• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2011

«Сыр – Алаштың анасы»

609 рет
көрсетілді

Елбасымыз осындай баға берген Қызылорда өңірінде өркенді өзгеріс баршылық Елбасы Қызылорда облысына жұмыс сапарының екінші күнін жаңадан ашылған жабық теннис орталығымен танысудан бастады. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов Мемлекет басшысына теннис орталығының аймақ спортын да­мы­тудағы маңыздылығы жайында баяндады. Ал Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Мемлекет басшысына халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Қызылорда қаласындағы ірі теннис орталығын құру туралы, сондай-ақ елімізде теннис спортын дамытудың келешегі мен жай-күйі жайында баяндап берді. Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша теннис спортын дамыту стратегиясы іске асырылуда. Соның нәтижесінде Астана, Павлодар, Ақтөбе, Өс­ке­мен, Қызылорда, Шымкент қа­ла­ларында ірі теннис орталықтары пайдалануға берілді. Теннис ор­талығын аралау барысында Президент жаңа корттың сапасын өзі сынақтан өткізіп, Қызылорданың жас теннисшілеріне теннис бой­ын­ша мастер-класс көрсетті. – Мен де үлкен теннис ой­най­мын. Сөйтіп, саламатты өмір сал­тын ұстанып, спортпен шұғыл­дану қажеттігі жөнінде жастарға өзім үлгі көрсетіп келемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ел болған соң, әңгіме болмай тұрмайды. Еш нәрсеге көңілі тол­майтын кейбіреулер «Қызыл­ор­даға теннис орталығының не керегі бар еді?» деп жүр. Бұл енді қисынсыз әңгіме. Осындайда еске түседі, Чешенстан президенті Рамзан Қадыров ресейлік арна­лар­ға сұхбат берді. Сонда Гроз­ныйдан алып мұз айдыны салы­нып жатқанын айтқан журналист «Осының Чешенстанға не керегі бар еді?» деген сұрақты төте­сі­нен қойған. Қадыров оған былай деп жауап берді: «Чешен бала­ла­ры қолына таяқ алып хоккей ой­наса, мұз айдынында мың бұра­лып билесе, айып па? Олар да басқа елдің балаларындай бақыт­ты ғұмыр кешуге құқылы. Сон­дықтан сұрағыңыз ақылға сый­майды». Теннис – әлемдік ойын. Сол себепті қызылордалық өрен­дердің де қолына ракетка алып, теннис орталығынан табылғанын үлкен қуанышқа балауға тиіспіз. Ал өңірдің жастарға осындай жағдай жасауына қол соққаннан артық нәрсе айтудың өзі айып. Теннис орталығының құры­лы­сы мемлекеттік және жеке әріп­тестік негізінде жүрді. Атап айтқанда, орталықты облыс әкім­дігі мен «Саутс Ойл» компа­ния­сы салды. Орталықтың жобалық құны 410 миллион теңгені құ­ра­ған. Теннис орталығының 2 кор­пусы бар. Сонымен қатар, 2 теннис корты орналасқан. Бұл жерде республикалық жарыстар өт­кізу­ге болады. Оған қоса, Халық­аралық теннис федерациясының жаттығу үдерістерін өткізу стан­дарттарына да сай келеді. Ал ны­сан 80 көрермен орынмен қам­тылған. Жарыстар кезінде оны 200 орынға дейін көбейтуге мүм­кіндік қарастырылған. Мұнан кейін Елбасы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионға барды. Орталық ста­дион­ға Қызылорда облысының ғана емес, тұтас елдің намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген саңлақтар жиналған еді. Олардың арасында Бейжің Олим­пиадасының чемпионы Илья Ильин де бар. Күні кеше ғана қа­зақ күресінен «Қазақстан бары­сы» атанған Ұлан Рысқұл да осы қатарда. Облыс шеңберінде өте­тін «Алтын