2020 жылға қарай Қазақстандағы барлық кітапхана қоры сандық жүйеге өтеді. Аталған сандық жүйе кітапхана қызметінің дамуына оң ықпал етіп, оның қорын құру, сақтау және одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.
«Бұл Қазақстандағы барлық кітапханалардың бірыңғай электронды каталогын құруға көмектеседі. Мұның ізін ала Қазақстан «ТМД елдерінің электронды кітапханасы» жобасына қосылады. Бұл жағдайда ресейлік қорларда сақтаулы тұрған ерекше кітаптар біздің азаматтар үшін де қолжетімді болмақ. Сонымен бір уақытта республикада алғаш рет сирек әрі ерекше кітаптар мен қолжазбалардың орталығы ашылады», – деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов.
Ал оқушылар үшін әдебиет пәні бойынша үздік заманауи авторлардың шығармалары мектеп бағдарламасына енгізіледі. Еліміздің жас тұрғындарына арналған әдеби шығармаларды тегін жарнамалауға мүмкіндік беру жағы да қарастырылған. Алдағы уақытта қазақстандықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітап оқуды қолдау жөнінде ведомствоаралық кеңес құрылады.