• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2011

Күн тәртібі бекітілді

284 рет
көрсетілді

Осы күндері Тәжікстан астанасы әлемдік саясатшы­лар­дың аузынан түспеуде. Өйткені, мұнда маңызы зор саяси шаралар өтуде. Соның ең бастысы – алда болатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 20 жылдығына арналған мерей­той­лық саммит. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Саммит жұмысы бүгін, яғни сенбі күні басталатындықтан, әуелі ұсынылған жоба бойынша оның күн тәртібінде 11 мәселе қаралатынын айта кетейік. Со­ның ішінде ТМД-ға қатысушы мем­лекеттер басшыларының ұй­ым­ның 20 жылдығына арналған мәлімдемелері, 20 жылғы іс-әре­кет­тердің қорытындылары және перспективадағы міндеттері ту­ра­лы сараптамалық баяндамалар тыңдалады, сондай-ақ әуе қор­ға­нысы, 2012-2014 жылдардағы заңсыз миграцияға тосқауыл бой­ынша, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ерлерін ұлық­тау жөніндегі және т.б. көп­теген келісімдерге қол қойыл­мақшы. Кеше ТМД-ға қатысушы Мем­лекеттер басшыларының саммитіне ұсынылатын күн тәртібінің соңғы жобасын талқылаған Сырт­қы істер министрлері кеңесінің отырысы болып өтті. Онда жұ­мыс топтарында келісілген жоба негізінен мақұлданды. Сонымен қатар, кеше Тә­жік­стан астанасында «Душанбе төрт­т­ігі» деген атау алған – Ауған­стан, Пәкстан, Ресей және Тә­жік­стан президенттері Хамид Карзай, Асиф Әли Зардари, Дмитрий Медведев және Эмомали Рахмон кездесіп, сауда-экономикалық ын­тымақтастықты дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал бір күн бұрын Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежад келіп, Рогун су электр стан­сасын қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп, нысанды қалпына келтіру­дің бірінші кезегін ашып берді. Міне, осындай шаралар өтіп жатқан Душанбе қаласы үлкен өрлеу үстінде. Көшелер мұнтаз­дай етіп тазартылған, ел басшы­лары жүретін негізгі көшелерде ТМД-ға мүше мемлекеттердің тулары ілінген, қоғамдық және жекеменшік көліктердің жүріс­те­ріне шектеу қойылған. Аспан әлемі де жарқырып ашылып, осы күндерде Душанбеде жайнаған жарқын күндер тұр. Жалпы, Тәжікстанның эко­но­ми­калық ахуалы қазір біршама дұ­рысталып қалғаны байқалады. Осыдан төрт жыл бұрын келгенімізде мұндағы көшелер әбден то­зып, үйлердің сырты сұрқай­ла­нып, сәнінен айрылып тұрған еді. Адамдардың көңіл-күйінің де барынша пәс екенін аңдағанбыз. Қазіргі жағдай өзгеше секілді. Экономикалық ілгерілеудің ай­тарлықтай екенін өзге емес, үкіметті барынша сынайтын оппозициялық басылымдардың өзі мойындап отырғанын көрдік. Адамдардың жүзіне жылылық еніп, өмірге деген құштарлық оянған. Тәжікстанның Ұлттық мерекесі – 9 қыркүйек. 1991 жылдың осы күні Тәжікстан Респуб­ли­ка­сы өзінің тәуелсіздігін жария­ла­ған. Сол күннің және ТМД сам­митінің қарсаңына мұнда дүние жүзіндегі ең биік флагшток ор­натылып, Тәжікстанның мемлекеттік туы 165 метрден желбіреді. Оның ені – 30, ұзындығы – 60 метр, жалпы аумағы – 1800 шар­шы метр. Ту көтерілген күні Президент Э.Рахмонның қо­лы­на Ги­ннестің рекордтар кіта­бы­ның өкі­лі «Дүние жүзіндегі ең биікке көтерілген ту» делінген арнайы куәлік тапсырды. Ал елдің мемлекеттік елтаңбасы 45 метр биіктіктегі тұғырға орна­тылды. Осы күндері мұнда Орталық Азиядағы ең үлкен кітапха­на­лардың бірі ашылды. Елдің Президенті Эмомали Рахмон да осы күндердің қарсаңында Еуропа қауымдастығы Халықаралық бай­ланыстар жөніндегі кеңесінің шешімімен «ХХІ ғасыр көш­бас­шысы» деген құрметті атақ алды. «Еуроньюс» арнасынан Тәжік­стан туралы промо-ролик көрсе­тілді. Міне, осының бәрі Тәжік­станның елім деп елжіреген аза­маттарының бәрінің көңілін шат етуде. Тәжікстанның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасы да үне­мі өрлеу үстінде келеді. 2011 жылдың алғашқы жартысында Қа­зақстан мен Тәжікстан ара­сындағы тауар айналымы 233,5 млн. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде Тәжікстанның экспорты 27,2 млн., ал импорт 206,3 млн. доллар. Сауда айна­лы­мы жөнінен Қазақстан Тәжікстан үшін ТМД аумағында Ресейден кейінгі екінші орынды алады. Екі елдің арасындағы гуманитарлық саладағы байланыстар да арта түсуде. Қазір Қазақстан қала­ларында жүздеген тәжікстандық азамат түрлі мамандықтарға оқып жүр. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Душанбеден.