• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2011

Бюджет қоржыны неге босаң?

385 рет
көрсетілді

Облыста бюджет тапшылығы 11 миллиард теңгені құрайды Сөз жоқ, бұл облыс бюджетін шайқалтып жібермегенімен, оған айтарлықтай теріс әсерін тигізе алатын әжептәуір сома. Соның салдарынан өңірдегі мек­тептер мен ауруханаларды, мә­де­ниет ошақтарын, автокөлік жол­дарын жөндеуге жұмса­ла­тын бюджет қаражатының етек-жеңі қырқыл­ды деген сөз. Мұндай жағдай бірінші кезекте бюджеттің кіріс бөлігінің жеткіліксіздігінен орын алатыны аян. Ал оны негізінен салықтық тү­сімдер құрайтыны тағы да белгілі. Міне, мәселенің мәнісі осында. Қалыптасқан тәртіп бойын­ша республикада облыстардағы бюджеттің кіріс бөлігін белгілейтін, оның белгілі бір бол­жамын айқындап беретін мемлекеттік орган – Қаржы министрлігі болып табылады. Бұл болжам үш жылдық бюджетке негізделген. Осы тәртіпке сәйкес өт­кен жылы маусым айында Ба­тыс Қазақстан облысы үш жыл­дық бюджетінің жобасы қарал­ған кезде, оның 2011 жылға тиесілі мөлшері 49 миллиард 109 миллион теңге көлемінде белгіленген екен. Осыдан бүгінгі күні облыс бюджеті өзінің кіріс жа­ғының тапшылығынан 11 миллиард 200 миллион теңге зиян шегіп отыр. Мұның басты себебі, ал­дың­ғы 2009 жылмен салыстырғанда өткен жылдың маусым айынан бастап салықтық түсімдердің азай­ып кетуінде. Атап айтқанда, облыс аумағындағы ең үлкен салық төлеуші Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан шетелдік компаниялар болып табылады. Өңірдің жалпы салықтық база­сын­дағы олардың үлесі 60-70 пай­ыз мөлшерінде. Міне, жоға­ры­да көрсетілген уақыт аралы­ғын­да Қарашығанақ кен орны­нан түсетін салық мөлшерінің азаю үрдісі байқалды дейді мұн­дағы бюджеттік жоспарлау мә­се­лелерімен айналысатын мамандар. Өйткені, соңғы жылдары қомақты мөлшерде салық түсі­ріп жүрген фирмалардың бірқа­та­ры Атырау облысына қоныс аударып кетті. Екіншіден, кеніш­те қызмет жасайтын шетелдік жұмысшылардың саны отыз пайызға қысқарды. Бұл жәйттің өзі де салық мөлшерінің төмен­деу үдерісіне әсер етті. Облыстағы бюджеттің кіріс бөлігі кеміп кетуіне салқынын тигізуші тағы бір жәйт тағы да сол кен орнындағы қоршаған ор­таға эмиссия төлемдері мөл­ше­рінің күрт төмендеп кетуінен орын алыпты. Мұндағы меже 4 миллиард теңгенің үстінде болса, содан түскені 1 миллиард 400 миллион теңге ғана. Халық ауыз әдебиеті мен эпосында ай­тыл­ғандай, етектейін еріннен, екі елісі қалыпты деген осы да. Бұған дейін аталған төлемдер жыл сайын сарқырап, төгіліп кел­се, қазір тамшылап тұрған­дай әсер қалдырады. Мысалы, эмиссиялық төлемдер биылғы жылдың бірінші тоқсанында 179 миллион құраса, мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты дегендей, екінші тоқсанда 137 мил­лионға төмендеп кеткен. Яғни, тек осы құлдыраудың өзінен облыс бюджеті биыл үш миллиард теңге жоғалтқан. Эмиссия төлемі дегенімізді кен орнын игеру кезінде жер асты қысымын қалыпты ұстау қажеттілігінен туындайтын тө­лем­дер деп түсінуге болады. Бұл іс-шара Қоршаған ортаны қор­ғау министрлігі, экология коми­тетінің араласуы мен рұқсаты