белбеу» жарысының екі дүркін жеңімпазы Руслан Әбдіразақов пен зілтемірші, әлем чемпионатының қола жүлдегері Рүстем Сыбайды да байқадық. Даңқты бапкер Вилорий Пактың да жүргенін көрдік. Спортшылар Елбасына алдағы уақытта өтетін Олимпия ойындарында жеңіске жетуге барлық күш-жігерін сала­тынын және спорт саласын да­мы­туға мемлекет тарапынан жа­са­лып жатқан қамқорлығына рахметін айтты. Президент Ұлан Рысқұлдың қолын қысып, Астанадағы жа­рыс­қа бара алмағанын айтып, балуанды жеңісімен құттықтады. «Қазақ күресіне бұрын-соңды мұндай қамқорлық жасалған жоқ. Өкініштісі, қазақ күресі оли­м­пия­лық ойындардың түріне енбеген», деді. Сонан соң Ұлан Рысқұлдан күрестің басқа қай түрімен айналысатынын сұрады. Балуан дзюдо күресімен айна­лы­сатынын, алдағы Лондон Оли­м­пиа­дасына дайындалып жатқа­нын айтты. Қызылордада Әсел Серікбай деген шынашақтай қыз бар. Ол –шахматтан әлем чемпионы. Бү­гінде бүкіл ел білетін Жансая Әб­дімәліктің ізбасары десе болады. Елбасы осы Ә.Серікбайға ерекше назар аударды. Басынан сипап, бақыт тіледі. – Осыдан бірнеше жыл бұрын келгенімде мына алаңның шаңы шығып жататын. Бүгін көріп тұрмын, жап-жасыл болып жа­тыр. Міне, іргесінен теннис орта­лығы салыныпты. Құптарлық бас­тама. Болашақта мұз айдыны салынғалы жатыр екен. Мемлекет спортшыларға барлық жағ­дайды жасауда. Бұл да Тәуел­сіздіктің бізге берген тартуы, – деді Елбасы спортшыларға. Мұнан өзге, Елбасын аймақ­тағы бұқаралық спорттың дамуы туралы облыстық туризм, дене­шы­нықтыру және спорт басқар­ма­сының бастығы Садық Мұс­та­фаев, облыс орталығындағы спорт қалашығы туралы Қызыл­орда қаласының әкімі Мархабат Жайымбетов, қалада салынып жатқан мұз айдыны бар спорт ғи­мараты жөнінде облыстық құ­рылыс басқармасының бастығы Батыржан Қаракөзов қысқаша таныстырып шықты. Орталық стадионнан кейін Елбасы темір жол арқылы өтетін жолайрықтың құрылыс жұмы­сы­мен танысуға баратын. Орталық алаңға жеткенімізде Елбасы мінген көлік кілт тоқтады. Қарасақ, алаң толы жас балалар. Президент көліктен түсіп, алаңға бет алды. Алдын ала жоспар бой­ын­ша мұндай іс-шара жоқ-тын. Ес­теріңізде болса, Елбасының ар­найы тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы «Жас ұлан» ұйы­мын құрған. Орталық алаңда жас өрендерді осы ұйымға қабылдау рәсімі өтіп жатыр екен. «Ұла­ны­мыз ұлы елдің» атты Қызылорда облыстық «Жас ұлан» ұйымының салтанатты рәсімін көрген Мемлекет басшысы оны сырт айна­лып өте алмаған ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы сапқа тізілген бала­лар­ды аралап, сабақтарын сұрап, оқу үлгерімдерін біліп, үлкен сахнаға көтерілді. – Биыл Тәуелсіздіктің жиыр­ма жылдығы. Осы жиырма жыл­дың ішінде жүздеген жылдар бойына жасалмаған істер жасал­ды. Мемлекетті құрдық, нығайт­тық. Оның ішінде білім саласына да айрықша көңіл бөліп отырмыз. Осы бір ғана Қызылорда облы­сы­ның өзінде жүздеген мектеп іске қосылды. Ауруханалар салынып жатыр. Ата-аналарыңның жағ­дайы түзелді. Жалақылары ар­тып, зейнетақылары көбейді. Қы­зылорда арқылы үлкен автокөлік дәлізі өтіп жатыр. Темір жолы сымдай тартылып тұр. Газ құбы­ры салыну үстінде. Бір кездері ауыз су тапшылығы болатын. Су 3-ші қабаттан жоғарыға көтеріл­мей­тін. Электр жарығының тап­шылығы болды. Бүгінде мұның