Білім күні ел мектептерінде, соның ішінде Астанада «Денсаулық сабағы-2011» өтті. Денсаулық сабағы еліміздің жалпы білім беру орындарында алғашқы рет өткізіліп отыр. Бұл іс-шараға ерекше назар аударылды. Денсаулық сабағын Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырды. Осы күні Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов Астана қаласындағы №60 мектеп-лицейінде болды. Жауапты хатшы оқушыларды білім күнімен құттықтады. Онымен бірге, Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Аяғанов, Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Марат Құрманов жүрді.
«Қазақстан-2030» ұзақ мерзімдік стратегиясының басым бағыттарының бірі өскелең ұрпақтың денсаулығы, білім алуы мен игіліктері болып табылады. Ел халқының денсаулығын нығайту үшін, мектеп қабырғасынан бастап саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру, жат мінез-құлық факторларына қарсы тұра алатындай өмірлік дағдыларды бойына сіңіру өте маңызды.
Мектеп оқушылары арасында саламатты өмір салтын насихаттау үшін Денсаулық сақтау министрлігі бастап, Білім және ғылым министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері бірлесіп, республиканың барлық мектептерінде «Денсаулық сабағы-2011» өткізілгенін, ол балаларға арналған нағыз денсаулық мерекесі болғанын айта кетуіміз керек.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы «Денсаулық сабағы-2011» саламатты өмір салты мәдениетінің түрлі бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда, белсенді дене қимылы, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерге қарсы тұра білу, тұрмыста және жолда жүргенде қауіпсіздікті сақтау, жат мінез-құлықтан арылу, т.б.
«Денсаулығыңды күтуге дағдылан!» – бұл бойынша оқушылардың әрқайсысын күнделікті белсенді болуға, саламатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерге қарсы тұра білуге, саламатты өмір салтының дағдыларын игеруге шақыру көзделген. Осы тақырыпта өткен сабақта мектеп оқушыларының барлығына саламатты өмір салтынан мол ақпарат алуға мүмкіндік жасалды.
Еліміз бойынша өткен денсаулық сабағына атақты спортшылар, жастар үлгі тұтатын тұлғалар, спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын қоғам қайраткерлері, денсаулықты сақтау мен нығайту ісіне үлестерін қосқан, саламатты өмір салтын ұстанушы ғылыми-зерттеу институттарының және медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері, өзге де азаматтар қатысты.
Сүлеймен МӘМЕТ.