоғарыға көтерілмейтін. Электр жарығының тапшылығы болды. Бүгінде мұның бәрі қалыпқа келді. Ауыл, ауданның барлығы дамудың даңғыл жолына түсті. Қаланың да көркі кірді. Міне, осының бәрі халықтың жағдайын жақсартады. Сіздердің ата-аналарыңыздың жағдайы жақсы болса, сендердің де жағдайларың жақсы болмақ. Қазақстан балаларын дүние жүзіне жіберіп, «Болашақ» бағдарламасымен оқытып жатыр. Жақында Қызылордадан Президенттің интеллектуалдық мектебі ашылады. Сол арқылы талантты балалар Астанадағы халықаралық «Назарбаев университетіне» түседі. Сөйтіп, ол әлемнің азаматы болады. Ол жердегі білім Батыста берілетін білімнен еш кем емес. Екеуінің деңгейі бірдей. Мұндай жағдай еш уақытта біздің халқымызда болған жоқ. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің және халықтың достығының арқасында болып отыр. Достық сендерден басталады. Сенім де сендерде. Мемлекет сендерге сенеді! Жастар ұйымдасуы керек. Өздерінің патриоттық сезімін шыңдауы қажет. Болашақта мемлекетімізді ары қарай алып жүретін, қазақты, Қазақстанды дүние жүзіне паш ету үшін не керек? Білімді азамат керек. Білімді адамның өмірі жақсы болады. Ал сендердің қазіргі мақсаттарың – дұрыс және жақсы білім алу. «Жас ұлан» ұйымына өтіп жатқандарыңа өте қуаныштымын. Осы ұйым сендерді білімділікке, жақсылыққа, мейрімділікке, қайрымдылыққа баулитын болады. Барлығыңа бақыт тілеймін. Жас қыран! Жас Отан! Жас ұлан! Барлықтарың аман болыңдар! – деді Президент.
Елбасының сөзінен қанаттанған жастар ерекше сезімде болды. Жанарларынан жасын атып, жігерленіп кеткені жүздерінен байқалып тұрды. Солайша, облыстық білім басқармасы ұйымдастырған шараға Елбасының өзі қатысты. «Қырықтың бірі Қыдыр» дейді қазақ. Президенттің жоспардан тыс жастармен жүздесуі де бекер емес. Ал Жаңыл Жонтаева бастаған ұстаздар қауымы жиындарына Қыдыр келгендей қуанды.
Жалынды жастармен жүздескен соң Елбасы темір жол арқылы өтетін жолайрығының құрылысымен танысты. Жолайырықтың Қызылордаға керек екені туралы көп айтылды. Неге керек дерсіз? Бұл жерде темір жол өткелі болған. Теміржол арқылы күніне 40-тан аса пойыз өтеді. Ол халықтың қаланың бергі бетіне өтуіне қиындық туғызатын. Асыққан адамдар темір жолды кесіп өтемін деп, талай рет апатқа да ұшыраған. Сондықтан көпірдің қажеттілігі күн санап артып келе жатқан еді. Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Темір жол өткелінің сметалық құны – 1 642,0 миллион теңге. Оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстары – 1 356,0 миллион теңге көлемінде. Құрылыстың жалпы ұзындығы – 887 метр. Көпір арқылы күніне 12562 автокөлік өткізуге мүмкіндік бар. Жолайрық – автокөлік қозғалысын реттеп, қауіпсіздікті күшейтіп және темір жолдарды пайдалануда қалыпты жағдайдың жасалуына ықпал етеді. Сонымен қатар, қала мен қалаға іргелес елді мекендер үздіксіз автокөлік байланысымен қамтамасыз етіледі, Қызылорда қаласы арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге қолайлы жағдай туады. Жобаның қала орталығы мен шет аймағы аралығындағы жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету жағынан да маңызы өте зор екені айтпаса да түсінікті.
Мемлекет басшысы Қызылорда облысындағы жұмыс сапарының соңында Сырдария өзенінің бойында салынған мәдени-ойын сауық кешеніне барды. Жағажайдың айналасынан жайлау секілді жаймашуақ жылы леп еседі. Кіреберіске балалардың ойын алаңы салынған екен. Бүлдіршіндер асыр салып ойнап жүр. Елбасын көріп, танып, бір-біріне сыбырласып жатыр. Ал катамарандар қаздың баласындай болып тізіліп жүзіп жүр. Демалуға келген қала тұрғындары екені бірден білінеді. Бұдан бөлек жағалауда жағажай волейболынан қызу жарыс өтіп жатқанын көрдік. Ала допты аямай соққан қарсыластар бір-біріне есе жібермеуге барынша тырысуда. Оның арғы жағында отбасыаралық жарыстардың өтіп жатқанынан құлағдар болдық. Жалпы, қалалық жағажайдың аумағы – 16,0 гектарды құрайды. Күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржы – 2 миллиард теңге. 2009 жылдың 1 маусымында пайдалануға берілген. Мердігер мекеме – «Мелиоратор» ЖШС. Жағажай тұрғындарға жазғы демалыс орны мен жабық кешенді дәмхана және түрлі ойын-сауықтар арқылы қызмет көрсетеді.
Кешенді аралау барысында Мемлекет басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан облыстағы инвестициялық жобалардың көрмесімен танысты. Облыста барлығы жалпы құны 267,5 млрд. теңгені құрайтын 138 жоба іске асырылуда, осы ретте 9707 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. 2010 жылы сомасы 33 млрд. теңге болатын 27 жоба іске асырылды, 938 жұмыс орны ашылды. Индустриялық карта аясындағысы – 11 жоба. 2011 жылы сомасы 56,5 млрд. теңгені құрайтын 33 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жаңа жұмыс орындарының саны – 1129. Жүзеге асырылып жатқан жобаның 9-ы Индустриялық карта аясында қолға алынған. Жыл басынан бері 11 жоба (оның 4-еуі Индустриялық карта аясында) жүзеге асырылды. 2013 жылға дейін жалпы құны 178 млрд. теңгені құрайтын 78 жобаны іске асыру жоспарлануда, осы ретте жаңадан ашылатын жұмыс орнының саны – 7640.
Көрме орналасқан шатырларда сондай-ақ үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың, Қызылорда қаласындағы «Астана» шағын ауданының даму макеттері мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғырту» бағдарламасы, «Тұрғын үй құрылысын дамыту» бағдарламасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы, білім саласындағы жетістіктер, мемлекеттік қызметшілер ротациясына арналған стенділер орналасыпты. Олармен Елбасын облыс әкімі Б.Қуандықов егжей-тегжейлі таныстырып өтті. Онан соң Президент мемлекеттік қызметшілер ротациясы арқылы Астанадан аймаққа, облыстан ауылға қызметке ауысқан мемлекеттік қызметкерлермен сұхбаттасты.
Күн күліп тұр. Сырдың бетін толқытып самал жел соғады. Азан-қазан ойнап жатқан бала. Волейболдың қызығына кірген жігіттер. Отбасы намысын қолдан бермеуге тырысқан отағасы. Катамаранда қамсыз қыдырған халық. Осы бір әдемі көріністің куәсі болған Елбасы Сырдың бойында серуендеп жүрді. Жүзінен жылы жымиыс байқалады. Біз оның астарында үлкен ризашылық жатыр деп ұғындық. Өйткені, елі берекелі де мерекелі ғұмыр кешіп жатыр. Солай болуы заңды. Елбасымыз бұл өңірді «Сыр – алаштың анасы» деп бағалағанын бәріміз білеміз ғой.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.
-----------------------------------------
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.