бәрі қалыпқа келді. Ауыл, аудан­ның барлығы дамудың даңғыл жолына түсті. Қаланың да көркі кірді. Міне, осының бәрі халық­тың жағдайын жақсартады. Сіз­дер­дің ата-аналарыңыздың жағ­дайы жақсы болса, сендердің де жағдайларың жақсы болмақ. Қа­зақстан балаларын дүние жүзіне жіберіп, «Болашақ» бағдарлама­сы­мен оқытып жатыр. Жақында Қызылордадан Президенттің ин­теллектуалдық мектебі ашылады. Сол арқылы талантты балалар Астанадағы халықаралық «Назарбаев университетіне» түседі. Сөйтіп, ол әлемнің азаматы бо­лады. Ол жердегі білім Батыста берілетін білімнен еш кем емес. Екеуінің деңгейі бірдей. Мұндай жағдай еш уақытта біздің хал­қы­мызда болған жоқ. Мұның бар­лы­ғы Тәуелсіздіктің және ха­лық­тың достығының арқасында болып отыр. Достық сендерден басталады. Сенім де сендерде. Мемлекет сендерге сенеді! Жастар ұйымдасуы керек. Өздерінің патриоттық сезімін шыңдауы қажет. Болашақта мемлекетімізді ары қарай алып жүретін, қазақты, Қазақстанды дүние жүзіне паш ету үшін не керек? Білімді азамат керек. Білімді адамның өмірі жақ­сы болады. Ал сендердің қа­зіргі мақсаттарың – дұрыс және жақсы білім алу. «Жас ұлан» ұйымына өтіп жатқандарыңа өте қуаныштымын. Осы ұйым сендерді білімділікке, жақсылыққа, мейрімділікке, қайрымдылыққа бау­литын болады. Барлығыңа бақыт тілеймін. Жас қыран! Жас Отан! Жас ұлан! Барлықтарың аман болыңдар! – деді Президент. Елбасының сөзінен қанат­тан­ған жастар ерекше сезімде бол­ды. Жанарларынан жасын атып, жігерленіп кеткені жүздерінен байқалып тұрды. Солайша, об­лыс­тық білім басқармасы ұйым­дас­тырған шараға Елбасының өзі қатысты. «Қырықтың бірі Қы­дыр» дейді қазақ. Президенттің жоспардан тыс жастармен жүз­де­суі де бекер емес. Ал Жаңыл Жон­таева бастаған ұстаздар қауы­мы жиындарына Қыдыр келгендей қуанды. Жалынды жастармен жүздес­кен соң Елбасы темір жол арқы­лы өтетін жолайрығының құры­лы­­сы­мен танысты. Жолайы­рық­тың Қызылордаға керек екені ту­ралы көп айтылды. Неге керек дерсіз? Бұл жерде темір жол өткелі бол­ған. Теміржол арқылы күніне 40-тан аса пойыз өтеді. Ол ха­лық­тың қаланың бергі бетіне өтуіне қиындық туғызатын. Асыққан адам­дар темір жолды кесіп өте­мін деп, талай рет апатқа да ұшы­раған. Сондықтан көпірдің қа­жет­тілігі күн санап артып келе жатқан еді. Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Темір жол өткелінің сметалық құны – 1 642,0 миллион теңге. Оның ішінде құрылыс-монтаж жұ­мыстары – 1 356,0 миллион тең­ге көлемінде. Құрылыстың жал­пы ұзындығы – 887 метр. Көпір ар­қылы күніне 12562 автокөлік өт­кізуге мүмкіндік бар. Жолайрық – автокөлік қозғалысын реттеп, қауіпсіздікті күшейтіп және темір жолдарды пайдалануда қалыпты жағдайдың жасалуына ықпал ете­ді. Сонымен қатар, қала мен қалаға іргелес елді мекендер үздіксіз автокөлік байланысымен қамтамасыз етіледі, Қызылорда қаласы арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге қолайлы жағдай туады. Жобаның қала орталығы мен шет аймағы аралығындағы жүк және жолаушылар тасыма­лын қамтамасыз ету жағынан да маңызы өте зор екені айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы Қызыл­ор­да облысындағы жұмыс сапары­ның соңында Сырдария өзенінің бойында салынған мәдени-ойын сауық кешеніне барды. Жаға­жай­дың айналасынан