Ауылдағы ағайын өздерін мазалап жүрген мәселелерін әкімге үш жолмен жеткізуге мүмкіндігі бар. Ең алдымен, ауыл, аудан, облыс басшылары қатысқан үлкен жиын кезінде ортаға салады. Сосын әкім тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдаған кезде айтады. Ең соңғы мүмкіндік әкімге арыз жазу, әкімдіктің сайтына, блогына сұрақтар қою болса керек. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген, халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, жұрттың алғысын, батасын алған әкімді де ел жақтап, басына көтеретіні анық. Негізі әкімнің басты міндеті сол халықтың жағдайын жасап, мәселесін шешу емес пе?
– Облыс әкімі аппаратының бақылауында тұрған мәселенің бірі – әкімдердің халық алдында берген есебінде көтерілген мәселелердің орындалуы, – дейді Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Рахматілда Рахманбердиев. – 2015 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша облыста 379 есеп беру кездесулері өтті. Жалпы 1107 ұсыныс енгізілді, оның ішінен 207 мәселе бақылауға алынып, бүгінде 74-і өз шешімін тапса, 133-і орындалу үстінде. Тек 3 мәселе шешілмеді. Атап айтар болсақ, Жамбыл ауданының орталық емханасына уролог дәрігері қарастырылмады. Мойынқұм ауданы Құмөзек ауылына қосымша үй телефондарын орнату мәселесі шешілмеді. Шу ауданы Бірлік ауылының Панфилов көшесіне асфальт төсеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалмады. Әрине, бар-жоғы үш-ақ мәселе шешілмей қалды. Бірақ, аудан басшылары тиісті бақылау жасағанда мұның бәрі шешілуі мүмкін мәселелер еді.
Тағы бір айтары, Жамбыл облысындағы ауыл әкімдерінің аппараттарын нығайтуға барлығы 310 штат бірлігі берілген екен. Дегенмен де бүгінде жергілікті 127 штат бірлігі бос тұр. Әсіресе, Қордай, Жуалы, Шу, Мойынқұм аудандары бұл мәселеге жете мән бермей отыр.
Енді әкімдердің тұрғындарды қабылдау мәселесі туралы айтсақ. Негізі жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы заңға сәйкес мемлекеттік орган басшысы мен оның орынбасарына кемінде айына бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау міндеттелген. Әйтсе де, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасарлары жыл басынан бері бірде-бір азаматты қабылдамапты. Сондай-ақ, Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе, Мойынқұм ауданындағы Қызылтал, Кеңес, Биназар, Бірлік, Талас ауданының Ойық, Берікқара ауыл әкімдіктерінде бұл бойынша тиісінше ресімделіп, тіркелген бірде-бір құжат болмай шыққан. Ал, Шу ауданының әкімдігі Премьер-министрдің өкімдерінен туындайтын 2 тиісті қаулыны қабылдамаған. Қордай ауданының әкімдігі тарапынан «Құқықтық актілер туралы» заңының талаптарын бұза отырып, құзыретінен тыс қаулы қабылдау фактісі анықталған.
Мұның барлығы әрине, аудандарда бақылау мен ішкі орындаушылық тәртіптің төмен екендігін көрсетеді. Бұған ең алдымен, мемлекеттік органның бірінші басшысы жауапты екенін ұмытпау керек.
– Сортөбе – халық тығыз орналасқан ауыл, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдағаны туралы бірде-бір құжат тіркелмепті... Бұл қалай болды сонда? – деп Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев алқа мәжілісінде Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаевқа сауал тастады.
Бірақ аудан әкімінің жауабы күлкілі шықты.
– Сортөбе ауылының әкімі жұмыстан босап кеткен болатын. Сол кетерінде тіркеу журналдарын алып кетіпті. Келген тексерушіге ештеңе көрсете алмадық... – деген аудан әкімінің уәжіне зал толы халық ду күлді.
Қарапайым халық пен әкімді байланыстыратын, арасын жақындастыратын мүмкіндіктің бірі әкімдіктің сайтынан ақпарат алу, әкімнің блогына сұрақтар қою екенін жоғарыда айттық. Оның үстіне, бүгінде жоғары ақпараттық технологияларды пайдалануға басымдық берілуде.
Бұл орайда мемлекеттік органдар арасында электронды құжат алмасудың бірыңғай жүйесі толыққанды жұмыс істеп тұр. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның талаптарына сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар белгіленген интернет ресурстары арқылы тұрғындарға ақпараттың толық және сапалы түрде жеткізілуін, олардың сұрақтары мен көтерген мәселелеріне жауап берілуін қамтамасыз етулері тиіс. Дегенмен, бұл мәселенің де орындалуы жоғары деңгейде деп айтуға келмейді.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Рахматілда Рахманбердиевтің айтуына қарағанда, Қордай, Мойынқұм, Жуалы, Талас, Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің блогтары белсенді жүргізілмейтіндігі анықталыпты. Әкімдердің ресми сайттарының жағдайы да көңіл көншітерлік емес. Себебі, сайтты құруға қаржы бөлінгенімен, оның әрі қарай жұмыс істеуіне және дамуына, жаңартуға қаржы жоқ. Бөлінбейді. Осының салдарынан сайттарға өзгерістер енгізілмейді, ондағы сілтемелер жұмыс істемейді.