ар­қылы үш жылда бір жүргі­зіледі. Бұған дейін өндірістік қалдықтың янтарьлық түрі, яки тізімі деген разряд, соңғы жылы сарқынды сулар төгінділері деген классификацияға ауысты­рыл­ған. Соңғысының мөлшері алдыңғысынан үш есе төмен екен. Қоршаған ортаға эмиссия төлемінің биылғы жылы күрт кеміп кетуінің басты сыры да осында деп біле беріңіз. Сонымен қазіргі күні облыс бюджетіндегі 11 миллиардтан асып түсетін тапшылықтың ор­ны тола ма? Осы мақаланы газетке әзірлеу барысында, жергілікті атқарушы органдарға журналистік сауал тастау кезінде оған «толуға тиіс» деген жауап алдық. Әрине, өкінішке қарай, түспеген салықтың орны сол түспеген күйінде мызғымай тұр. Одан ендігі жерде ешқандай үміт жоқ екені белгілі. Өңір бюд­жетіндегі жетіспестік ең ал­ды­мен Үкіметтен алынатын субвенция түрінде толықтырылмақ. Бұл үшін республиканың Қаржы министрлігі 7 миллиард 600 мил­лион теңге мөлшерінде об­лыс­қа қаржылай көмек беру жө­нінде жоба жасаған екен. Ал­дағы қыркүйек айында респуб­ли­калық бюджетке нақтылаулар қаралған кезде, бұл мәселе оңынан шешіліп жатса, ол ба­тыс­қазақстандықтар үшін үлкен олжа болмақ. Қаржы министрлігі өңірлер­ге берілетін жоғарыдағыдай қаржылай көмек түрін белгілеген кезде, әрине, әр өңірдегі са­лықтық базаның мүмкіндігін ескермей тұра алмайды. Осындай есептерге сай министрлік тара­пы­нан Батыс Қазақстан облысы бойынша алдағы 2012 жылға кіріс болжамы 52 миллиард 207 миллион теңге және 2013 жылға 57 миллиард 192 миллион теңге көлемінде белгіленген екен. Деректерден көріп отырғаны­мыз­дай, оның мөлшері жыл сайын өсіп келеді. Оны орындауға ба­тыс­қазақстандық салық төлеу­ші­лердің қауқары мен эконо­ми­калық әлеуеті жете ме? Жоқ, әлде жете алмай, мүмкіндіктері тарылған үстіне тарыла түсіп, осылайша республика облыс­та­ры арасында шаң қауып қала бере ме? Әрине, аталған болжам мен меже алынбай қалған жағдай­дың өзінде де, Үкімет облыс бюджетінің тапшылығына қа­тыс­ты мәселеде оң шара белгілейтіні мәлім. Алайда дәл осындай жағдай қайталана берсе, нәрлендіруші өңір, иннова­ция­лық аймақ атала бастаған елге үлкен сын болмақ. Нәрлен­ді­руші, яки донор өңір ұғымы ор­талықтан субвенция алмайтын, керісінше, оған қаржы құятын жағдайда ғана өз атауына сай болмақ. Қалғанының бәрі бос әңгіме. Қаржы кұймақ түгілі, керісінше, Үкіметтің қаржылай кө­мегіне зәру болып отырған Ба­тыс Қазақстан облысын қа­лайша нәрлендіруші өңір деп атай аламыз? Ақжайық бойында алдағы уақытта салық төлемдерін түсі­ру қандай жолдармен жүзеге асы­рылмақ? Оның басты жолы – Қарашығанақ кенішінен түсе­тін салық төлемдеріне деген тәу­елділік деңгейін төмендету екені белгілі. Осындай үлкен іс­тің арнасы өңірде қолға алынған индустриялық-инновациялық бағдарламалар мен жобалардың тиісті нәтиже беруінен бастау алып жатса, қане? Жаңадан ашыл­ған және тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылатын өн­діріс орындары өңірде салықтық база­ны ұлғайту мен бюджеттің кіріс бөлігін көбейтудің басты көзіне айнала алады деп сенгіміз келеді. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.