жайлау секілді жаймашуақ жылы леп еседі. Кіреберіске балалардың ойын ала­ңы салынған екен. Бүлдіршіндер асыр салып ойнап жүр. Елбасын көріп, танып, бір-біріне сыбыр­ла­сып жатыр. Ал катамарандар қаз­дың баласындай болып тізіліп жү­зіп жүр. Демалуға келген қала тұрғындары екені бірден білінеді. Бұдан бөлек жағалауда жағажай волейболынан қызу жарыс өтіп жатқанын көрдік. Ала допты аямай соққан қарсыластар бір-бірі­не есе жібермеуге барынша ты­ры­суда. Оның арғы жағында от­басыаралық жарыстардың өтіп жатқанынан құлағдар болдық. Жал­пы, қалалық жағажайдың аума­ғы – 16,0 гектарды құрайды. Күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржы – 2 миллиард теңге. 2009 жылдың 1 маусы­мын­да пайдалануға берілген. Мердігер мекеме – «Мелиоратор» ЖШС. Жағажай тұрғындарға жаз­ғы демалыс орны мен жабық кешенді дәмхана және түрлі ойын-сауықтар арқылы қызмет көр­сетеді. Кешенді аралау барысында Мемлекет басшысы Үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асы­ры­лып жатқан облыстағы инвес­ти­циялық жобалардың көрмесі­мен танысты. Облыста барлығы жалпы құны 267,5 млрд. теңгені құрайтын 138 жоба іске асы­ры­лу­да, осы ретте 9707 жаңа жұмыс ор­нын ашу жоспарланған. 2010 жылы сомасы 33 млрд. теңге болатын 27 жоба іске асырылды, 938 жұмыс орны ашылды. Ин­дус­триялық карта аясындағысы – 11 жоба. 2011 жылы сомасы 56,5 млрд. теңгені құрайтын 33 жоба­ны жүзеге асыру жоспарлануда. Жаңа жұмыс орындарының саны – 1129. Жүзеге асырылып жат­қан жобаның 9-ы Индустриялық карта аясында қолға алынған. Жыл басынан бері 11 жоба (оның 4-еуі Индустриялық карта аясында) жүзеге асырылды. 2013 жылға дейін жалпы құны 178 млрд. тең­гені құрайтын 78 жобаны іске асы­ру жоспарлануда, осы ретте жаңадан ашы­латын жұмыс орны­ның саны – 7640. Көрме орналасқан шатырлар­да сондай-ақ үдемелі индус­трия­лық-иннова­ция­­лық даму бағдар­ламасы ая­сын­да іске асы­ры­лып жатқан ин­вести­циялық жо­­балардың, Қы­зыл­орда қала­сын­­дағы «Астана» шағын ауда­нының даму макеттері мен «Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғын дамыту мен жаң­ғырту» бағ­дарламасы, «Тұрғын үй құ­ры­лысын дамыту» бағдар­ла­масы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы, білім саласын­дағы жетістіктер, мемлекеттік қыз­мет­шілер ротациясына ар­нал­ған стенділер орналасыпты. Олар­мен Елбасын облыс әкімі Б.Қуан­­дықов егжей-тегжейлі та­ныс­ты­рып өтті. Онан соң Президент мемлекеттік қызмет­шілер рота­ци­ясы арқылы Астанадан ай­мақ­қа, облыстан ауылға қыз­метке ауысқан мемлекеттік қыз­мет­кер­лер­мен сұх­баттасты. Күн күліп тұр. Сырдың бетін толқытып самал жел со­ғады. Азан-қазан ойнап жатқан бала. Волейболдың қызығына кірген жігіттер. Отбасы намы­сын қол­дан бермеуге тырысқан отағасы. Катамаранда қамсыз қыдырған халық. Осы бір әдемі көріністің куәсі болған Елбасы Сырдың бой­ында серуендеп жүрді. Жүзі­нен жылы жымиыс байқалады. Біз оның астарында үлкен риза­шы­лық жатыр деп ұғындық. Өйт­кені, елі берекелі де мерекелі ғұмыр кешіп жатыр. Солай болуы заңды. Елба­сымыз бұл өңірді «Сыр – алаш­тың анасы» деп бағалағанын бәріміз білеміз ғой. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы. ----------------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.