• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Павлодар эстафетаны өткізуге әзір

226 рет
көрсетілді

Павлодар 2017 жылы Алматыда өтетін Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың аймақтық алау эстафетасын өткізуге дайын. Бүгінде бағыттар белгіленіп, алауды қала көшелерімен алып жүретін адамдар анықталды. – Универсиада – ел мерейін өсіретін ірі жарыс. Сондықтан оны барынша насихаттау керек. Алау эстафетасына қатысатыныма қуаныштымын. Бұл менің өмірімдегі жарқын сәттердің бірі, – дейді Универсиаданың аймақтық алау эстафетасына қатысатын спорт ардагері, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Амангелді Аймағамбетов. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқар­масының бас маманы Айбек Ақылжановтың айтуынша, аймақтық эстафета алауы 26 қаңтарда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жағылады. Алау Ломов-Сәтбаев-Кривенко-Ленин көшелері арқылы Естай атындағы мәдениет сарайына жеткізіледі. Мұнда кішігірім техникалық үзіліс орын алады. Одан кейін алау ұстаушылар «Сарыарқа» қонақ үйінің жанымен Торайғыров көшесіне түседі. Сөйтіп, Торайғыров-Кутузов-Кривенко көшелері арқылы «Астана» мұз сарайына жеткізіледі. Мұнда Универсиаданың құрметіне жергілікті және Қазақстан өнер жұлдыз­дары­ның қатысуымен гала-концерт өтпек. Шара аяқталған соң, алау ұшақ арқылы жаһандық жарыс өтетін Алматыға жөнелтіледі. – Универсиаданың алау эстафетасына Павлодар облысынан 60 адам қатысады. Олардың қатарында студенттер, спортшылар, спорт ардагерлері бар. Эстафетаның жалпы ұзақтығы 10-12 шақырымды құрайды. Әрбір қатысушы 200 метрден жүгіріп өтеді, – дейді А.Ақылжанов. Универсиаданың ресми сайты хабарлағандай, алау эстафетасы еліміздің 16 қаласында өткізіледі. Ең ұзақ эстафета Алматы қаласында тіркелмек. Мұндағы эстафетаның ұзақтығы 20 шақырымды құрайды. Жалпы, Универсиада алауы 22 500 шақы­рымдық қашықтықты бағындырады. Фархат ӘМІРЕНОВ ПАВЛОДАР