Мәселен, Қордай ауданы әкімінің блогына тұрғындардан өткен жылдың 17 ақпанында соңғы мәрте сұрақ түскен екен. Одан кейін жаңартылмаған.
– 1,5 жылдан бері блогқа бірде-бір сұрақ түспепті. Бұл қалай болды сонда?.. – деп, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қордай ауданының әкіміне тағы сұрақ қойды.
Аудан әкімі Қайрат Досаевтың жауабы тіптен күлкілі шықты.
– Аудандық әкімдікте жұмыс істейтін бір келіншек жүктілігіне байланысты декреттік демалысқа шыққан ғой. Сол электронды кілтті алып кетіпті. Сол кілтті қайтадан жасатамыз деп жүріп қалдық...
Қордай ауданы әкімінің осы уәжіне зал ғана емес, төрде отырған облыс басшысының өзі де күлуге мәжбүр болды.
– Бұл не болып кетті сонда? Әрине, бала саны көбейіп, демографиямыздың артқаны жақсы... Бірақ сендер әр кеткен адамның артынан бірдеңе жоғалт-
пай, жұмыстарыңа мұқият болсаңдаршы... Бір жарым жылдан бері бір кілтті жасата алмадық дегендеріңе кім сенеді? – деген облыс әкімінің сөзін Қордай ауданының басшылығы әзілге баламай, дұрыс түсініп, содан оң қорытынды шығара білсе, қанеки... Аудан әкімі Қайрат Досаевтың бұл жауабы
Қордай әкімдігінде тәртіптің, бақылаудың, жауапкершіліктің жоқ екенін айғақтап тұрғандай. Енді ертеңгі күні Қордай аудандық әкімдігінің күзетшісі жұмысынан босап, есіктің кілтін алып кетпесін деп тілейік... Әйтпесе «Есік жабық» деп, аудан басшылары ұзақ уақыт бойы ғимаратқа кірмей, сыртынан қайтып жүре бермесіне кім кепіл?
Айтпақшы, тапсырма сапалы және уақтылы орындалуымен де құнды емес пе? Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министрдің Кеңсесінен келіп түскен құжаттардың 940-ы бақылауға алыныпты. Сондай-ақ, бақылауда облыс әкімдігінің 8 қаулысы тұр. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістер мен кеңестерде барлығы 1022 тапсырма берілген. Әрине, тапсырмалар белгіленген мерзімдерде орындалған.
Жалпы, кадр саясаты мемлекеттік қызметте, оның ішкі жұмысы мен тәртібінде шешуші рөл атқаратындығы белгілі. Алайда, облыс әкімдігінің басқармалары мен аудан әкімдіктері қандай да бір бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген лауазым иелеріне тәртіптік шара қолданғаннан кейін мерзіміне жеткізбей, тәртіптік шараны алып тастауды әдетке айналдырып алыпты. Жыл басынан бері әкімдер тарапынан барлығы 90 мемлекеттік қызметкер түрлі тәртіптік жазаға тартылса, оның 50-нің тәртіптік жазалары мерзімінен бұрын алынған.
Әрине, облыста мемлекеттік қызметшілердің біліктіліктерін арттырып, қайта даярлау, мемлекеттік органдар арасында қызметкерлерді тағылымдамадан өткізіп, тәжірибе алмасу, жалпыға бірдей құқықтық оқыту жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар нәтижесіз де емес. Мәселен, жыл сайынғы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалауда Жамбыл облысы әкімінің аппараты екінші жыл қатарынан облыстар арасында жоғары бағаланып келеді. 2014 жылы ең жоғары бағаланған орындаушылық тәртіп пен құқықтық қамтамасыз ету бағыттары бойынша, 2015 жылы персоналды басқару және стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және оларды іске асыру бағыттары бойынша жоғары тиімділік нәтижесін көрсетті.
Әйтсе де, тұрғындарды қабылдап, мәселесіне көңіл аудару, сайтты жаңартып, жұрттың сауалына жауап қайтару, ақпарат беріп отыру аса қиын шаруа емес қой. Әлде аудан әкімдері халықпен араласып, қарым-қатынас жасағысы келмей ме? Халық болмаса әкім де болмайды емес пе? Батыр Баукеңнің «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет» деген нақылын әкімдер жадына түйіп, нақты ісімен дәлелдеп жүрсе ғой, шіркін...
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы